Қазақтың тойын қара нәсілділер жаулап бара жатыр

Қазақтың тойын қара нәсілділер жаулап бара жатыр

Есті ән азайды қазір. Тыңдарман делебені қоздыратын есірік әуеннің, сазы мен сөзі үйлеспейтін желік әннің қаптап кеткеніне наразы.

Ән қоржынында мағыналы, салмақты әндер азайған әншілердің бір ғана уәжі бар: ондай әндер тойда өтімсіз. Қалталарының қалыңдығы тойдағы табысымен өлшенетін болғандықтан, олар тойға арналған жеңіл-желпі әуендерді көбірек жаздыруға мәжбүр екендіктерін айтып ақталады. Репертуарында ойландыратын һәм күрсінтетін әндері көп әншіні тойға шақырмайды-мыс. Тойға бармайды екенсің, өзің табыстан, бала-шағаң несібеден қағылды дей бер. Жиған-тергенін тойда шашатын қазақтың даладай дарқан пейілі енді шетелдіктерді де еліте бастады.Өзгенің қаңсығын таңсық көретін әдет бұрыннан бар қанымызда. Қит етсе, шетелдік өнерпаздарды шақыруға әуеспіз. Мемлекеттік мерекелер мен республикалық деңгейде атап өтілетін айтулы шаралардың оларсыз сәні кірмейтіндей. Қонақ боп келіп, айналасы екі-үш сағаттың ішінде буда-буда ақшаны қалтаға басып қайтатын шетелдік әріптестерінің қаламақысына бұрын қырын қарайтын қазақ әншілері қазір көндігіп кеткен сияқты. Енді шетелдік әншілер өз өнерпаздарымыздың тойдан табатын несібелеріне ортақтасып жүр. 
Тойшыл қауымды «Аспанға қараймын» әнімен билетіп жүрген Абай Бегей деген әншіні білмейтін қазақ кемде-кем. Жуырда А.Бегей өзінің хит әнін кубалықтардан тұратын аты да, заты да беймәлім «Sin Frontera» деген топпен бірге айтып, бейнебаян түсірген болатын. Онысы «Youtube» видеожелісінде көрермен саны бо­йынша көш бастап тұр. Шетелдік әншілердің қазақ әніне ықылас таныта бастағаны құптарлық. Әніміз арқылы еліміздің аты әлемнің түкпір-түкпіріне насихатталып жатса, неге қуанбасқа? Алайда жат елдік «жұлдыздардың» Қазақстанға жаппай келісі күмән тудыра бастады. Оларды қазақтың әні мен күйіне ғашық еткен қандай күш? Отандық әншілер шоу жасаймын деп өзінің емес, өзгенің тасын өрге домалатып жүрген жоқ па? 

Жарнамасы жарап тұр
«Sin Frontera-ның» Қазақстанға келгеніне бес жылдың жүзі болған. Родин Фернандес, Омар Аранго және Ефраин Фуентес есімді үш кубалықтың басын қосқан топ «comode.kz» сайтына берген сұхбатында қазақтың қонақжайлығына таңдай қағыпты. Қазақ қыздарының сұлулығына, ұлттық асының тіл үйірер дәміне тамсануды да ұмытпаған. «Біз Қазақстанға келгенімізге, елдің мәдениеті, тілі, музыкасы және поэзиясымен танысқанымызға қуаныштымыз. Сондықтан қазір біз осындағы әрбір тұрғынның көңілінен шығатын ән жазу жолында еңбектеніп жатырмыз», – депті кубалық жайдарман жігіттер. Тойға, ұжымдық кештерге шақыратын да, бүтінін бөліп, жартысын жарып беретін де қазақтар болса, қазақтың көңілін таппай қайтсін? Қазақша екі-үш сөз жаттап алғаны үшін ақпарат құралдары бұл үшеуінің табандарын жерге тигізбей мақтайды кеп. Тіпті, «Еуразия» арнасы өз эфирінің алтын уақытын қиып берді. Телеарнадан әр сенбі сайын берілетін «Кешкі кездесу» бағдарламасының «Қазақ болғым келеді» деген тақырыппен өткен 4 қазандағы саны шеттен келгендерді дәріптеуге арналды. «Sin Frontera» мұндай тегін жарнаманы армандамаған да шығар.
