Қожаны 27 жастағы әйел адам дыбыстағанын білген бе едіңіз?
Қазақ кинофильмінің жауһарларының бірі - "Менің атым - Қожа". Фильм ХХ ғасырдың 60-жылдарында түсірілсе де, әлі күнге халық жадында. Бір қызығы фильмдегі дауыс басты рольді сомдаған Нұрлан Сегізбаевтың өз дауысы емес. тілшісі Қожа дауысын кім дыбыстағанын, оған қатысты қандай қызық деректер барына шолу жасады.
"27 жастағы әйелдің дауысы"
"Қыздарға айнаға қарап сыланған сайын өздеріне-өзі сұлу көрініп, мәз болады дейді. Ал мен ше?" деген сөздерді айтқан әйел адам екеніне бірі сенсе, бірі сенбес. "Менің атым - Қожа" фильмінің қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы бар. Алайда екі нұсқада да Нұрлан Сегізбаевтың өз дауысы емес. Ашық дереккөз мәліметтерінде, актер 8-сыныпқа дейін "р", "л" дыбысына тілі келмегені айтылады. Сондықтан орысша нұсқасын мәскеулік актриса Марина Виноградова, ал қазақ тілінде Фарида Шәріпова дыбыстаған екен.
Фарида Шәріпова 1936 жылы 16 желтоқсанда Шыңжаң өлкесі, Шәуешек қаласында дүниеге келген. Ал фильм 1963 жылы түсірілген. Демек, әйгілі Қожадағы баланың дауысы емес, 27 жастағы әйелдің дауысы.
Фарида Шәріпова туралы не белгілі?
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева сұхбаттарының бірінде Фарида Шәріпованың дауысын "алтын дауысқа" балаған.
"Өкініштісі, Фарида апайды қазіргі жастар білмеуі мүмкін. Алтын дауыс иесі еді ғой! Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың "Менің атым - Қожа" атты киносын баршамыз жақсы білеміз. Осы фильмдегі Қожаның дауысын Фарида апай орындайды. Міне, қараңыз, содан-ақ оның қандай талантты актриса болғанын бағамдауға болады", - деген екен Ғазиза Әбдінәбиева.
Актриса Қытайда дүниеге келсе де, Қытай киностудиясы түсірген "Хасен-Жәмила" көркем фильмінде басты рольде ойнап, өнерімен танылған. Осылайша, 1955 жылы Қазақстанға оралған. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданған. Жарты ғасырдан аса уақыт бойы осы театрда өнер көрсеткен. Ол дубляж саласына да қажырлы еңбек сіңірген. Соның айқын дәлелі - осы "Менің атым - Қожа" фильмі.
Нүкетай Мышбаеваның айтуынша, Ахмет Жұбанов Қытайға сапарында "Хасен-Жәмилә" фильмін көріп, "мына қызды Қазақстанға алу керек" деген екен. Осылайша, Қазақстанға келуге ықпал еткен.
Фарида Шәріпова ел арасында "дубляж патшайымы" деген атауға ие болған. Бір қызығы, ол Қытайдан келгенде, орыс тілін жақсы білмеген. Кітаптарды жинап, жаттаған екен. Ол қазақша сөйлеу мәнерін, интонациясын, әуезін қарап жаттаған. Осы қабілетін дамыту үшін дубляжға барған. Сөйтіп, қазақ кинодубляжының хас шеберіне айналған.