Қош бол, қазақтың Әз-ағасы...

Қош бол, қазақтың Әз-ағасы...

Қабырғалы қазақ әдебиеті тағы бір орны толмас қазаға душар болды. 12 ақпан күні 90 жасқа қараған шағында халқымыздың аяулы перзенті, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов дүниеден озды.
Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрда бүгін тағы да қаралы жиын өтеді. Қазақ қоғамы бүгін тағы бір заңғар тұлғасын Кеңсайдағы мәңгілік мекенге апарып жерлемек. Жыл басынан бері бірінен соң бірі жарық дүниемен қош айтысып жатқан алыптардың артынан еңіреп, жоқтап ел-жұрты қалуда. Алла қазаққа сабыр берсін деп тілейік.
Осыдан біраз күн бұрын қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлиді соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Жасым тоқсанға тірелгенде, артыңдағы інілерің өмірден кетіп жатса, оларға жоқтау жазу қиын екен. Жастардың өмірден озғанына өзің кінәлі­дей күй кешесің. Жер басып тірі жүрген соң, оларды жоқтамасқа да амал жоқ», – деп бір ауыр күрсініп еді. Қазақтың Қадірін жоқтап, туған халқына басу айтқан Әз-ағамыз енді, міне, өзі де Алланың әмірімен фәниден бақиға аттанып кетті. Қаламгердің қазасына орай, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Әзілхан Нұршайықовтың өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. «Әз-аға нағыз Халық жазушысы еді. Оның әрбір шығармасын жұртшылық қы­зы­ға оқитын. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастамаған қаламгер өнімді еңбек етіп қана қоймай, халқы­мызды ынтымақ пен бірлікке ша­қырып, тәуелсіз еліміздің тілеуін тілеп өтті. Оның шығармалары ізгілікке қандай толы болса, өзінің жаны да сондай нұрлы да мөлдір еді. Мен оның өзіме берген бата­сын, жазған хаттарын, арамызда болған әңгімелерді ұмытпаймын. Әз-ағаның өнегелі өмірін, жарқын бейнесін, ғибраты мол шығармаларын халқымыздың да ұмытпасына сенемін», – делінген жедел­хатта.

Бір ғана «Махаббат, қызық мол жыл­дар» романымен миллиондардың жүре­гін жаулап, ең көп оқырманы бар қаламгерге айналған Әз-ағаң шын мәнінде «Махаббат жыршысы» бола білген, адамгершілік пен адалдықты ту еткен Халық жазушысы еді. Қазақ жастары үшін махаббат әнұранына айналған осы «Махаббат, қызық мол жыл­дар» романы 2008 жылы «Санат» баспа­сынан оныншы мәрте қайта басылып шық­қан. Осы және «Ақиқат пен аңыз» роман дилогиясын жазушы шығарма­шылығының шырқау биігі деп есептеуге әбден лайық. «Ақиқат пен аңыз» кітабы ұлтымыздың ұлы тұлғасы, жауынгер жазу­шы Бауыржан Момышұлы туралы жазыл­ған. Осы шы­ғарма үшін қаламгерге 1980 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сый­лық­тың лау­реаты атағы берілді. Бұл шығарма да «Ма­хаб­бат, қызық мол жыл­дар» сияқты халық­қа бірден тарап, қолдан-қолға алып оқи­тын кітапқа айналды. Батыр Баукеңнің өмірін баяндаған осы бір кітапқа бай­ланысты кезінде Әз-ағаң 5000 оқырманнан хат алған екен. Сол хаттар Әз-ағаңның жеке мұрағатында сақтаулы тұрған шығар. Жалпы, қаламгер ағамыз қолжазбаларға, хаттарға, фотосуреттер мен деректі құжат­тарға өте мұқият адам болған. Кейінгі жыл­дары денсаулығының ауырлығына қара­мастан, тіпті мол еңбек етті, ел ара­сында да көп жүрді. Елдің жайын жазды, елдің сөзін сөйледі. Дей тұрғанмен де, қайраткер жазушының ішкі жан дүние­сінде ауыр бір мұң мен күйзеліс бар еді. Әз-ағаңа әсіресе аяулы жары Халима апайдың қазасы өте ауыр тиді. Жазушы ағамыз іштегі шерін қолына қалам алып, ақ қағазға ақтарды. Нәтижесінде «Мәңгілік махаббат жыры» деген кітап жазылды. Жүректің қанымен, көздің жасымен жазылған осы бір кітап арқылы Әз-ағамыз өз махаббатына ескерткіш орнатып кетті.
Кезінде осы бір тағдырлы туындының «Халима» деп аталатын үлкен кітаптан тұ­ратын бөлімін оқып шыққан Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев өз қолымен авторға арнайы хат жолдаған. Онда былай де­лінген: «5 қаңтарда болған кездесуде маған «Махаббат, қызық мол жылдарды», «Халиманы» сыйға тарттыңыз! Біріншісін бұрын оқыған едім, екіншісін қолыма алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі жастар көп оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз – ел қазынасы. Өміріңіз – үлгі! Аман болыңыз, Әз-аға!
Аса сыйлайтын Н.Назарбаев. 06.01.2003».