Кубалық топтың жарнамасын отан­дық сайттар да белсенді жүргізіп отыр. Кеш­терді ұйымдастырумен айналысатын «Астана Концерт» ұлттық компаниясы өзінің ғаламтордағы парақшасына: «Куба аралдарынан көшпенділер еліне құрлық асып келген экзотикалық топ қазақ көрермендерін көңілді әрі ырғақты әндерімен қуантудан жалықпайды», – деп жазыпты. Трионың елордада үлкен сұранысқа ие екендіктерін айтып, олар­дың тойларда, ұжымдық кештерде түскен суреттерін жариялаған. Бүгінде «Sin Frontera» Астанадағы «Mytown» мейрамханасының, Алматыдағы «The Best club», «Петролеум» түнгі клубтарының тұрақты қонағы екен. 

Той нарығында кімнің бәсі басым? 
«Sin Frontera-ның» Куба аралдарынан келген тағы бір үзеңгілесі бар. «Dj Umberto Project» деген топқа біріккен үшеудің қазақтың той-бизнесінде айы оңынан туып тұр. Трионың өнердегі жолы Алматыда, Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан «Copacabana» клубы ашылған уақыттан басталған. Яғни, Қазақстаннан нан жеп жүргендеріне 4 жыл болды. Алматыда ғана емес, шақыру бойынша еліміздің барлық қалаларында өнер көрсетеді екен. Әр түрлі шоу бағдарламалары арқылы ұжымдық кештер, туған күндер мен той-томалақтардың көрігін қыздырып жүр. 
Қазақстанға келіп, жеңіл жолмен табыс тауып жүргендердің қарасы біз ойлағаннан әлдеқайда көп екен. «сomodе.kz» сайты олардың рейтингін анықтап, үздіктерін жариялапты. Сайт таратқан мәліметке сенсек, Қазақстанда тұрақтап қалған келімсек жұлдыздар көшін Мозес Зибо бастап тұр. Бір жарым жыл бұрын Ганадан келген әнші қазір өзін Мұсабек деп таныстырады екен. Қазақтарды таңқалдырып, той нарығындағы бәсекелестерін басып озу үшін домбыра тартуды үйреніпті. «Қазақтың музыкалық аспаптары ғажап екен. Олардың әсем үнін әлемнің түкпір-түкпіріне тарату керек. Алғаш келгенде екі ішекті аспапты көріп таңқалғам. Осындай қарапайым аспаптың сан алуан күй тудыратыны расында да таңқаларлық», – депті Зибо. Даңғазаға әуес қазақтың қалтасын қаға түсу үшін «дарынын» шыңдап жүрген сыңайлы. «Еліңе қайтқың келе ме деп сұрайтындар көп. Әзірге ондай ойым жоқ. Қазақ тілін үйренуге тырысып жүрмін, әзірге қолымнан келер емес. Продюсерім Федор қазақша ән ұсынған болатын. Жарты сағат отырып, бір сөзді әрең жаттадым. Тілін түсінбесем де, кейде мен өзімді көп қазақтың бірі ретінде сезінемін», – дейді жаңадан жаратылған Мұсабек бауырымыз. Продюсері қазақты алдарқатып, өз «өнімін» өткізудің түрлі айла-шарғысын қарастырып жатқан сияқты. 
