Қос таланттың көрмесі өтті
Мылқау бейнені мыңдаған жыл бойы түсінікті тілмен сөйлетіп қою, ақын жүрегінен шыққан өлең жолдары секілді тарихты туынды арқылы көрсете білу тек талантты өнер иесінің – суретші мен мүсіншінің ғана қолынан келетіні сөзсіз. Ондай дарынмен дараланған таланттар қазақта да жеткілікті. Бұған қос суретші Жандарбек Сүгіров пен Мұхамбетқали Дүйсембаевтың туындылары дәлел бола алады. Осы ретте Алматы қаласы Оқушылар сарайының 30 жылдық мерейтойына орай қос қылқалам шеберінің «Ұстаз бен шәкірт» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті.
Сурет – өнер туындысы әрі тарих. Шынында, суретшінің шығармаларын әр адам өзінің рухани байлығына, табиғи сезімталдығына қарап түсініп, дүние жұмбағын ұғуға ұмтылады. Мұнда өмірге іңкәрлік, көкіректі жарып шыққан сезім, ішкі жан айқайы бар. Демек, суретті түсініп, оқи алған адамға суретшілердің әр туындысында өмір бар, сезім бар, махаббат бар. Бұл ретте Жандарбек пен Мұхамбетқалиді өнер тоғыстырды. Осы өнер жолында ұстаз бен шәкірт әріптес те, дос та, сырлас та болды. Жандарбек Кемалиұлының шығармашылық жолы 1976 жылдары облыстық, аймақтық көрмелерден бастау алады. Оның шығармашылық бояуының өзі үш кезеңге бөлінеді. Алғашқы жұмыстары реалистік академиялық тұрғыда болса, соңғы жылдары шығармашылығындағы өзгерістер түр-түсінің едәуір интенсивті болуымен ерекшеленеді. Мәселен, «Кездесу» шығармасында ауыл көрінісі, екі жасөспірім балалардың шынайы достығының белгісін алдыңғы пландағы төбет ит арқылы береді. Туынды қанық түстес бояулар арқылы берілген. Оған қарама-қайшы бояулар қатынасы «Әңгіме» шығармасында жақсы көрінеді. Тақырыпта жарқын, жылы әрі жұмсақ, пәк, таза көңілді көрсетеді. Қай өнер адамы болмасын, елін-жерін шығармашылығына арқау етпейтіні болмайды. Суретші де «Желмая» туындысында Сыр өңірінің шақырайған күнімен шексіз даласындағы Қорқыт бабаның аңызындағы түйелерді ұшып кететіндей етіп көрсетеді. Соңғы кезеңде жазған жұмыстары «Бейтендегі құмдар», «Киіз үй», «Тал түс» сияқты туындылардағы түстер экспрессивтік қатынастар арқылы берілген. Автор үнемі жаңа ізденісте. Жалпы, әрбір суретшіні белгілі бір деңгейде композитор деуге болады. Өйткені олардың әр туындысының өзіндік ішкі музыкасы болады.
Жандарбек Сүгіров 1980 жылы Львов мемлекеттік декоративтік-қолданбалы өнер институтында оқып жүріп Украинаның, Испанияның Барселона қаласындағы халықаралық «Вузы народному хозяйству» атты көрмелеріне қатысқан.
Мұхамбетқали Дүйсембаевтың шығармашылық жолы 1987 жылдардан басталады. Суретші шығармашылығының өзекті арқауы ауыл өмірі, туған жер топырағы деп айтуға болады. Мұхамбетқалидің туындыларында өткен күн мен қазіргі сәт, табиғат пен адамзаттың арасындағы өзара үндестік, яғни жаратылыстың қарапайым адам көре бермейтін, суретші ғана көре алатын үйлесімділіктері ойлы беріледі. Жалпы, қылқалам шеберінің шығармашылық жолын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқы сюрреалистік бағыттағы жұмыстары: «Фашизм», «Арал» сериялары, «Атан», «Балалық шақ», «Менің Қазақстаным» т.б. Мұхамбетқалидің қай туындысы болмасын, өзінше бір жатқан тарих деп айтуға болады. Әсіресе «Фашизм», «Отбасы», «Бүркітші», «Көксерек» секілді жұмыстары қылқалам шеберінің қиялынан тарихи негізде туындаған ақиқатты бейнелейтін туындылар. Стилизацияға түсіп ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбамен орындалған абстракциялық жұмыс – қылқалам шеберінің соңғы ағымдағы туындыларының бірі. Осы ағымда орындалған «Отбасы», «Абай 56», «Торсық ұстаған қыз», «Қызғалдақ» т.б. туындылары суретшінің ой-қиялын, лирикалық сезімін көрерменге дәл жеткізе білетіндей. Мұхамбетқали әр уақытта өз өнерін шыңдап, көрермен қауымға жаңа туындыларын ұсынып отырады. 2007 жылы ҚР Суретшілер одағында О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің 70 жылдығына және өз шығармашылығының 20 жылдығына арналған жеке көрмесін ұйымдастырды. 2013 жылдың 17 мамырында Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатында жеке көрмесін, осы жылдың қазан айында О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің 75 жылдың мерейтойына арналған жеке көрмесін көрерменге ұсынды.
Жандарбек СҮГІРОВ, суретші:
– Негізі ұстаздың жан сарайын байытып отыратын бұлақтарының бірі – шәкірттің өзі. Шәкірттерін үйрету арқылы ұстаз шығармашылық ізденісінің өрлеуіне қолайлы жағдай жасайды. Мен шәкіртім Мұхамбетқали Дүйсембаевтың шығармашылығын үнемі қадағалап жүремін. Жасаған туындыларына көңілім толады. Осы ретте ұстаз бен шәкірт ретінде Оқушылар сарайында халыққа арнап көрме өткіздік. Шығармашылық адамының өз туындыларын халық алдына шығарып, лайықты бағасын алуы үлкен бақыт деп есептеймін. Сондықтан шәкіртіммен бірге көрме өткізуді ұйымдастырған Оқушылар сарайының басшылығына, ұжымына ризашылығымды білдіргім келеді.
Мұхамбетқали ДҮЙСЕМБАЕВ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты:
– Әрбір шәкіртінің зейінін ашып, білім мен ғылымға сусындатқан ұстаз туралы айтылар сөз, жазылар ой көп-ақ. Мен Жандарбек Сүгіровті ұстаздардың ұстазы деп есептеймін. Өйткені ол әрбір қазақтың баласын сурет өнерімен сусындатып, ұлтын сүюге баулыды. Нағыз ұстазға тән парасаттылық пен білімгерліктің биігінен көріне білді. «Ұстазсыз шәңірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» деген аталы сөз тегін айтылмаған. Сондықтан ұстазым шәкіртімен мақтанса, мен ұстазыммен мақтанамын.