Қоңыр сазды «Арнау»
Қаршадай бүлдіршіндерден құрылған «Арнау» фольклорлық ансамблі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Бабадан балаға мұра» атты тақырыппен концерт берді.
Қазақтың ұлттық саз аспаптарының құлағында ойнайтын ойын балалары кім-кімді де қайран қалдырады. 5-10 жас аралығындағы балалардың қазақтың ұлттық музыкасын дәріптеп жүргенін қазақ болуды арсынатын кейбір ересектердің өзіне үлгі тұтарлық іс деп білеміз. Әлбетте, бұл ансамбльдің көркемдік жетекшісі Нұргүл Әкімғожинаның ерен еңбегінің арқасы.
Кеш шымылдығы қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасымен» түрілді. Мұнда «Арнаудың» репертуарында кеңінен орын алған Қайырғазы Төленовтің «Балауса» күйі, халық күйі «Кербез қыз», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі, Абдулхамит Райымбергеновтің «Секіртпе» күйі орындалды.
Халық әні «Илигайды» қобызбен тартқан Әнел Жұмажанова, Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқымын» сахнаға алып шыққан Әдина Сәрсенбаева, Ернар Еркін, Сүгірдің «Қаратау шертпесін» шерткен Динара Рамаданова, Динаның «Науысқы» күйін құйқылжытқан Әнел Нұрлыбек, «Қара жорғаны» жорғалатқан Әдина Барлыбаева, Біржан салдың «Көкегін» сазсырнаймен ойнаған Салих Омаров және Сырым Омаров, Ақбота Ғалымбек, Үміт Бисары, Инна Хамхина, Кәмилә Жақсыбекова, Ардақ Әмірлан секілді бүлдіршіндер көрермен көзайымына айналды.
Нұргүл Әкімғожина, «Арнау» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі:
– Өнер жолы – ауыр жол. Сондықтан терең ізденісті, қажырлы еңбекті қажет етеді. Біздің мақсатымыз – қазақтың өнерін өлтірмеу. Осы мақсатпен шамамыз жеткенше жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. «Ортеке» I республикалық конкурсына қатысып, екінші орынды иемдендік. Бұл – біз үшін қуаныш, үлкен жетістік. Бұған дейін «Астана-Мерей» халықаралық байқауында, «Асыл мұра» қалалық және «Ғұмырдария» республикалық байқауларында, поляк композиторы Александр Затаевичтің атындағы II республикалық жас музыканттар байқауында бас жүлдені иелендік. Қазақстан ұлттық телеарнасындағы «Таң тамаша» айдарының жеңімпазы болдық. Болгар елінде өткен VI халықаралық «Күн астындағы бейбітшілік» атты конкурста бірінші орындарды жеңіп алдық. «Ортеке» байқауынан кейін Қуыршақтар өнері қауымдастығының бас директоры Род Петрович бүкіләлемдік фестивальға шақырды. Фестиваль Чехия елінде өтетіндіктен, жол қаражатын табу керек болды. Ол байқауға осылайша қатыса алмадық. Дегенмен Түркияда өтетін бүкіләлемдік фольклорлық ансамбльдердің байқауына жолдама алдық.
Ұлттық аспаптарымызбен қазақ мәдениетін насихаттап жүрген бүлдіршіндерге қолдау керек-ақ. Қобыз бен домбырадан өзге, шіңкілдек, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, дауылпаз, мүйіз, тұяқ және тағы басқа ұлттық аспаптар әрбір қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алар күнге жетсек қой, шіркін...