Құлаққап мәселесін тыңдайтын құлақ табылмай тұр
Дәрігерлер дабыл қағып отыр. Соңғы кезде «құлағым» деп қақсайтындар көбейіп кетті деп. Өзіміз кінәліні таппасақ, экологияға әкеліп тіреп қоятын әдетіміз емес пе? Бұл жолы олай емес. Адамның қолынан жасалған дүние адам өміріне қауіп төндіріп отыр. Айтпағымыз құйтақандай құрылғы – құлаққап жайында. Иә, расында, бүгінде айналадағы адамдардың басым бөлігі саңырау сияқты. Сұрағыңа жауап бермейді, өзімен-өзі. Жынданған ба деп ойлайсың. Жоқ, жынданбаған. Тек екі құлағын тарс бітеп, дүңкілдеген дүниемен әуре. Балаңыз құлағын тарс бітеп алып сабаққа дайындалып отырады.
«Бүгінгі ұрпақ тым-тым жетіліп кеткен. Жан-жақты. Қарасайшы, құлағымен ән тыңдап, көзімен сабақ оқып, миымен тоқып отыр» деп ойлайсың. Көшеде, автобуста, айналаңыздың бәрі толған құлаққап. Тіпті қалмақша қаңтарылған аттай болып бір құлаққаптың екі жабындысын екі адам тағып алып, ән тыңдап кетіп бара жатқанын көріп таңдануға да болмас. Қос құлақты бірдей жапқан қалқандай дәулері сәнге ене бастады. Алдында ғана түймедейлері сәннің алдын бермей тұрған. Радио байланысшылардың ғана құлағынан көретін дәу құлаққаптардың уақыт өте келе жанып тұрған модаға айналарын кім білген? Әсілі мұны «ғасыр тажалы» деп атаған да дұрыс-ау. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Осы құлаққаптан келер кесір көбейіп тұр. Бармақтай бәленің қармаққа іліп жатқаны жанға тиіп тұр. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында үш күннің ішінде пойыздың астына түсіп үш адам қайтыс болды. Оларды біреу отарбаның астына итеріп жіберген жоқ. Өздері сол құлаққапты киіп алып, теміржол бойында жер дүниенің апшысын қуырып дүңкілдеп келе жатқан пойыздың ышқырған дауысын естімеген. Теміржол вокзалының маңында 17 жасар өрімдей студент қызды жүк пойызы қағып кеткен болатын. Араға бір күн салып «Бадам Қалаш» өткелінде 29 жастағы азамат пойыздың астына түсіп мерт болды. «Қызылсай Манкент» өткелінде тағы бір адам бақилық болды. Тағы да «кінәлі» – пойыз, дұрысы құлаққап деуге болады. Құлақты бітеген түймедей зат бүгінде ажалға апарар төте жолға айналды. Дәрігерлердің дабылдататындайы да бар. Соңғы кездері құлаққаптың кесірінен кеселге душар болғандар көбейе түсіпті. Құлақтағы күйсандықты күні бойы пайдаланатын адамның басы айналып, есту қабілеті нашарлап, жүйке жүйесі қажиды екен. Оның үстіне, құлағы саңырау, санасы меңіреулердің тым жасарып бара жатқанын да жасырмайды мамандар. Дамыған батыс елдерінде қоғамдық орындарда құлаққаппен ән тыңдау үлкен мәдениетсіздікке жатады. Ол, біріншіден, өзіңді, екіншіден, айналаңдағы адамдарды сыйламау болып табылады. Таңғаласың, әншейінде өзгенің қаңсығын таңсық көріп тапырақтайтын жастарымыз неге осындай мәдениетті жақтарына мән бермейді екен деп. Елімізде құлаққаптың қырсығынан болған жол апаттарының салдары зерттеу нысанасына айнала қойған жоқ. Дегенмен жол полицейлері де, дәрігерлер де көбіне адам өлімінің көбеюіне қомақты үлес қосып жатқан құлаққап екеніне алаңдаушылық білдіре бастады. Ресейде осы жаңа технологияның «жемісі» – құлаққап қоғамның назарын аударып, зерттеу жүргізуге сеп болды. Нәтижеден белгілі болғанындай, Ресей аумағында 2000 жылдан бері есептегенде адам өлімі төрт есеге көбейген. 2006 жылы 16 адам қаза тапса, 2008 жылы – 26, өткен жылы 47 адам осы құлаққаптың «арқасында» арғы дүниеге аттанған. Бір қарағанда, дәрігердің стетоскопына ұқсайтын құйттай құлаққап осылайша адамзатқа үлкен қауіп төндіріп тұр. Отоларингологтер соңғы кездері өте қатты шу құлақтағы сезімтал жасушалардың өлуіне әкеліп соқтырады деп отыр. Олардың айтуынша, есту қабілетінің төмендеуіне құлаққаптың қосар үлесі қомақты көрінеді. Отоларингологтер құлаққапты бар дауысымен бақыртып қойып тыңдау құлақ пердесін жарып жіберуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Оның соңы керең болуға әкеліп соқтыруы да кәдік.
