Қазақы қалжың қайраңдап тұр
«Қызыл шоқтай қарыған, Қазаққа сөз дарыған» десе дегендей-ақ, атамыз қазақ қай заманда да оралымды ойын көркем тілмен кестелей білген. Ердің құнын екі ауыз сөзбен кескен. Қолмен тарқатылмас түйінді тілмен шешкен. Қалжыңының өзі кісіні мақтамен бауыздарлықтай соншама өткір және мейлінше жарасымды болғаны белгілі. Бүгінде соның бәрінің орнын сипап қалғандай сыңайдамыз. Осы орайда, әсіресе қазақы қалжың мәселесі ойландырады. Өйткені сөз сұйылып, күлкі дарақыланып кетті.
Қазақы қалжыңның жарқын көрінісін бүгінде тек қана ескілікті әңгімелер мен аға буын өкілдерінің өзара қарым-қатынасынан ғана байқаймыз. Бұл ретте, Шора Сарыбаев ақсақалмен бір сұхбаттасқанның өзі бір жылға азық іспетті.
– Күлкі өмір ұзартады екен деп, не болса соған жыртақтай беруге болмайды. Орынды, жарасымды күлкі ғана адамға жақсы көңіл күй сыйлайды. Ал құры бос жыртақ жұрт алдында абыройсыздыққа душар етпесе, абырой әпермейді, – дейді қазына қарт. Кезінде күлкіні жетпіс жікке жіктеп берген Шора ата аңқылдақ, адал күлкіден бастап, жалған, сайқал, арсыз күлкінің аралығындағы талай түрін өзінше анықтағаны бар. Әзілге жүйрік қария ұлы Қайрат шетелде қызмет істеп жүрген кезде оған өсиетхат та жазыпты. Он екі бөлімнен тұратын сол қалжың хатта, мәселен, «Сүйек-саяқ көрсе, талғамай жұта беретін, «өзі тойып, көзі тоймайтын» мешкей болма. Бір тиының шықса, жаның қоса шығатындай сараң болма. «Алақолсыз» мырза болма. Дос таңдай біл. Адам деген әртүрлі. Біреу саз да, біреу таз, біреу тәуір, біреу пәс. Борсиып семіруден сақ бол. Бет қайсы, білек қайсы, мойын қайсы, қойын қайсы, ажыратып болмайтын дағара болма. Бой семіргенше, ой семірсін. Қарын өсірме, ой өсір. Бала тәрбиесін бесіктен баста. Қыз өсірсең, шайқы-бұрқы болмасын, ұл өсірсең, қиқы-шойқы болмасын...» деген тәріздес, жалпы, ұлт ұланына қажетті ойлы оралымдар көп.
– Анау бір жылдары менің бір жолдасым іссапармен Парижге барды, – дейді қария сөзін әрі қарай сабақтап. – Сол кезде француз әйелдің бір бөлмесін жалға алып тұрыпты. Жарты жылдан кейін Алматыға қайтып келгенде:
– Сен французша білмейсің ғой, ол әйелмен қай тілде сөйлесіп жүрдің? – деп сұрадым. Сонда әлгінің:
– Бір-бірімізбен сурет арқылы қарым-қатынас жасап жүрдік. Шай ішкім келсе, шәйнектің, сорпа ішкім келсе, кәстрөлдің, шарап ішкім келсе, рюмкенің суретін салып беремін. Бір күні ол маған кереуеттің суретін салып берді. Мен сонда: «Апырым-ау, бұл әйел Алматыда менің жиһаз дүкенімнің бар екенін қайдан біледі?» деп таңғалдым, – дегені...
Кезінде Шора ақсақал осындай уытты әзілдердің екі мыңдайының басын қосып, арнайы кітапша да шығарыпты. Әзіл-сықақ отауын ашқан болып, көрерменді жеңіл-желпі күлкімен, арзан әжуамен алдарқатып жүрген әртістеріміздің нағыз қазақы қалжыңға негізделген осындай дүниелерден неге ой түюге тырыспайтыны түсініксіз. Шора ақсақалдың:
– Осы аулада бір кемпір бар. Өзі ара-тұра мені айналшықтап жүретін. Өткенде сол:
– Перпенің бар ма? – деп сұрайды.
– Ол не? – десем,
– Персональная пенсия, – дейді.
– Жоқ, – дедім.
– Пермашың ше?
– Ол не нәрсе?
– Персональная машина.
– Жоқ.
– Пердачың ше?
– Ол не бәле?
– Персональная дача.
– Жоқ.
– Енді нең бар?
– Персональный холодильнигім бар... – дедім. Содан бері маған жоламайтын болды, – деген ауызекі әңгімесінің өзі еріксіз езу тартқызады. Негізі, формасын, шешімін таба білетін адам болса, Шора атаның анекдоттары, қалжыңдары – әзіл-сықақ бағдарламаларына сұранып-ақ тұрған дүниелер.
Сол сияқты, бұрындары «Ауылдың айтқыштары», «Құрдастар қалжыңы», «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген сияқты арнайы жинақтар шығып тұрушы еді. Бүгінде олардың да қарасы азайды. Есесіне, анекдот бермейтін газет-журнал кемде-кем. Алайда олардың дені өзге тілдерден аударма болғандықтан, күлкі шақырмайтыны былай тұрсын, кейде тіпті құлаққа түрпідей тиіп жатады. Яғни бүгінгі анекдотшылар ұлттың табиғатына үйлесімді күлкінің ғана шынайы бола алатындығын ескере бермейді. Осының бәрі, жалпы алғанда, қазақы қалжыңның қадірін арттыруға қолбайлау болуда...
Бір пікір
Толымбек ӘЛІМБЕКОВ, сатирик:
– Қазір жұртты күлдіріп жүргендердің ешқайсысын да мен сатирик деп есептемеймін. Олар – бар болғаны орындаушылар ғана. Бірақ өкінішке қарай, солардың барлығы өздерін сатирик санап жүр. Сатирада сөзбен, сөздің уытымен күлдіру жоқтың қасы. Негізі, бізге ізденіс жетіспейді, әйтпесе қоғамымыз сатираға тақырып боларлық жайларға тұнып тұр.
Әр халықтың әзілді қабылдау реакциясы әртүрлі. Сол сияқты, біздің күлкі жөніндегі танымымыз мүлдем бөлек. Қазақы қалжың деген – нағыз мәдениетті қалжың. Оның ішінде ашық айтса, өтпейтін нәрселерді тұспалдап айту да бар, эротика да бар. Әсіресе жезде мен балдыздың, нағашы мен жиеннің, құрдастардың, тіпті құдалардың қалжыңы қандай керемет!
Қазақ – «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейтін халық. Яғни жөнін, ретін тапсаң, «атаңмен ойна» дейді де, екінші жағынан, «ойнай алмайтын бала шешесінің етегін көтеріп ойнайды» дейді. Біріншісі – «атаңмен ойна» деп шарықтау шегіне жеткізсе, екіншісі – сізді етекке дейін түсіреді. Міне, қалжыңның шекарасы осы екеуінің арасынан аспауы тиіс. Қазақы қалжыңның киімі бар, киімнің астына сығалап, соны сөзбен келтіре отырып, күлдіреді. Қазіргі қалжыңдар тыр жалаңаш. Шешіндіріп тастаған. Тыр жалаңаш отырған адамға күлкің келе ме? Тыр жалаңаш сұлулыққа адам сүйсіне ме? Сұлулық деген құпия болуы керек қой. Тасада құпия жатқан сұлулықты көруге адам ынтығуы керек...