Қазақтың қара домалағына «тосын сый»
Жер ауып келген әншілер тоймен, қызылды-жасылды кештермен шектеліп қалмақ емес. Оны азырқанғандары телеэкранды жаулауға көшті. Ақиқатын айтқанда, эфир төрін ұсынатын өзіміз. Басқа емес, мемлекеттік деген мәртебесі бар «Хабар» телеарнасының тосын әрекетін түсіне алмағандар көп. Сенбінің кешінде эфирге шығатын «Бенефис-шоу» бағдарламасының қазақ эстрадасының әншісі Саят Медеуовке арналған саны көрерменге ұнай қоймаған сыңайлы. Бұлай деуімізге «Dalanews.kz» сайтында жарық көрген Нұрлан Жұмаханның мақаласы себеп болды. «Кеше «Бенефис-шоу» бағдарламасында Саят Медеуовтің әнін айтқан африкалық желөкпелерді Қыдырәлі мен Қарақат жер-көкке сыйғызбай мақтады. Оның алдында тағы бір телеарна диджей Умберто бастаған кубалық жігіттер үшін ойланбастан «алтын уақыттарын» құрбандыққа шалып жіберді. Бұдан кейін өзге телеарналар қарап қалсын ба? Олар да тұтас бір жобалар дайындап жатқан шығар?.. Не болып барамыз? Осы той қазақтың түбіне жетпесе болғаны», – деп жазыпты тілші. Мақала авторы Саяттың орындауындағы жұрт сүйіп тыңдайтын «Сен көріктісің» әнін африкалықтардың аузына салып бергені үшін бағдарламаның шығармашылық тобына наразы. «Бенефис-шоудың» жүргізушілері Қыдырәлі мен Қарақаттың айтуына қарағанда, екі барабаншы, бір солистен құралған «Килиманджаро» тобы Африканың Танзания Республикасынан келген. Үшеуі тілдерін бұралаңдатып, әдемі әннің берекесін кетірді. Мұнымен қоймай, жұлдызды жүргізушілер Саят әріптестерін қалжыңмен қағытқысы кеп: «Бірігіп ән шырқамайсыздар ма, түстеріңіз келіп тұр», – деді. Алайда С.Медеуов жүргізушілерге де, қазақ әншілерінің ырысына ортақтасып жүрген зәңгілерге де реніш білдірген жоқ. Қолына микрофон алып, әнге қосылған сыңай танытты. Әлеуметтік желілерде осы оқиға қызу талқыланды. Кейбіреу Саят Медеуовтің әрекетсіздігін сынға алса, тағы бірі шу көтеретін жағдай емес деп, сүйікті әншілерін ақтап алды. Шетелдіктердің қазақ әндеріне ықыласы артқанына қуанғандар да табылды. Сыртынан тон пішкеннен гөрі, мәселенің анық-қанығын Саят Медеуовтің өзінен сұрағанды жөн көрдік. Әнші студиядағы шоудың аудиторияға кері әсер еткенін білмейді екен. Бірақ ұйымдастырушылардың «тосын сыйы» өзіне де ұнамағанын жасырған жоқ: 
– «Бенефис-шоудың» әр са­ны­ халықтың алдында жүрген өнер адамдарына арналады. Бағдар­ла­маның кезекті бір саны менің шығар­машылығыма арналды. Редакторлар мені­мен алдын-ала ақылдасып, ток-шоудың біраз детальдарын ескертті. Бірақ әлгі африкалықтардың студияға келетінін білген жоқпын. Сценаристердің ойлап тапқаны ғой, мені таңғалдырғысы келген шығар әрі бағдарламаны қызықты етеміз деп ойлаған болуы керек. Құрлық асып келген топ бұл әнді орындайды деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Қабылдай алмадым. Бірақ бағдарламаның тұтас бір саны өзіңе арналып отырса, оны дайындаған ұжымның қажырлы еңбегін бір мезетте жоққа шығаруға бола ма? Оның үстіне қаншама көрерменнің назары сенде. Сыр білдірмей отыра бердім. Бағдарламаға шақырып, микрофон ұсынған – қазақтар, тойға шақырып, төріне шығаратын да – қазақтар. Кімге өкпелейсің? Әлгі үшеуге не деп шүйлігесің? Қазақтың тойына баса көктеп кіріп жатқан жоқ, асын да тартып ішпейді. Біреу жарылқап жатса, неге қашсын? Бір жағынан, олардың қазақ әндерін айтқанына қырын қараудың керегі жоқ шығар. Қазақ әншілері де айтып жүр ғой өзгенің әнін. Ұрлап-жырлап айтатындары қаншама. Ал шетелдіктер көз алдымызда, өз рұқсатымызбен айтады. Маған сол африкалық топпен дуэт боп ән жаздыр деушілер де болды. Мұндай жолмен өзімді жарнамаламай-ақ қойдым. Бірақ «қара пиар» деп көрінгенге килігіп, даудың ортасында жүрген, болмаса ішімдікке сылқия тойып алып, көптің назарын жаулаған әріптестерімнің әрекетімен салыстырғанда, бұл әлдеқайда жақсы тәсіл емес пе? – дейді әнші. 
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!»
