Қазығұрттағы «арыстандар» кімдікі?

Қазығұрттағы «арыстандар» кімдікі?

Бұл мүсіндер композициясы туралы ел аузында әртүрлі әңгімелер айтылады. Біреулер мұны еңбегі ескерілмеген суретшінің туындысы, танылмаған талант айбат шеккен аң патшасының мүсіні алыстан менмұндап тұру үшін әдейі көрнекті жерді, Қазығұрт тауының баурайын таңдаған деседі. "Өзім еленбесем де, туындыларымды тамашалайтындар көп болсын" деген ниетінен туыпты-мыс. Ендібіреулер бұл мүсіндерді арыстандарды ерекше жақсы көретін ұлы дүниеден өткен суретші салған  деп біледі. Ел арасында автор мүсіндерді салып болған соң басқа елге қоныс аударып кеткен, осындағы бір досына оларға күтім жасап тұруды аманат еткен деушілер де жоқ емес... Сонымен, бұл кімнің қолтаңбасы? «Алаш айнасы» бұл жұмбақтың шешуін тапты.
Бүгінде нарықта құрылыс материалдарының түр-түрі бар. Сәулет өнерінің үздік үлгілерін ғаламтордан да қарастыруға болады. Сол сияқты үйдің алаңшаларын да әртүрлі әрлеуге мүмкіндік бар. Әділ атай ерлік пен батырлықтың символы - арыстанның бейнесін үйінің алдына да, дүкенінің кіреберісіне де орнатқан. Қаздай тізілген сан үйдің ішінен ерекшеленіп тұратын атайдың үйін іздеушілер осы мүсін арқылы тез тауып алады.
Зейнет жасына дейін Әділ Оразымбетов жол құрылысы басқармасында көлік жүргізуші болып жұмыс істеген. Бұл мүсіндерді осыдан отыз жыл бұрын, Шымкент-Ташкент тас жолы салынып жатқан қарбалас тұста жасаған. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарт мүсінші бұл туындысына жол сақшыларының қолғабыс еткенін мақтанышпен айтады. Мүсіндер орнатылған жердің биіктігі соншалық, ол жерге қажетті құм, тас, суды жеткізу қиын болған. Әуелде шеберді "не істеп жатырсыз, кімнен рұқсат алдыңыз" деген сауалдармен мазалаған тәртіп сақшылары әртынан өздерінің қалай көмекке келгенін де білмей қалған көрінеді. Оның "бұл мүсіндерге милиционерлер де еңбек сіңірген" деп марқаятыны сол... Тоқсаныншы жылдардың басында арыстан мен абадандардың қатарынан тағы да Құбылаға бет түзеп, Жаратқанға жалбарынып тұрған әйелдің мүсіні бой түзейді. Тоқырау жылдары есіңізде ме? Жарығымыз сөніп, жылуымыз болмай, көк тиынға зар болып, елден береке кеткен кезеңде бар салмақ әйелдің мойнына түскен болатын. Бұл сол тұста амалсыз ала дорба арқалап, базар жағалаған нәзік жандылардың Алладан мейірім тілеп, елдің ес жинап, етек жабуын сұранған бейнесін танытып тұр. Әйелдің қос қолы қазір түрлі-түсті жіп, матаға "матаулы". Бұл ескі наным бойынша өздерінің ізгі тілектерінің орындалуын сұранғандардың әрекеті екенін аңғару қиын емес. 
Арнайы суретшілік білімі жоқ қарапайым жүгізуші бұл туындыларын цементтен, тастан қашап жасаған. Паңдық, Ерлік. Жыртқыштық. Шебер өз мүсіндерінде  аң патшасына тән осындай қасиеттерді ойып тұрып көрсете білген. Жақындай түскен сайын үшеуінің (арыстан және оның екі абданы) үш жаққа қарап, құдды бір жемтігіне оқталған бейнелері тура тіріліп кетердей көңілге қорқыныш сезімін ұялатады. Ал әйел бейнесі керісінше нәзіктікке, сұлулыққа тұнып тұр. Жүзінен мейірім төгілген ана кейпі жан-жағына шуақ шашып тұрғандай...
