«Құнанбай» фильмінің авторлары Мемлекеттік сыйлыққа лайық
Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 2016 жылдың Мемлекеттік сыйлығына әдебиет пен өнер саласы бойынша «Құнанбай» фильмінің авторлары лайық деп танылды. Мемлекет басшысының бұйрығымен сценарий авторларының бірі әрі режиссер - Қазақстанның Халық әртісі Досқан Жолжақсынов, қоюшы-суретші Рустам Одинаев, актерлер Нұрсифат Салықова және Айдос Бектемиір мемлекеттік сыйлықтың иегерлері атанды.
«Құнанбай» (2015) - ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың әкесі, атақты болыс Құнанбай Өскенбайұлының тағдыры жайлы биографиялық картина.
Бұған дейін көркем фильм «Тұлпар» ұлттық киножүлдесін бірден төрт номинация бойынша жеңіп алған болатын: «Үздік ер адам рөлі» (Досқан Жолжақсынов), «Үздік композитор» (Төлеген Мұхамеджанов), «Үздік қояшы-суретші» (Рустам Одинаев) және «Үздік сценарий» (Таласбек Әсемқұлов). «Құнанбай» фильмі «Күміс Ақбозат» III Халықаралық ұлттық және этникалық кино байқауында «Ұлттық рух үшін» жүлдесін жеңіп алды.
Айта кету керек, ҚР Мемлекеттік сыйлығы екі жылда бір рет Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында табысталады. Отандық мәдениетке ерекше үлес қосқан жандар мемлекеттік сыйлықтың иегері атана алады.