Қостанайлықтар қазақ тілін құрметтейді
Қазақ тілі қағажу көріп келе жатқан өңірлердің бірі Қостанай облысы екендігі белгілі. Орыстілді қауым қара ормандай өлкеде мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету үшін қаншама жұмыс атқарылып, қыруар қаржы жұмсалып жатқандығын көзі қарақты жұрт өзі сезіп отырған шығар, сірә. Бұл орайда қазақ тілінің қадірін арттыру міндетіне жауапты облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Жанболат Үмбетов соңғы уақытта Қостанайда тілге қатысты оң үрдіс қалыптаса бастағанын қуана жеткізді.
Ұлты бөлек болса да, қазақ тілін насихаттап, қазақтілді оқу ордаларында дәріс беріп жүрген жерлестеріміздің де қатары өсуде. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілінен дәріс беріп жүрген Елена Шоковец пен Динара Лобцова – ана тілімізді ғылыми тұрғыда зерттеген жандар. Рудныйда техникалық сала бойынша қазақша дәріс оқитын Евгений Дадаров орыс ұлтты жастар арасында өткен республикалық тіл сайысында бірінші орынға ие болған еді. Ал Заң институтының оқытушысы Александр Сметановский қазақша мақалдап сөйлегенде, қасындағылар бір сәтке есеңгіреп те қалады екен. Шекара қызметінде жүрген Анна Носкованың ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына байланысты қазақ тілінде кандидаттық диссертация қорғағанын мақтанышпен айтуға болады.
Мемлекеттік тілді меңгерсе, мәртебесі де жоғары болатынын ұғынған өзге ұлт жастарының бірі Ольга Диденко қаймағы бұзылмаған қазақы орта іздеп, Амангелді ауданының әкіміне өтініш хат жазған да болатын. Аталмыш ауданға барып, қазақ отбасында бір жыл өмір сүріп келген Ольга қазір Қостанай қалалық әлеуметтік қорғау саласында білдей бір маман болып қызмет етуде. «Ең үздік мемлекеттік қызметкер» атты облыстық байқауда оза шауып, қазақ тілін ұлты қазақ бәсекелестерінен де артық білетінін дәлелдеген Василий Смирновтің де қазір даңқы асқақтап барады.
«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» республикалық байқауының жүлдегерлері Алефтина Дементьева мен Денис Скороходов та аталмыш жеңістерінің жемісі ретінде беделді қызметке орналасты. Бірі төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың маманы болса, енді бірі – Арқалық қаласы әкімдігінің беделді қызметкері. 2007 жылы республикалық Абай оқуларында бас жүлдені жеңіп алған Эльвира Иванованың да қызметте тасы өрге домалады.
Әулиекөл ауданындағы әскери қызметкер Александр Шалыгин, Қостанай облыстық ҰҚКД баспасөз қызметіндегі Антонина Георгиевская, жеке кәсіпкер Вадим Ли, Ұзынкөл ауданындағы мемлекеттік қызметкер Екатерина Резникова, Федоров ауданында ішкі саясат бөлімінің бастығы Рамиль Валиев, қасиетті домбыраның құлағында ойнап, күй тартуды жаны сүйетін Сергей Гейн сынды жастардың да шоқтығы биік. Арқалық педагогикалық институтын бітірген Марина Ткаченко қазақ тілі кенде қалған Денисов ауданына өзі сұранып барып, бастауыш сынып бүлдіршіндеріне қазақша үйретуде. Марина сол жақта ана тілінен қол үзген қазақ отбасына келін болып түсіп, енді қазір енесіне қазақы салт-дәстүр мен ұлттық тағамдарды жасауды үйретіп жүргендігін жұрт жарыса айтуда.
Тәуелсіздік алғаннан бері қасиетті Торғайда қаймана қазақтың ортасында өскендіктен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттың ұл-қыздарының қызмет бабында бақтарының жануы басқаларға үлкен үлгі болғаны рас. Қазірдің өзінде облысымыздың орыстанған солтүстік өңірінен бір ауыз қазақша білмесе де, қалаға келіп, қазақ филологиясына түсіп жатқан жастардың саны артуда. Солардың айқын дәлелі – армян қызы Тамара Агамян, украин аруы Юлия Зацарная, әзірбайжан және татар ұлтының өкілдері Тахира Абдуллаева мен Лилия Ярулаева және тағы басқалар. Ұзынкөл ауданының Преснягорьковка деген орыс деревнясынан келген Наталья Шпагина қазіргі таңда қазақ тілінің майталманына айналды.
Наталья ШПАГИНА, Қостанай гуманитарлық колледжінің студенті:
– Мектеп бітіргенде мен қазақша екі сөздің басын қоса алмайтынмын. Бірақ ата-анамның мәжбүрлеуімен қазақ филологиясына тапсырдым. Алғашқы уақытта қатты қиналдым, жыладым-сықтадым, әке-шешеме «орыс бөліміне ауысамын» деп жалындым. Бірақ шешем көнбеді, «қазақша оқымасаң, ауылға қайтып келесің, үйде отырасың» деп қорқытты... Анамның сол кездегі даналығын жаңа түсінудемін. Менің болашағым үшін қазақ тілінің маңыздылығы туралы айтқан сөзі айдан анық орындалуда. Қазір түрлі республикалық байқауларға барып, облыстың намысын қорғап жүрмін. Бір айдың ішінде домбыра тартуды үйреніп алдым. Тіл үйренудегі қысқа мерзімдегі бейнеттің қазір зейнетін көрудемін. Енді алдағы уақытта «Тілдарын» деген байқауға қатысқым келеді, ол үшін ағылшын тілін үйреніп жатырмын. Сонда мен үш тілді меңгерген табысты маман боламын болашақта. Бұл, әрине, ең алдымен, қазақ тілінің маған берген берекесі деп білемін.