Қазіргі біздің қоғам эстрадамен ғана қоректеніп отыр
Ертең Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиевтің «Ойқарағай» атты жеке әнжинағының тұсаукесері өтпек.
Эстрада саласында сахнаға күні кеше келген әншінің бір жыл өтпей-ақ концерт беруі әбден мүмкін бүгінде. Ал дәстүрлі ән саласында бұл екеуіне қол жеткізу – әнші үшін бір белес, ал тыңдарман үшін – айтарлықтай оқиға.
Бұл – ұлттық өнеріміздің мұң-мұқтажын жоқтап жүрген адамдардың бәріне ортақ мәселе. Бұл жерде мәселе – дәстүрлі әншілердің кәсіби деңгейінде емес, эстраданың тыңдарманы, техникалық мүмкіндік және қаржылай жағдайының көш ілгерілігінде.
Тілеулес ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, әнші:
– Қазіргі біздің қоғам эстрадамен ғана қоректеніп отыр деуге болады. Бұл – мақтанарлық жағдай емес, керісінше, өкінішпен ауызға алатындай мәселе. Қоғамның сол ахуалын көріп отырған соң, менде жеке әнжинақ шығаратын ой да, қаражат та болған жоқ. Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен «Ел» продюсерлік орталығы шығарған «Қазақтың 1000 әні» жинағын құрастыруға атсалысқаным бар еді. Сол кезде көпшілік жұрт онша біле бермейтін әндерді тауып, жинаққа қосқанымды көрген біршама ағаларымыз: «Сен көп ән біледі екенсің әрі дауыс мүмкіндігіңді де білеміз, неге дискіңді шығармасқа?!» – деген болатын. «Шығарып беретін адамдар болса, қанекей?» – дегенім болмаса, ол әңгіме сол жерде қалған. Арада біршама уақыт өткен соң ол әңгімені қайта қозғап, шындыққа айналдырған Сержан Молдасанұлы деген азамат болды. «Тәке, артыңда өкше басып келе жатқан інілеріңнің өзі жинақ шығарып жатқанда, ендігіде сенікі кеш болып кетеді», – деп, бірден осыған кірісті. Міне – соның нәтижесі.
Дәстүрлі ән өнеріндегі Арқа мектебінің өкілі, Қайрат Байбосынов және Ержан Қосбармақов сынды ән дүлдүлдерінің шәкірті Тілеулес Құрманғалиевтің қолына домбыра ұстап, қазақ әнін әуелетуге үлес қосып келе жатқанына да біршама уақыт толды десек болғандай. Егер соның барлығын жинақтар болса, бір таспаға сыймасы анық. Сондықтан бұл жинаққа әнші ел онша біле бермейтін, халық арасында сақталып қалған жаңа әндер енгізген. Сондай-ақ, бір айта кетерлігі, әу баста өзі Арқа мектебімен ауыздықтанса-дағы, қазақтың қай өңірінің әні болсын қазақ баласына жат емес. Соның дәлеліндей, Тілеулес әнші «Ойқарағай» таспасына Жетісу әндерін енгізіп отырса керек. Бұл – бір жағынан, әншінің өзі айтпақшы, «алдымыздағы неше буын орындап кеткен әндерді» қайталағанша, жаңа әндерді жарыққа шығару мақсатынан да туған ой, яғни дәстүрлі ән өнерінде өз соқпағын салып, соның бір кетігін толтыруға деген талпыныс та. Қазірдің өзінде радиодан беріліп жатқан әлгі әндерді құлағы шалған тыңдарман әншіге хабарласып, алғыстарын айтып жатса керек. Соған қарап, әнжинақ өз тыңдарманын табады әрі өз кезінде дәл шыққан туынды болып қалар деп үміт артатынын әнші жасырмады.
Тілеулес Құрманғалиевті ел алдымен дәстүрлі әнші деп таныса, екінші жағынан, ол кезінде «Серпер» атты этнотоптың мүшесі де болды. Марқұм Биғазы Тұтқабеков деген азамат қайтыс болған соң, әлгі топтың тарағаны жұртшылыққа мәлім. Бүгінде осы этно бағытта көрерменнің ықыласына бөленіп жүрген «Қоңыр», «Серілер» сынды топтар өз бастауын сол «Серперден» алды десек, еш қателеспесіміз анық. Сазгер әрі шебер әрлеуші, продюсер Бағлан Омаров құрған «Серпер» алғаш эстрадаға ұлттық үн, ұлттық кескін-келбет, тіпті ұлттық мінез де алып келгенін көзіқарақты оқырман білуге тиіс. Топ мүшесі Биғазы Тұтқабековтің кенеттен келген ажалы тек топтың ғана емес, эстрадада екпіндей озып, елдің рухын оятып келе жатқан әлгіндей бағыттың да тізгінін тартып қойған жайы бар. Содан кейін бір жылға дейін қара жамылған азаматтың бірі осы Тілеулес Құрманғалиев болатын. Әуелі достың аруағын сыйлау, сосын ұлттық жөн-жосыққа деген құрмет соңында әншіге осындай қуаныш, осындай жетістік болып қайтып отыр деуге болады.
Ендеше, ертең, яғни ақпанның 17-сі күні сағат 16.00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өтетін әнші Тілеулес Құрманғалиевтің «Ойқарағай» атты ән кешіне асығыңыздар!