Құлағы шұнақ, мұрны пұшық жазулар
Намысың болса – жарнамаңды түзе!
«Алаш айнасы» мен «Бауыржан» қайырымдылық қорының бірлескен жобасы
Басқа басқа Шымкенттің өзінде тілдің жайы қотыр аттың күйін кешіп жүргені аздай, енді соқыр атқа айналып бара жатқандай. Ауыздағы сөзімізді түзейміз деп алашапқынға түсіп, жонымызды күдірейте бастағанда, тағы бір жыртығымыздан абыройымыз көріне бастады. Қаладағы қызыл шимай жазудан бет қызарады. Билборд біткен қате. Тіпті көше аттары берілген бабалар есімінің соңына орыстың «ова» меншігін зорлап тіркеп, «атындағы» деген қазақ сөзін қимаған сараңдығына таңырқаудың өзі бекер. Ал ол аздай жекеменшік коммерциялық нысандар маңдайшасына өзге тілдерде әшекейлеп, тәртіпке бағынбай барады.
Тіпті сұрқиясы – сол, қоғамдық көліктер аялдайтын аялдаманың өзінде белетші «Төрекуловадан», немесе «Абаядан», не болмаса «Тәуке ханадан» деп безектеп жүр. Осы жайттардың барлығын көре-көре көзіміз, сөйлей-сөйлей етіміз үйреніп бара жатқан секілді. Еліміздің үшінші қаласы атануға құлшынып жатқан Шымкент қаласының көшелерінде де осындай сорақылықты көрмей өту мүмкін емес. Қазағы көп қазыналы Оңтүстік деп жүргенде ары тапталған ана тіліміздің намысы жолында мақтау-марапаттан бас тартқың келеді. Маңдайша мен жарнама жазуларының қателіктерінен әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Нәтиже шығара алмай келе жатқан тіл мамандарының зары бір бөлек әңгіме.
Ал «Шымкент менің сүйекті қалам», деген жазуды көргенде жарымжан жарнаманың бұл өлкені де айналып өтпегеніне көз жеткізе түсесіз. Турасында, «сүйікті» сөзін, жарнама берушілер «сүйекті» қылып көрсеткісі келген-ау шамасы. Мұнан тыс қаладағы бір жекеменшік асхананың маңдайшасында «Құырылған балық» деп шимайлапты. Әуелі жиһаз сатумен айналысатын сауда орталығының жарнамасындағы мекенжайда Дінмұхаммед Қонаев көшесін «Б.Қонаева» деп сүйкей салыпты. Егер сауда орталығынан жиһаз алмақшы болған адам Шымкентті шыр айналса да, «Б.Қонаева» көшесін таба алмасын ойлағанда еріксіз ашынасың.
Иә, осыдан біраз бұрын Шымкенттегі көше аттарын бірізділікке сала алмай жүрген құзырлы органдар қазақ тілінде Қарауылбек Қазиевті «Қазиева», «Санжар Жандосовты» «С.Жандосова» деген жазуды да шығарған болатын. Кейіннен масқаралықты қап-қара етіп, бетіне басқан Астана телеарнасындағы әріптестерінің арқасында түзету жұмыстары жүргізілген еді. Жыл басында облыс әкімдігіндегі облыстық басқармалардың есебін тыңдаған өңір басшысы Шымшаһардағы сауатсыз, ретсіз жарнамалардың «жыры» туралы қадап айтып, тиісті қадағалау жұмыстарын жүргізу керектігін тапсырған болатын. Көш басында Шымкент, Түркістан қаласы, Сарыағаш, Сайрам аудандары тұр. Тіпті Сайрамда мемлекеттік тілдің мәртебесі де мәз емес. Дегенмен алдын алу, тексеру шараларынан кенде емеспіз. Әйтсе де арнайы тексеруге барған мамандарға коммерциялық жекеменшік нысандар, тіпті құжаттарын көрсетуден бас тартқан. Көше жарнамаларына қарсы күрес күшейтілді. Арнайы талапқа сәйкес келмейтін жарнама құрылғылары түбірімен қопарылады. Қазір облыс орталығында жарнамадан көз сүрінеді. Шымкенттік шенділер жағдайдан хабардар, бұл масқаралықтар жарнама туралы Заң әлі қабылданбаған кезде жіберілген қателік деп жалтаруда.
Балхия КӨМЕКБАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Шындығын айтар болсақ, дәл қазіргі уақытта мемлекеттік тілді қолдану аясында құқықбұзушылық жағдайлар көптеп орын алуда. Мәселен, көше бойындағы жекеменшік коммерциялық мекемелер орысша, ағылшынша өздеріне атау қойып жатыр. Ескерту жасағанбыз, «қазақша жазамыз» дейді, ал қазақша жазылған мәтінді кішкентай етіп, өзге тілдегісін бадырайтып қояды. Немесе, тіпті көрінбейтін түспен, көрінбейтіндей етіп майдалап жазып тастайды. Қай кафеге барсаң да, мәзірді — «меню» дейді де, қазақша жазылған тағам түрлерін таппайсыз. Аудан-қаланың берген мәліметіне сәйкес болатын болса, өңірде 8433-тен астам коммерциялық нысандар бар. Оның 8049-ы заңға сәйкес ілінген. Ал заң талаптарына сәйкес келмейтін 384 жарнаманың 256-ы ретке келтірілді. Қалған 128 коммерциялық жекеменшік нысанды назарға алып түсіндірме жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Жалпы саны 8000 делінгенімен, күн сайын қосылып-алынатыны бар. Ең көп заңға сәйкес келмейтін жарнамалар Шымкент қаласында болып отыр. Облысымызда өзге тілдегі жазулар қаптап барады. Дер кезінде алдын алу шаралары жүргізілуі керек.
Соңғы кездері, қала көшелеріндегі жарнама орындарында еліміздегі байланыс жүйелерінің жарнамалары көптеп ілінуде. Дегенмен оның ішінде де қателер өріп жүр. Бастысы жарнама орналастыру үшін тиісті заң өз деңгейінде жұмыс істеп, мемлекеттік тілдің дұрыс, сауатты жазылуын қадағаласа деген тілек қана бар.