Қостанай жұрты Әуезовті онлайн арқылы тани түсті
ҚР Ұлттық кітапханасының «Әуезовті оқимыз!» акциясы аясында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы мен Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап кітапханаларының ұйымдастыруымен «Қазақты әлемге танытқан заңғар жазушы» тақырыбында әдеби бейнекөпір өткізілді.
Шараның мақсаты қостанайлық оқырмандарды жазушы М.Әуезовтің Семейдегі өмірлік, шығармашылық жолымен, адамгершілік тұлғасымен, қазақ әдебиетіндегі рөлі жайында және кітапхана қорында сақталған жазушы кітаптарымен таныстыру болып табылды. Осынау онлайн кездесуде аса құнды еңбектері үшін халық құрметіне бөленген, қазақтың ардақты азаматы, құдіретті талант иесі Әуезовтің туған жеріндегі зиялы қауым өкілдерінің, көнекөз қариялардың жазушы туралы шежірелі, ұлағатты сөздерін тыңдап, ғалымдардың ұстаз туралы ғылыми негіздегі салиқалы ойларын қостанайлық оқырмандар аса ыждағатпен тыңдады.
Ең бірінші болып сөз бастаған қостанайлық әріптесіміз Эльвира ақындармен таныстырып, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты ұжымының қатысуымен өтіп отырған шараның мақсатын айта келе, өздерінің де ұлы жазушыны білетіндіктерін, дегенмен әдебиет пен өнердің киелі мекені – семейліктердің өз аузынан естісек деген тілегін жеткізді. Осыдан кейін екі облыстың бірі – тыңдаушы, бірі айтушы болып, әдеби бейнекөпір жалғасын тауып өз арнасына түсті.
Абайдай айбынды ақыны, Шәкәрімдей шежірелі шежірешісі, Мұхтардай мұхиты бар Семей жерінің мәдениеттен де, әдебиеттен де, өнерден де құр қалған жері жоқ екені сөзсіз. Сонымен, ең бірінші болып сөз алған, ұлылар мекенінің тумасы, шежірелі ақсақал Бекен Исабаев аға: «Ең бірінші бақыт туралы айтайын деп едім. Қазақ халқының өткен ғасырдағы өмірінде көптеген қиыншылық болды, белгілі себептермен өмірден қаншама қазақтың ардақты азаматтары жойылып отырылды, қазақтың бағына берген ұлы Абайдың ізін ала Мұхаңды берген бақытты халықпыз. Қазақтың тұрмыс-салтын, дәстүрін «Абай» романы арқылы көркем шеберлікпен бере білген жазушы – құдіретті талант иесі», – деп, өзінің 15 жасында жазушыны Абайдың 100 жылдық мерейтойында көргенін тебірене әңгімеледі. Өткен ғасырда өңіріміздің мәдениет саласындағы қалтқысыз маман қызметін атқарған, әуесқой сазгер, зағип жан Бекен Балташұлының да Мұхаңмен екі рет болған кездесулері қостанайлық онлайн тыңдаушыларын қызықтыра түсті. Жазушының салмақты, сабырлы тұлғасын келістіре суреттеген екі Бекен ағаларымыздың әңгімелерінен кейін сөз алған Қапура Мырзақасымова апай жазушының 60 жылдық мерейтойында ән салғанын, ағаның мақтағанын, бірге түскен суретін көрсетіп, толқи отырып сөзін әдемі жеткізді.
«Шәкәрім өлімі туралы М.Әуезов жазды ма?» деген сұраққа сөз алған әдебиет зерттеушісі Т.Ибрагимов: «Шәкәрім туралы, оның жағдайы, өлімі туралы М.Әуезов ешқашан жазған емес, білсе де М.Әуезовтей данышпан айтуға тиіс емес, өйткені ақын «халық жауы» болатын» дегенді айтты. Ал бейнеқашықтықтағы тыңдаушылар жазушы М.Сәрсекеден Әуезов пен Қаныш жарастығы туралы айтуын өтінді. М.Сәрсеке: «Мұхаң мен Қанекеңнің арасы – бір-ақ жас, екеуі де Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқыды. Қалада «Татарлар слободкасы» деген жерде пәтер жалдап, Мұхаң, Қанекең және Жекей – үшеуі бірге тұрды. Мен Жекей деген кім екен деп, іздестіріп едім, таба алмадым, бірақ осы Жекей – Жүсіпбек Аймауытов қой дегенге тоқтадым, өйткені жасын кішірейтіп, осы семинарияда оқыды. Мұхтар ат қойғыш болатын, сонда Жекей деген жеке тұлға, жеке дара деген сөз ғой деген қорытындыға келдім» – деп, өзінің нақты ойын жеткізді.
Қашықтан болған сұрақтың бірі жазушының Семейдегі кезеңдері туралы болды. Бұл жайлы Шәкәрім атындағы СМУ-дің гуманитарлық факультетінің деканы, профессор, ғалым Арап Сләмұлы М.Әуезовтің үлкен жазушы болып, қоғам қайраткері болып қалыптасуына қасиетті Семей жерінің ықпалы зор болғанын, 1907-1919 жылдар аралығындағы Семейдегі қоғамдық қызметі жайлы және алғашқы прозаларын осы жерде жазғанын әңгімелеп берді.
Ал Абай атамыздың жиені Балтабек Ерсалимов қазіргі жазушы атындағы педколледждің тарихында қаншама ұлылардың ізі қалғанын, соның ішінде Мұхаң, Қаныш, Әлкей оқыған оқу орнында қызмет еткен Нәзипа Құлжанованың қайраткерлік қызметі туралы ұлағатты сөздер айтты.
– М.Әуезовтің шығармашылық жолына көз жүгіртсе, қоғам өмірінің қай саласына болмасын өз үлесін қосқанын байқауға болады. Ол туралы Шәкәрім атындағы СМУ-дің ұстазы, ғалым Өмірзақ Сұлтановтың қазақ спорты тарихында ізі қалған жазушының асыл бейнесі туралы, 1913 жылы құрылған «Ярыш» командасында ойнағанын, талай жүлделерге ие болғанын және өзінің «М.Әуезов және спорт өнері» деген кітапты қандай ізденістермен жазғанын тілге тиек етті. Маған сол кісінің зерттеу еңбегі қатты ұнады, – дейді Абай атындағы әмбебап кітапхананың қызметкері Зағия Мағауина.
Шара барысында М.Әуезовке қатысты Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек басылымдар қорындағы 1945-1960 жылдар аралығында қазақ әдебиетінің классик ақыны Абай Құнанбаев туралы жазылған алғашқы шығармалары көрсетіліп шолу жасалды.
Ұлы жазушы туралы жарқын да нәрлі сыр-сұхбат ала алған қостанайлықтар алдағы уақытта тағы да осындай әдемі кездесулер болса деген тілектерін жеткізе келе, айтыскер ақын Әлфия Орманшинаның Семей туралы жыр шашуымен аяқталды.