Құдиярованың қазақ мақал-мәтелінде қай атасының құны бар?
Қазақ байырдан әйел қадірін білмейтін, отбасын қадірлемейтін «ажырасқыш» халық көрінеді. Оған өткеннен бүгінге жеткен ұлтымыздың аңыз әңгімелері мен мақал-мәтелдері дәлел-мыс. Таяуда бір интернет-басылымнан Орталық Азиядағы психологиялық сараптау институтының директоры Анна Құдиярованың міне осындай пікірін оқып, жағамызды ұстадық. Отбасына бір емес, бірнеше әйелдің басын сыйдырып ұстаған, өз елінде бір емес 100-ден астам этнос өкілдерімен тату-тәтті өмір сүре білген әлемдегі бірегей толерантты ұлт – қазақты осынша қорлайтындай Құдиярова ханымға не болған дестік...
Қызметі білдей боп баланың сөзін айтып отырған Құдияроваға, әрине күліп қоя салуға болар еді. Бірақ ол өз сөзімен қазақтың дәстүріне, фольклорына тіл тигізіп, ұлтымызға бүтіндей топырақ шашып отыр. Ондағы мақсаты не, түсінбедік...
«Ел арасына көптеп тараған аңыздар тұрақсыз отбасы немесе ажырасу идеясының іргетасын қалайды» деген Құдиярова «Радиоточка» радиосына берген жуырдағы сұхбатында бұл ретте жоңғар мен қазақтарға қатысты оқиғаны баяндап беріпті: «Жоңғардан қазақ келіншегі қашпақ болады. Бірақ мінетін ат біреу-ақ, ал қасында ұлы, күйеуі және ағасы бар. Сонда әлгі келіншек ұлды әлі де туып алам, күйеуді тауып алам, ал ағаны таппаймын деп ой түйіп, таңдау жасайды».
Осылайша өз ойын бір қайырған психолог-маман келесі кезекте «Бала белде, қатын жолда» деген қазақ мақал-мәтелін мысалға келтіріп, оны ажырасу психологиясын қалыптастырушының нақ өзі деп атайды. Өйткені оның пайымында, бұл сөз «Сен отбасын қорғауға міндетті емессің, керек болса басқа әйел тауып аласың» дегенді білдіреді екен. Осылайша қазақы дәстүр отбасын сақтауға құрылмаған деген ойға дейін барған Анна Құдиярова ескі көзқарастағы осындай идеяларға қарсы бірнәрсе қолдану керектігін айтып, министр орынбасарына дейін барғанын жеткізеді. Не деген жанашырлық десеңізші!.. Ұлт үшін «уайым шеккен» мұндай тұлғалар бізде аз-ау.
Шынын айтқанда, «Сөздің де естісі бар, есері бар» демекші, психолог маманның сөздің түп-мәнісін ажырата алмай, тобыр деңгейіне түсуі қарнымызды ашырды. Мақал-мәтелдерді «сүзгіш» Құдиярова ханым «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» немесе «Барған жеріне балдай сіңіп, тастай бат», «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деген қазақтың өнегелі сөздерін назардан неге тыс қалдырды, әлде оларды білмей ме екен? Тіпті, ол кісі келтірген мақал-мәтел байырдан бар делік. Бірақ қазақта ажырасу деген бертінде ғана жиіледі ғой. Ал бұрын ондай факті ілуде бір кездескен. Тіпті, ері өлген әйелді де ата-бабамыз отбасынан алыстатпай, жақын ұстаған. Әмеңгерлік деген дәстүр бойынша. Біле білгенге ат мінезді қазақ айғыр секілді ұрғашысын қызғыштай қорғаған. Қызылдар көсемі Голощекин қолдан ұжымдастыруды жасап, қазақты атынан айырып, ат мінезін жоюға барынша тырысқаннан кейінгі кезден бастап қана біздің отбасынан береке кете бастағанын «Алаш айнасы» нақтылайды. Сондықтан кешегі мақал-мәтелдің бүгінгі ажырасуға еш қатысы жоқ.
Қалай дегенмен де қазақтың мақал-мәтелін ілік етіп отбасылар ажырасып жатыр деп мәлімдеу білдей маман үшін ұят емес пе?.. Әрине, кикілжің туып, қос жұп бірге тұра алмайтын жағдайға жеткенде арада мұндай мақал-мәтелдер түгілі одан да «зор» сөздер айтылып жатады. Бірақ ажырасуға тура сол мақал-мәтел ілік деу ақылға сыйымсыз ғой.
Ажырасудың түрлі себептері бар. Маманға мұны тізбелеп айтудың өзі артықтау секілді. Алайда, біле жүрелік, ҚР статистикасы бойынша еліміздегі отбасылардың ажырасуына, ең бірінші, әлеуметтік жағдайы себеп. Қоғам бір формациядан екінші формацияға өтуі барысында үлкен әлеуметтік қиыншылықты бастан өткереді. Осындай қиын-қыстау сәтте жұмыссыздық көбейіп, салдарынан бұзақылық жиілеп, ажырасудың көптеп орын алады. Оның заңдылық екенін халықаралық тәжірибе де айғақтайды. Сондықтан арнайы құзырлы мекеме есігін қаққан Анна ханым ескі көзқарастағы мақал-мәтел мәселесін көтергеннің орнына, күнін көре алмай, нәпақа табу мақсатында қалаға келіп, бүтін отбасымен темір дүңгіршекті немесе көшені паналап, қиын жағдайда жүрген аналар мен әкелер жайын, «құл базарға» шығуға мәжбүр қазақ еркектерін жұмыспен қамту жағын, диплом алған соң бірден жұмысқа орналаса алмағандықтан түрлі ағымның жетегінде кетіп, адасқан қазақ жастары арасындағы бар проблеманы, ғаламданумен қоғамға дендеп еніп жатқан түрлі бұзық мәдениеттің, мысалы біржыныстылардың ұлтымызға жат екенін, оған қарсы шара қолдану керектігін неге қозғамады екен деп ішіміз ашыды.