Бізді қызықтырған тағы бір нәрсе – шетелдіктердің тойдан алатын қаламақысы. Той-томалақтағы табысын білу үшін «Килиманджаро» тобына хабарластық. Ғаламторда жарнамасы дөңгелеп тұрған топтың телефон нөмірін табу аса қиындық тудырмады. «Клиент» ретінде қоңырау шалдық. Әдетте танымал қазақ әншілері тапсырыс берушілермен келіссөз жүргізу үшін администраторлардың қызметіне жүгінеді ғой. Той-бизнесте жұлдызы жанып тұрған топ болғандықтан «Килиманджароның» да халықпен байланысқа шығатын өкілі бар шығар деп ойлағанбыз. Жігіттер әлі «жұлдыз» ауруына шалдыға қоймапты. Тұтқаны топтың Сэрж есімді мүшесі көтерді. Әңгімеміз орысша өрбіді. Топты Алматыда өтетін туған күніме шақырғым келетінін айттым. «Алматыда дейсіз бе? Туған күніңіз қашан?», – деп сұрады. Табан астында «туған күнімнің» датасы аузыма түсе қойсашы, не айтатынымды алдын-ала дайындап та алмаппын. 
– 24-і, – дедім түйеден түскендей. 
– Қай айдың?
–Қарашаның. Сіздердің кестелеріңізде орын болмай қала ма деп, әдейі ертерек хабарласып тұрмын. 
– Ия, дұрыс істегенсіз. Қазір қарап жіберейінші кестені, – деді де ұзақ кідірді. – Дүйсенбі екен ғой. Ол күні боспыз. 
– Қуаныштымын. Демек, келістік. Айтпақшы, қаламақыларыңыз қанша?
– 3 мың.
– Доллар ма? – деппін біліп тұрсам да.
– Иә.
– Сайтта 2,5 мың доллар деп тұр емес пе?
– Ол ескі баға, сайт жаңартылмаған шығар. Сосын Астанадан Алматыға дейінгі жол шығынын да төлейсіз. 
– Түсінікті, Сэрж. Мен ата-анаммен ақылдасайын, ертең қайта хабарласамын. 
Әңгімеміздің ұзын-ырғасы осы. Топ қаламақысының күрт көтерілуіне «Хабардың» төріне шығып, «Сен көрікті едіңді» айтуы да белгілі бір деңгейде әсер еткен шығар. Бұл жорамалымыз ғана. Бір күні африкалықтар «жұмырт­қа­дан ақ келін, сауысқаннан сақ келін» деп, жаңа түскен келініңіздің бетін ашса, итальяндықтар тойыңыздың төріне шығып, «Тойбастарды» шырқаса таңғалмайтын шығармыз. Итальяндықтар демекші... 
Керуеннің сенері – Сон
3 жыл бұрын қазақ қызының соңынан Қазақстанға келіп, тұрақтап қалған итальяндық әнші әрі саяхатшы Сон Паскаль да көпшілікке жақсы таныс. Италияның Пестум қаласында дүниеге келген музыкант қазір Астанада тұрады. Оның қазақ жұртшылығына танылуына 2012 жылы ақпанда жазылған «Englishman in Shymkent» әні себепкер болды. Қазақстандық актер Әнуар Нұрпейісов екеуі түсірген әуесқой бейнебаян «YouTube» желісінде көрермен саны бойынша үздік ондықтан түспей тұрды. Одан кейін де шетелдік әнші қазақ көрермендерінің көңілінен шығады-ау деген бірнеше ән жазды. Сонның қазақша ән айтқанына мәз болып, қазақ ду қол соқты, көгіне көтере мақтады. Не айтып жатқанына мән берген ешкім жоқ. Елімізде есімін қалыптастырып алған соң, өзіне деген сенімі артты ма, Паскаль Абайдың әніне ауыз салды. Қазақ әнін шетелге насихаттау дегенді желеу қылып, «Көзімнің қарасынан» бір-ақ шықты. Қазақша екі-үш сөздің басын әрең құрайтын итальяндық бұл әннің мағынасын қайдан ұқсын, тереңдігін қалай түсінсін? Сонның шашбауын көтеріп жүргендер оған әннің тарихын, қазақ үшін мән-маңызын түсіндіргеніне күмәніміз бар, «махаббат туралы» деп шорт кескен болуы керек. Паскальдың орындауындағы «Көзімнің қарасы» баянсыз махаббатты баяндаған көп әннің бірі болды да қойды. Қоңыр әуез, сырлы иірімнің жұрнағы да қалмаған. Қазақтың марғасқа әншілерінің өзі жүрексіне орындайтын бұл әнді итальяндыққа айтқызған өзіміздің қаракөздер екені анық. 
