Құстарға қамқорлық көрсету акциясы басталды
Өскеменде әдеттегі акциялардан бітімі бөлек ізгілікті акция басталды. «Құстар – біздің досымыз» деп аталады бұл акция. Шараның мұраты жалқы – қаладағы қанаттыларды қамқорлыққа алу.
Бұдан бөлек оларға жем беру, арнайы жем қорапшаларын ілу деген секілді қосымша міндеттер бар. Акцияға қатысушылар құстарды үнемі қадағалап, суретке түсіріп, керек болса, олар туралы жазуына да болады. Шараға жем қорапшасын іліп, құстарды тамақтандыруға ерінбейтін қала тұрғындарының барлығы қатыса алады.
Бұл акцияның Өскеменде қолға алынуы да бекер емес. Былтырғы қақаған қыста шаһардағы құстардың азық таба алмағаны өз алдына, 40 градустан төмендемеген қатты аязда қаншамасы қырылып қалғаны белгілі. Шараның негізгі мұраты осы жағдайдың биыл қайталануына жол бермеу болса керек.
Қазір Өскеменде бұл тарапта жұмыстар басталып та кеткен көрінеді. Барлық мектептерге хабарланған. Бүгінде қала бойынша мектептерде 400-ге жуық жем қорапшалары ілінген. Сонымен қатар бұл шараға саябақтар мен жоғары оқу орындары да бекітілген.
Қала әкімі баспасөз қызметінің айтуынша, қанаттыларды қолдаған ізгі шара 1 сәуірге дейін жалғасады. Акция қорытындысы Халықаралық құстар күнінде шығарылмақ.