Жазушының шығармалары, негізінен, сұрапыл майдан сабақтары мен соғысы және еңбек ардагерлерінің өмірін үлгі ету арқылы бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық, еңбекшілдік, адалдық тәрбиесін беруді басты мақсат тұтады. Әзілхан Нұршайықов – Кеңес өкіметі тұсында да ұлтына қызмет етуден, азаматтық позициясы мен ақиқат­шыл көзқарасынан айнымаған қайраткер қаламгер. Рас, кеңестік саясаттың дәурені жүріп тұрған сол тұстарда ел зиялыларының көпшілігі қызыл идеологияға қызмет етті. Әйтсе де ел басына қатер төнген кейбір сындарлы сәттерде қазақ үшін жалған­дыққа бармайтын нағыз таланттылар ұлттың сөзін сөйлеуден бас тартқан емес. Әз-ағаң да сондай ұлтына адал санаулы тұлғалардың бірі. Бір ғана мысал: Кеңес өкіметі кезінде қабылданған «Қазақ ұлтшылдығы» деген арнайы қаулыға қарсы шығып, басын қатерге байлаған қаламгеріміз осы Әз-аға – Әзілхан Нұр­шайықов болатын.
Келер жылы тоқсан жылдық мерей­тойын елмен бірге атап өткелі отырған қадірлі қаламгеріміз ұрпаққа үлгі бола білген алыптар тобының соңына ілесті. Қашан да қазағым деп ет жүрегі елжіреп тұратын тағы бір Алаштың арда туған азаматы қатарын сиретіп, қазағын қайғыртып кетті. Бірақ артында өнегелі ісі мен өлмейтін сөзі қалды. Қош бол, қазақтың Әз-ағасы...

Қаламгер тілегі
«Мен соғыста өлем деп ойлаған жоқпын. Не құдірет екенін өзім де білмеймін. Ал адамдардың майданда ажал құшатынын өздері сезінетінін байқадым. Мен кешегі, 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысында 786 күн майданның алғы шебінде жаумен шайқасып жүріп, аман қалғанымды ерекше оқиға қатарына қосамын. Осынша жасқа келіп, өмірдің қызығын да, қиянатын да көргенімді қанағат етемін...»
***
«...Қыз – ең алдымен, ана тілінің көзі, бастауы, бұлағы. Ана тілі қызбен бірге туады, қызбен қоса жаралып, сонымен бірге өседі, өркендейді. Қыз — ана тілінің анасы, академигі, қоғам қайраткері. Қоғамда әйел араласпайтын ешбір сала жоқ. Ол – қоғамның ең тиянақты қызметкері, жаны, жүрегі. Әйелсіз ешбір қоғам алға баспайды. Бала да – қоғамның жайқалған жемісі, ал жақсы жемісті өсіретін де – әйел! Міне, менің ойымша, қыз дегенің – осы! Сондықтан ұлт анасы, ұлт тәрбиешісі – қыздарымыз аман бол­сын!..»
Әзілхан Нұршайықов

Өмірдерек
Ел арасында Әз-аға атанып кеткен әйгілі қаламгер Әзілхан Нұршайықов 1922 жылдың 15 желтоқсанында бұрынғы Се­мей облысы Жарма ауданының Ақбұзау ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орталау мектепті бітіргеннен кейін, Алма­ты­дағы Тау-кен институтының жұмысшы факультетінде, Семейдегі Абай атындағы қазақ педагогикалық училищесінде, одан кейін педагогикалық институтында оқыды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында от кешіп жүріп, майдан басылымдарында жалынды да жігерлі өлеңдер мен мақалаларын жариялаған Әз-ағаң жауынгер-журналист ретінде де өзін мойындата білді.
Әзілхан Нұршайықов еңбек жолын мұ­ғалім болып бастаған. 1947-48 жыл­да­ры «Екпінді» (қазіргі «Семей таңы») га­зе­тінде тілші, жауапты хатшының орын­басары, 1948-49 жылдары «Қазақ­стан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі, 1949-53 жылдары «Социа­листік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақ­стан») газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1953-56 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінің редакторы, 1956-61 жылдары «Социалистік Қазақстан» газе­тінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі, редактордың орынбасары, 1961-63 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, бұдан соң қайтадан «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке оралып, онда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1968-73 жылдары Қазақ совет энциклопедиясы бас редакциясында бөлім меңгерушісі, 1973-79 жылдары ҚР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып істеген. Көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағы проза кеңесінің, жас әдебиетшілер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Әз-ағаң шығармашылық жолын, негізінен, ақын және публицист ретінде бастап, үлкен жазушылық биіктен көріне білді.
Қаламгерлігі мен қайраткерлігін қатар алып жүрген Әз-ағаң көзі тірісінде көптеген халықаралық, мемлекеттік дәрежедегі үлкен құрмет пен биік марапаттарға лайық деп танылған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста