Қазақтың тұңғыш балеринасы жайлы не білеміз?
Қазақ қызының бар болмысы, сұлулығы тал бойынан табылатын Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы 13 қыркүйекте Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өмiрге келген. 1934 жылы Алматыда жаңадан құрылған Құрманғазы атындағы оркестр Ойылға гастрольдiк сапармен келiп, үш күн жергiлiктi халықтың алдында концерт өткiзедi. Бұл кезде Елубайдың өнерлi қызы жетi жылдық мектепте бiлiм алып жүрген еді. Оркестрдiң ұйымдастырушысы әрi басқарушысы, қазақтың кәсiби музыкасының бiлгiрi, әйгiлi сазгер Ахмет Жұбанов бастаған өнерпаздар ойылдықтарға үш күн бойы рухани ләззат сыйлап, ауылды мерекеге бөлейдi. Осы сапарда 11 жастағы Нұрсұлудың талантты қыз екенiн байқаған Ахмет Жұбанов оған кәсiби бiлiм алуға жол сiлтейдi. Араға екi жыл салып, арнайы комиссияның iрiктеу сынағынан өткен бишi қыз Алматыға жол тартады. Бiрден сол кездегi мемлекеттiк опера және балет театрына орналасып, балетмейстер А. Александровтың шыңдауынан өтедi. Оқытушысы талапты қыздың талантын ұштап қана қоймай, Мәскеу мен Ленинградтағы хореографиялық училищенiң бiрiне оқуға барып, ұлттық би бөлiмiнен сусындауды кеңес етедi. Бiрақ Нұрсұлу оқуға түспейді. Кәсiби бiлiм алмаса да, өзiнің бойына дарыған бишілік талантын дәлелдеп, көпшiлiктiң көзайымына айналады. Ел арасында Нұрсұлу Тапалованың есiмi айтылғанда елеңдескен жұрт: «О-о-о, Зарема!» деп, құрмет-қошеметiн көрсетiп, мақтана жөнелетiн. Қазақтың бишi қызының аспандаған атақ-абыройы жөнiнде халық әртісi Болат Аюханов «Менiң балетiм» деген кiтабында: «Нұрсұлу – бисiз өмiрiн елестете алмайтын нәзiк жан. Ол Галина Улановамен «Бақшасарай бұрқағында» Зареманың ролiн сомдады. Нұрсұлу Зареманы классикалық дайындықсыз биледi. Сонда да оның кейіпкері нағыз шығыстың аруы болып шықты! Оның биiн көрiп отырып биге елiтiп кетпеу, ғажайып сұлу биiне қарай отырып, оның тартымды әсерiне ерекше бой алдырмау мүмкiн емес. Нұрсұлу Тапалова дәстүрлi классикалық би өнерiнiң толып жатқан қым-қуыт қиындығын орасан зор ерекше күшiмен жеңе бiлдi. Ол қиындығы мол ерекше тәсiлдердi бейнелер арқылы сомдап, олардың нәзiк сезiмдерiн көрерменге айырықша жеткiзе бiлдi. Бұл өнер иесі ұлтының нағыз бағына жаралған», - деп баға береді. 1947 жылы Қазақ ССР еңбек сiңiрген әртісi деген атаққа (24 жасында) ие болған бишi 1947-49 жылдары қалалық кеңестiң депутаты болып та сайланды. Би өнерiнде өзiнiң өшпес iзiн қалдырған өнерпаз кино әлемiнде «Жамбыл», «Кино-концерт», «Белая роза» секiлдi картиналарға түсiп, әртістiк қабiлетiн де көрсеттi. Тағдырдың жолы бұралаң ғой, 1953 жылы 30-ға жаңа толған бишi театрдан кетiп тынады. Нұрсұлудың талантына тағзым ететiн Болат Аюханов бишiнiң үлкен сахнадан тым ерте кеткенiн талай мәрте айтты да, жазды да. Алайда естiр құлақ, көрер көз болмады. Театрдағы қызметiнен қол үзген соң, ән-би миниатюрасы жанрын жаңғыртып, эстрадаға ауысқан бишi Жамбыл атындағы филармонияда да еңбек еттi. Филармонияда сол кездегi Кеңес одағы мен демократиялық республикалардың ән-би ансамбiлiнiң жеке бишiсi ретiнде қызмет атқарды. Сондықтан да бишiнiң репертуарында қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан сынды ұлттардың билерi көп болды. Өзiне бекiтiлген рольдi кәсiби деңгейде, жоғары дәрежеде сахнаға алып шыққан қазақтың мың бұралған талшыбықтай бишiсiн Кеңес одағы ғана емес, әлем таныды. Мәскеуде өткен қазақ әдебиетi мен өнерiнiң онкүндiгiнде Нұрсұлу көрерменнiң ыстық ықыласына бөленгенiн одақтас республикалардың баспасөзi жарыса жазып, кеңiнен дәрiптедi. Әсiресе, Әзiрбайжанның ұлттық биi « Джуджәдәрiмдi» үйiрiп әкеткенде қазақ қызының асқан шеберлiгi талайдың таңдайын қақтырды. Нұрсұлу Тапалова қазақ боксының атасы атанған Шоқыр Бөлтекұлымен отасып, өнегелi ғұмыр кешкенi белгiлi. Қазақ даласына бокс спортын әкелген Шоқыр туралы журналист Мейрамбек Төлепберген жазған «Шоқыр» деген кiтапта да бишiнің әсем келбетi мен дара өнерi туралы айтылады. Осы кiтапта асылдың сынығы Тоты анасы Нұрсұлу туралы былай дейдi: «Небiр мықты қылқалам шеберлерi қазақтың сұлу қыздарын саларда менiң анамның сымбатты мүсiнiмен салыстыра қарап алып барып кiрiсетiн едi». Ұлттық мәдениеттiң дамуына сүбелi үлесiн қосып, шапағатын тигiзген бишi 1957 жылы «тың жерлердi игергенi үшiн» медалiмен және би өнерiнiң эстетикалық үлгiсiн көрсеткенi үшiн «Құрмет белгiсi» орденiмен марапатталды. 1936 жылдан 1970 жылға дейiн сахнадан түспей, халықтың көз алдында жүрген қазақтың тұңғыш балеринасы туралы кейiнгi кезде түрлi қауесет желдей гуледi. «Өмiрiнiң соңында маскүнемдiкке салыныпты» деген де ауыр сөздер айтылды. Өкiнiштiсi, 1998 жылы өмiрден өткен қазақтың бiртуар перзентi Нұрсұлу Тапалова туралы қазiр көп айтыла бермейдi. Оған бiздiң салғырттығымыз бен қолымыздағы алтынды бағалай алмайтынымыз себеп. Айдар ЖОРАНОВ, Алматы қаласы. Сурет ҚР Орталық Мемлекеттiк мұрағатынан алынды http://bmtv.kz/kz/entsiklopediya/bilgenge-marzhan/item/12712-aza-ty-t-ysh-balerinasy-zhajynda-ne-bilemiz