Қазығұрт тауына көрік қосып тұрған бұл дүниелер шынында көз тартады. Тіпті, тас жолда көлікпен жүйткіп келе жатқан асығыс жүргізушінің өзі мүсіндерді көзбен бір шолып үлгереді. Бір-біріне мүлде қарама-қайшы келетін бұл туындылар кімнің болмасын, назарын аудармай қоймайды. Тау бөктеріне саяхатқа шыққандар бұл мүсіндерді міндетті түрде қызықтайды. Тек, оларды жарақаттап, бүлдіріп кететіндері өкінішті... Қазір арыстаның құйрығы алыстан тіпті көрінбей қалған. Себебі, мұнда келгендер мүсіннің сыртқы қабатын бұзып-жарып, пішінін ұстап тұрған арматураларын шодырайтып кеткен. Әп-әдемі мүсіннен бүгінде әр кете бастапты. Біреу жасайды, біреу келіп бүлдіреді. "Өмірдің өзі итжығыс күрестен тұрады" деп өзін сабырға шақырған қария жыл сайын көктем шығысымен ең алдымен мүсіндерінің жағдайын көзбен көріп қайтады. Қажетті құрал-саймандарын алып, желінген, бүлінген тұстарын әрлеп, қалпына келтіріп отырады. Бұл жолы да мүсінші сол дәстүрінен айнымады. Біз де бірге жолға шықтық. Мүсіндердің тұсына келіп көлік тоқтағаннан, Әділ атай шат-шадыман көңіл-күйге бөленді. "Әне, менің арыстандарым, қарашы, көздерін жанып тұр ғой, шіркін, жандарым сол..." құдды көптен көрмеген немересімен көріскендей күй кешті. Адамның жансыз нарсеге іңкәрлік танытқанынына алғаш куә болуым. Неткен жақындық, өнерге деген тазалық, кірпияздық деп осыны айтатын шығар... 
Биікке көтерілу қарияға оңай болмады, әрине. Жолай сан рет демін алып, арыстандарына да жетті. Бүлінген мүсіндер қарияның көңіліне қаяу түсірді. Ары қарап, бері қарап, күрделі жөндеу қажет деп шешкен қарт мүсінші "сендердің несібелеріңе зейнетақы да өсті, базарлатпасам болмас, бүгінше бояуды місе тұта тұрыңдар, қайта айналып келемін" деді. Әрине, кәрі қойдың жасындай өмірі қалған егде тартқан қария "бұйыртса" деп қойды артынан. Айтқандай, біздің кейіпкер соңғы кездері Едгор атты немересін мүсін, сурет өнеріне баулыған болатын. "Көзімнің тірісінде саған көрсетіп кетейін, мен қайтқан соң өзің иелік ет" деп қолқанатына мүсіндерге күтім-жасаудың қыр сырын  үйретіп жүрген еді. Сұм ажал жас-кәріні талғасын ба?! Ата өсиетіне құлақ қойғанмен, оны орындауды Едгорға жазбапты....
Қария "өзімнен өрбіген барлық ұл-қыздарыма, немерелеріме аманат етіп кетемін, бәлкім ұйымдасып, жылына бір рет осында келіп, беттерін сипауға уақыт табар" дейді...
Түйін: Бүгіннің өзінде мүсіндердің авторын аңызға айналдырып жүрген халық ертең тіпті Әділ Оразымбетовтей мүсіншінің өмір сүргенінен мүлде бейхабар болуы бек мүмкін. Мұндайда насихат жоқ дейміз бе әлде мұндай дүниелерді тек көзбен тамашалап, көңілмен терең бойлай алмайтын өреміздің биік болмай тұрғанына өкпелейміз бе?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста