Қиял-ғажайып ертегі – зиялы қазақтың ертеңіне айналса...
Мейлі күні кешегі өркениет атаулыдан алыс жатқан қазақ даласының, мейлі, бүгінгі техногендік заманның болсын, баланың аты – бала. Қай заманда өмір сүрсе де, қандай тұрмыс кешсе де, баланың бәрін ортақтастыратын бір нәрсе болса, ол – тәтті қиял. Ұшқыр қиял адамды алға жетелеп, даму биігіне шығаратынын ескерсек, біз жарқын болашақ үшін балаларымыздың қиялын дамытуымыз керек. Ал қиялдың көкесі – ертегіде. Ендеше, бізге бүгінгі заманның ертегісін түсіру ауадай қажет.
Осы күнге дейін бізде ешбір режиссер көркем фильм ішінде анимация мен компьютерлік графиканы ұштастырып әрі ертегі, әрі көркем фильм түсірмегенін білеміз. Ендеше, сүйінші, қазақ киносының тарихында тұңғыш рет бүгінгі тілмен айтқанда фэнтези жанрында «Аңыздар кітабы. Жұмбақ орман» атты жаңа туынды дүниеге келді. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның қолдауымен түсірілген бұл фильмнің авторы әрі режиссері Ахат Ыбыраев.
«Жұмбақ орманның» жұмбағы неде?
Белгілі кәсіпкердің тентек ұлдары Баха мен Таха бұзақы әрі тәтті қылықтарымен үнемі бір нәрсеге ұшырайды да жүреді. Бірақ олардың тентектігі жаман ниет, жаман ойдан тумаған. Жастай аналарынан айырылған қос ұлдың бүгінде өгей шешеден көрген қорлығы оларды сондай әрекетке еріксіз итермелейді десек дәлірек келетіндей. Бай, кәсіпкер әкенің бала тәрбиесіне уақыты жоқ, ал зұлым өгей шешенің бар арманы – екі «масылдан» қалайда құтылу. Бірде екі ұл кітаптан зұлымдық күштеріне қарсы күресу үшін Амазонкалар патшайымына көмек керек екенін оқиды да, өздерінше сол іске белді бекем буып, ал оның ақысына арғы дүниелік болған аналарын тірілтуді сұрамақ болады. Автор осы ретте анасыз жетім балалардың көрген қорлығы әрі сол арқылы қоғамдағы толыққанды емес отбасындағы қалтарыстарды ашуды көздесе, екіншіден, осы ретте бала қиялының шексіздігін ертегі арқылы шебер көрсете білген. Өгей шеше баскесер жалдап, балаларды ұрлатады. Бір қызығы, сол арқылы қос ұлдың арманына жол ашылады. Себебі екеуі өздерін ұрлап әкеткен екі әумесердің өзін байлап-матап, орманды аралап кетеді де сол жерде өздері кітаптан оқыған ертегінің ортасына топ ете түседі. Онда аң-құс та барлығы адамша сөйлеп, екі балаға жол сілтеп отырады. Осы тұста айта кетуіміз керек, фильмде заманауи техника көмегімен қимыл-қозғалысқа түскен қиял-ғажайып әлемнің кейіпкерлері бала назарын өзіне аудартарлық.
Болашаққа жол ашқан «Болашақтың» түлегі
Ал енді туынды авторы жайына тоқталар болсақ, Ахат Ыбыраев –«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған түлек. Осыған дейін «Сказ о розовом зайце» фильмінде Фархат Шариповтің көмекшісі ретінде көрінген, сондай-ақ «Айналайын» телехикаясында Ақан Сатайдың түсіру тобында да тәжірибе жинақтаған режиссер өз туындысына үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр.
Ахат Ыбыраев, режиссер:
– «Болашақтың» түлектерін шетелде қалып жатыр деп жаппай айыптау бар ғой біздің қоғамда. Мен ол пікірді жоққа шығарғым келеді, яғни мен шетелден алған білімімді өз елімнің дамуына жұмсағым келеді. Ал фильмге қатысты айтар болсам, біріншіден, бұл – ертегі емес, фэнтези элементтерін бойына жинақтаған шытырман оқиғалы комедия. Мұнда барлық мамандар барынша биік кәсіби деңгейде жұмыс жүргізді. Музыка, компьютерлік графика және ең қиыны – гримм. Тіпті осы ретте құрылыс материалдары да қолданылғанын айта кетейін, яғни кейіпкерлер бейнесін айқындауда ағзаға зияны жоқ материалдар пайдаланылды. Тағы бір нәрсені айта кетсем, елімізде фэнтези жанрын дамыту керек. Бірақ бұл идеологиялық тапсырманың күшімен емес, режиссерлердің өз бастамасымен жүзеге асса. Біз балаларға арналған туынды болғандықтан оның барынша қысқа әрі нұсқа, бірақ сөйте тұра, қызығын жоғалтпауына аса мән бердік.
Фильмдегі түсіру тобы көргенде көз тоймайтын тұма табиғатты осы Алматы облысына қарасты Қайыңды өзені, Түрген және Шымбұлақ шатқалдарынан тапса керек. Басты рөлдегі ағайынды екі бала Баха мен Таханы бір мектептің, бір сыныптың оқушылары сомдаған. Баха рөлінде – Әлішер Қайыров, ал Таха рөлінде Қуан Лекеров. Олар кастингке қатысқан 800-ден астам баланың ішінен топ жарып шыққан. Кәсіпкер әке – Жан Байжанбаев, ағылшын тілі мұғалімі Жанна Қуанышева, ал Амазонкалар патшайымын Гүлнар Досматова тәп-тәуір ойнап шыққан. Жалпы, фильмді бастан-аяқ жасап шығаруға аз уақыт кетпеген сыңайлы. Түсірілімге кеткен мерзімді қоспағанда компьютерлік графикасына 1,5 жыл жұмсалған.
Қысқасы, қазақ баласы да ендігі жерде өз елінің қиял-ғажайып туынды түсіре алатынын біліп, өзгелердің «қаңсығын» таңсық көрмейді деген үміттеміз. Жалпы, бізге балалар қиялын дамыту керек. Себебі қиял – жүйрік, оның жылдамдығы сонша, тіпті өз дәуірінен бірнеше ғасыр озып кетуі мүмкін не болмаса керісінше, өтіп кеткен ғасыр қойнауына сүңгітіп жіберуі де ғажап емес. Бір замандары біздің бабаларымыз ұшатын кілем, немесе айшылық алыс жолдардан жылдам хабар алғызатын құралды қиялдаса, бүгін біз үшін ол ешқандай да қиял емес, шындық. Демек, бұдан шығатын қорытынды: қиялға жол ашу арқылы біз ғылымға деген құштарлықты оятамыз деген сөз.