Паскаль қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге де «білек сыбана» кірісті. Әншінің «You should speak Kazaksha» («Сен қазақша сөйлеуге тиіссің») атты әні шыға салысымен бұқаралық ақпарат құралдары жаппай «Италиялық әнші қазақтарды қазақша үйренуге шақырады» деп ақпарат таратты. Ағылшын, орыс және қазақ тілдері араласқан шұбар-ала әннің сөзін ұғу мүмкін емес. «Ән ана тілін менсінбейтіндердің намысын ояту үшін жазылды», – депті әнші «КТК» арнасына берген сұхбатында. Сон Паскальдың қазақ жастары арасында кең танылған тағы бір әні «Жаным сол» деп аталады. Әннің сөзін бірнеше қайтара тыңдап, әрең түсіндік, түртіп алдық: 
Сөйле тек маған, үнде,
Шөлде, сен мені ізде.
Неге жүрсек те бірге
Неге басылмай мүлде
Сағынышым сөнбей саған,
Қызғаныштан күйіп жанған,
Сабыр сақтау қиын маған.
Құлағыма сыбырлашы,
Бар әлемге айғайлашы,
Сезіміңді жасырмашы.
Қай «ақынға» жаздырғанын кім білсін? Мұның артында да өз бауырларымыз тұрғандықтан, айдаладағы итальяндыққа реніш білдіру қисынсыз. Әннің мәтіні туралы сөз қозғау үшін өзгеден бұрын өзіміздікін түзеп алу керек шығар. Шумағы мен қайырмасы, буыны мен бунағы қайсы деп өз өлеңіміздің асығын түгендей алмай жүргенде, өзгеге сын айту ағаттық болар. Сондықтан, әріге бармай-ақ қояйық. Айтпағымыз басқа еді. 
Осыдан тұп-тура бір ай бұрын Маңғыстаудан басталып, еліміздің барлық аймағын аралайтын «Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» автоэкспедициясы жолға шыққан болатын. Республиканың әр қаласына аялдап, мәдени-рухани орталықтарға, тарихи орындар мен қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасап, патриоттық идеяларды насихаттауды мақсат еткен топтың бастамасын көп болып қолдадық. Алайда экспедиция құрамында еліміздің барлық өнер адамдары атынан италия­лық әнші Сон Паскаль жүр дегенді есті­генде, көңіліміз су сепкендей ба­сылды. Шетелдік әнші керуен аял­да­ған жерде ән айтып, маңайына жас­тарды үйіріп, экспедицияның көрігін қыздырып жүр. Алайда қазақта басқа әнші құрып қалғандай шара ұйымдастырушыларының таңдауы неге дәл Сон Паскальға түсті, патриоттық идеяларды Сон Паскаль насихаттай ала ма деген сұрақтар алдымыздан кесе-көлденең шыға берді. Автоэкспедиция Алматыға ат басын бұрған күні «matritca.kz» сайтының тілшісі қоғамның көкейіндегі осы сауалдарды әншінің өзіне қойған екен. «Мен реалистпін. Маған халық үшін ән салу бәрінен маңызды. Мүмкін мен керемет тв-шоуға қатыспайтын шығармын, жылтыр журналға шығуды да ұнатпаймын. Өмірге, жаңалыққа, экстримге құштар адаммын. Сондықтан шақыруды бірден қабыл алдым. Естуімше, экспедицияға бірнеше қазақстандық әншілер шақырылған. Алайда бәрі бас тартқан көрінеді», – дейді Сон Паскаль. Әнші еліміздің барлық қаласына тойға барғанын да айтыпты. Бірақ ондай сапарлар кезінде қаланың тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндігі болмағанын жеткізіп, Қазақстанмен жақын танысуға жол ашқан экспедицияға алғысын білдірген. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтарын ілгерілетуді мақсат еткен «Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» атты автоэкспедиция қазақтың ұлан-ғайыр даласын түгел жүріп өтті. Автокеруеннің қазақстандықтарды, оның ішінде жастарды еліміздің көріктілігі мен бірегейлігі идеясының төңірегінде біріктіру, жалпыға ортақ татулық пен келісім құндылықтары негізінде қоғамдағы отаншылдық сезімін оятуда да маңызы зор болды. Тағы бір қуантарлығы, сапарға шыққандар Қостанайда құрастырылған, сырты мемлекеттік рәміздермен, ұлттық нақыштармен безендірілген Ssang Yong Nomad автокөліктерімен саяхат жасады. Мұның өзі – отандық өнімді насихаттаудың бір жолы. Демек, шараның игілігі көп. Бірақ аты да, заты да алашқа тиесілі керуеннің көшін атасы бөлек итальяндықтың бастағаны елдігімізге сын болды. 
turkystan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста