Қазыналы қария қазымыр қартқа айналған жоқ па?
Бұрынғының қариясы ақыл-ойдың дариясы еді. Қазіргінің қариясы қазымыр қартқа айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Немере-жиен бағып, ұрпағына ұлағатты әңгіме айтудың орнына қонақ іздеп қыдырып, мағынасыз мәслихат құратын шалдар көбейді. Тіпті кейбірі ата сақалы аузына түскенде өлең жазып, «ақын» атануды да ар көрмейді. Қазақтың баяғыдан белгілі мақал-мәтелін «өзім шығардым» деп иемденіп жүрген жазғыш қарттарды қайтерсің. Мүмкін бұл 74 жыл бойы өктемдік еткен әміршілдік жүйенің, Құдайға қарсы қоғамның әсері болар. Дегенмен ел болуды көздеген халықтың бесігін түзеуге қам-қарекет жасауы да керек қой. Бұл жайында «Алаш айнасы» ой толғаған еді.
Осы жерде бір әріптесім айтқан әңгіме ойыма түсіп тұр. «Таңертеңгі мезгіл еді. Жасы жетпісті желкелеп қалған ақсақал кабинетке кіріп келді. Жатырқамай амандасып, көптен көріспеген кісідей жағдайымды сұрады. Сосын қолындағы сөмкесінен қалыңдығы екі елідей мұқабасы жалт-жұлт еткен көк кітапты суырды. «Інім, кітабым шыққан, соны көрсетейін, әрі көрімдік алайын деп келдім», – деді салған жерден. Үш жүз беттік көк кітаптың іші толған өлең. Арасында автордың кемпірімен, бала-шағасымен, жора-жолдастарымен түскен түрлі-түсті суреттері де қоса басылыпты. «Інім, кейін асықпай, жата-жастана оқырсың. Көрімдігіңді бере қой», - деп шалдың дегбірі қашып барады. «Қазір ақсақал, «Жақсыны көрмек үшін» деген, көзіміздің құмарын қандырып алайық»-деп кітапқа үңілдім. Ылғи бір арнау, толғау, поэма да жүр. Бір-екі өлеңін оқи бастағаннан – ақ көңіл құлазыды. Сонда да білдірмей: «тұңғыш кітабыңыз ба, ақсақал?», - деп едім, шалым шоршып түсті. «Қайдағы тұңғыш! Бұл менің сегізінші кітабым. Баспадағы жігіттер: «ақсақал, енді роман жазып көріңіз»-деп жатыр. Ойымда романға жүк боларлық дүниелер бар. Енді соған отыратын шығармын», - деді қарт. Қалжыңдап отыр ма деп жүзіне қарасам міз бақпайды. Соған қарағанда романға кірісетін түрі бар. «Кітап шығару оңай емес, інішек. Спонсор табуың керек. Бірақ олар поэзияны түсінбейді. Мына кітабымды бір-екі спонсорды тауып зорға шығардым», - деді ақсақал құдды біреу кітабыңды шығара гөр деп зорлап жүргендей. Төбе шашым тік тұрды. Сақалын сатқан шалдың тірлігі тұла бойды тітірентті. Кез-келгеннің тақымында кетіп, ақ көбігі шыққан поэзия деген құдіреттің обалы ойға оралды», - деді әріптесім.
Мұндай «қызық» оқиғалар негізі қалам ұстаған қауымның басында жиі кездеседі. «Редакцияда отырғанбыз. Кабинетке бір ақсақал екпіндей кірді. Екпіні ғана емес, сөздері де түйеден түскендей ірі екен. Қария: «сен кімсің, сен кімсің?»-деп әрқайсымыздың аты-жөнімізді сұрап алды. Сосын: «ал, олай болса мен пәленшиев түгенше боламын, мені танимысыңдар?», - деп шұқшиды. Біз ондай адамды танымақ тұрмақ естімегенімізді де айтып едік шал шамданып сала берді. «Как это мені білмейсіңдер?! Мен 14 жасымнан трактор айдадым. Кейін оқып рабочком, партком болдым. Совхоз басқардым, избирался депутатом. Орден-медалдарым бар», - деп біраз бұрқылдады. «Жақсы ақсақал енді білетін болдық, шаруаңызды айтыңыз» - дедік біз де жағдайды ушықтырмайық деп. «Еще как айтамын айтқанда. Жақында 70-ке толамын. Соған байланысты газеттеріңе мен туралы жазуларың керек. Мынау менің автобиографиям. Мынау мен туралы отзывтар. Кезінде қарауымда істеген адамдарға «газетке беремін» деп жаздыртып алғам. Мыналар мен басқарған совхоздың 1980 жылдардағы экономический показательдері. Готовый материал. Сендердің газеттеріңе осындай материал ғой керегі. Соны әкеліп тұрмын, ал жазыңдар. Жақсылап жазыңдар, балаларым бар, құдаларым бар, оқысын», - деп қария үстел үстіне сарғайған қалың папканы тастай салды», - дейді екінші бір әріптесім.
Үшінші оқиға өз басымнан өтті. Ауылда тұратын осы ақсақалды сырттай танитынмын. Кезінде мектепте директор болған, ел қатарлы еңбек еткен жан-тұғын. Бір күні редакцияға телефон шалды. «Інім, мені танисың ғой. Жақында мерейлі жасым еді, мен туралы жақсы бір мақала не болмаса сұхбат жасасайшы»-деді. Әдетте, мұндай мақала жеке адамның өтінішімен емес, журналистің өз ынтасымен немесе ел-жұрттың сұрауымен жазылмайтын ба еді. Әрі ақсақалдың ел қатарлы еткен еңбегінен ерекше штрих таба алмай біраз ойланып жүріп қалыппын. Соның артынша редакцияға тырсылдаған, топ-толық конверт келіп жетті. Ішін ашсам жаңағы ақсақал мөлдіретіп тұрып өз-өзінен сұхбат алған. Сұхбаттың астында «әңгімелескен пәленше түгеншеұлы» деген менің қолым тұр... Ақыры ол сұхбат жарық көрмеді...
Жалпы, қазақта «әдемі қартаю» деген тіркес бар. Яғни, қазымыр қарт атанып, туғаныңның, айналаңның мазасын алғаннан гөрі, елге ақылшы, ұрпағыңа ұлағат сыйлайтын қазыналы қарияға айналған әлдеқайда әдемі емес пе.