«Құлансаз» қайта тірілді
Алматы облысының әкімдігі осыдан 30 жыл бұрын құрылып, кейінгі кездері сахна төрінен көрінбей кеткен фольклорлық-этнографиялық «Құлансаз» ән-би ансамблінің қайта жаңғыруына 40 млн теңге бөлді.
Облыстық мәдениет басқармасы мамандарының айтуынша, бұл қаражат ансамбльге музыкалық аспаптар, дыбыс жазатын электронды құрал-жабдықтар мен киім-кешек сатып алуға жұмсалмақ. Сондай-ақ аталған қаржының бір бөлігі ансамбльдің 48 мүшесін ұстап тұруға бөлінген.
Серік ҮМБЕТОВ, Алматы облысының әкімі:
– Кеңес Одағы ыдыраған жылдары және ел Тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңдерінде бұл ансамбль өзінің жұмысын тоқтауға мәжбүр болды. Алайда бүгіндері мемлекеттің қолдауы арқасында ол қайтадан жаңғырып келеді. Ұлттық музыкалық мұрамызды ұлықтап жүрген осындай өнер ұжымына қолдау көрсету – біздің азаматтық борышымыз.
Көпшілік қауымды қазақы әуенмен тербеген фольклорлық-этнографиялық «Құлансаз» ән-би ансамблі 1980 жылы құрылып, арада үш жыл өткен соң, «Халық ансамблі» атағын алған. Аталған ансамбльдің алғашқы жетекшісі қазақтың атақты композиторы Әсет Бейсеуов болды. Ал ансамбльдің атауы композитордың «Құлансаз» әнімен тікелей байланысты.
Өнер ұжымының репертуарында халық әндерімен қатар, Абай мен Жамбылдың, Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Латиф Хамидидің, Кенжебек Күмісбековтің, Алтынбек Қоразбаевтың және басқа да танымал таланттардың шығармалары бар. Қазіргі уақытта қайта түлеген өнер ұжымын ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ержан Қосбармақов басқарады. Ансамбль алдағы уақытта өздері орындаған шығармаларға бейнесаз түсіріп, әндерді компакт-дискіге жазып, еліміздің бірқатар аймақтарына гастрольдік сапар жасамақ.