«Құлақты құтқару керек!»
Компьютердің алдында екі сағаттан артық отыру зиян деп есептейтін дәрігерлер құлаққап киюдің уақытын да екі сағаттан асырмаған жөн дейді. Ал құрылғыдағы дыбыстың ең жоғарғы шегі ретінде 80 децибелл белгіленген. Ал одан да қатты шектен асыру есту қабілетіне кері әсерін тигізеді. Негізгі көрсеткіш 60 децибелден аспауы тиіс. Айналадағы шу құлаққап арқылы да естілсе, ол 100 децибелді құрайды деп есептеледі. Ал дыбысты одан да қатты шығару қауіпсіз шектен асу деген сөз. Егер де «құлаққап ауруына» шалдықсаңыз, оның мынадай белгілері бар: құлақ үнемі шыңылдап тұрады, қатты шудың өзі жай естіледі немесе, керісінше, бәсең дыбыстар қатты естіле бастайды, өзіңізге сөйлеп жатқан адамды бір шақырымда тұрғандай әзер естисіз. Егер де осының бір белгісі ғана білінсе, онда құлаққаптың кесірі деп есептей беріңіз... Жол ережелеріне ұялы телефонмен сөйлескені үшін айыппұл салатын ереже бекітілгеніне де көп уақыт өте қойған жоқ. «Енді құлаққап киіп көлік жүргізгені үшін де айыппұлды қиып салу ережесін енгізсе дұрыс болар еді» дейді жол сақшылары. Расында, рульде отырып құлаққаптың кесірінен түрлі жол-көлік оқиғаларының басты себепкеріне айналып жатқандар да жоқ емес. Расында, тыңдар құлақ табылмай тұр. Өйткені құлаққап «мешайт» етуде.
«Жыл жаңалығы» талайларды жылатып жүр
Құлаққапты ең алғаш кім ойлап тапқан дегенге келсек, оның әу бастағы мақсаты ауру адамдарға көмек қолын созу ниетінен туындаған. Өткен ғасырдың 50-жылдары Джон Косс атты азаматтың техникалық ілімі жоқ, физика ғылымына деген әуестігі де болмапты. Милуоки штатындағы ауруханаларда жатқан науқастарға теледидарды жалға беру бизнесімен айналысқан көрінеді. Өздігінен кереуетінен тұра алмайтын науқастарға қалай көмектесу керектігін көп ойланса керек. Ақыры соның нәтижесінде стерео-құлаққаптар дүниеге келеді. Оны әу баста құлаққап емес, тыңдау құрылғысы деп атаған. Бірақ шуылы көп, дыбысы анық естілмейтін құрылғыны жетілдіру қажет болатын. Джон Косс біраз қаржы жинап алған соң, инженерлердің басын қосып, өз қиялындағы дүниені жарыққа шығаруға талпыныс жасайды. Әуелі дыбыспен жұмыс жасайтын музыканттарға көрсетіп, кем-кетігін тыңдатып, жетілдіру жағын қарастырады. 1957 жылы ұйымдастырылған Hi-Fi көрмесінде Косстың құлаққаптары жыл жаңалығы деп танылды. Талайлардың таңданысын тудырды. Соның нәтижесінде Koss компаниясы дүниеге келді. Құлаққап шығаратын әйгілі компания бүгінде сапа эталоны болып саналады. Өз ғасырында ғажайыптың ғажайыбы атанған құрылғы уақыт өте келе адамзаттың бас қайғысына айналады деп кім ойлаған?
Ерехан БАДАЛОВ, №1 қалалық емхананың лор дәрігері:
– Расында, бүгінде құлақ кеселімен келіп қаралып жатқандарда есеп жоқ. Тіпті белгіленген науқастарды да қарап үлгере алмай жататынымыз бар. Бұрын егде жастағылардың есту қабілеті нашарлап жатса, бүгінде бұл дерт тугоухость, яғни кереңдік дертіне душар болып жатқан жастар көп. Олардың кейбірі суықтатып алып, басқа да жағдайларға байланысты болса, басым бөлігі осы құлаққаптан зардап шегіп отыр.