Қуыршақ театры жаңарады
Бірнеше жыл қатарынан сараптамалық зерттеу жүргізілген Алматы қалалық мәдениет басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театрының ғимараты толығымен бұзылмайтын болды. Жыл басынан бері өнер ордасының тарихи бөлігі құлатылады деген даулы мәселе оң шешімін тапты. Ғимарат жаңартылып, аумағы ұлғайтылмақ.
Алматы қаласында 1935 жылы құрылған Мемлекеттік қуыршақ театрының ғимаратын бұзуға қатысты көтерілген сұрақтарға нүкте қойылды. Осыдан бір жыл бұрын ғимараттың сейсмикалық жағдайына баға беріп, толық тексеруден өткізген ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігі сәуір айында өз жұмысын қорытындылап, сараптамалық құжатқа қол қойды. Аталған құжатта мемлекеттік театрдың ғимараты өте көне болғандықтан, қайта жөндеуді талап етеді делінген. Сондай-ақ жер сілкінісі бола қалған жағдайда ғимарат қабырғалары қуатты күшке төтеп бере алмайтыны да атап көрсетілген. Едендердің шіріп, бұрыш-бұрыштарда жарықшақтардың көрініп тұрғаны жайлы мәліметтер тағы бар. Сараптамалық жұмыстар мұнымен де аяқталмады. Биыл қаңтардың 23-і күні ҚР Мәдениет министрлігі Мемлекеттік қуыршақ театрын қалпына келтіру және қайта тұрғызуға қатысты атқарған сараптамалық жұмыстарының нәтижесін ұсынған болатын. Сараптама нәтижелеріне сәйкес, ғимараттың тарихи бөлігі сақталып, қалғаны толығымен бұзылатын болды. Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Әуезовтің мәлімдеуінше, қуыршақтар театрында үш ай бойы ағаш жабындар, жертөлесі, шатырасты бойынша зерттеулер жүргізілген. Ал қорытынды мынадай: ғимараттың негізгі бөлігінен басқасы шұғыл түрде құлатылуы қажет. Себебі Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институтының мамандары театрдың тек тарихи бөлігі ғана жер сілкінісіне төтеп бере алады деп мәлімдеген. Мұндай болжамды құптаған мәдениет басқармасының қызметкерлері тіпті ғимараттың іргетасының жоқтығын айтып отыр. Айта кетейік, 50-жылдары бұл ғимаратта су құбыры жарылып, ірі апат болған. «Сол себепті ғимараттың іргетасы жоқ, бірден жертөлесі салынып, оның үстіне ағаш бөренелер қойылған. Қазір температуралық режимнің әсерінен төменгі бөренелер шіріп жатыр», – дейді Е.Әуезов. Мәдениет басқармасы басшыларының сөзіне сенсек, жаңадан тұрғызылатын театр ғимараты әлемдік деңгейдегі жабдықтармен жабдықталып, театр қызметкерлеріне қажетті жағдайдың барлығы жасалады. Тіпті өнер ордасының ауқымы ұлғайтылады. Қазірдің өзінде театр сахнасын техникалық қайта жарақтау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, мәдениет басқармасы келесі жылы да басқа тарихи-мәдени нысандардың жағдайы тексерілетінін хабарлаған болатын.
Ерболат Әуезов, Алматы қалалық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары:
– Театрды қалпына келтіру жұмыстары барысында гримдеу бөлмелері, шеберхана және қосымша көрермендер залы тұрғызылады.Сондай-ақ фойеде шыныдан витраждар салынып, көрермендер залы бұрынғы орнында қалады. Ескі театрда гримдеу бөлмелері, шеберханасы болмаған, ал жаңа ғимаратта бәрі қарастырылады. Шаштараз, костюмдер мен қуыршақтар тігетін шеберхана, ең кішкентай көрермендерге арнап қосымша зал, буфет салынады. Қуыршақтар театрының ауданы 600 шаршы метрге ұлғаяды. Қазір сахна техникалық және дыбыстық негізде жарақтандырылып жатыр. Залды кинотеатр ретінде пайдалануға болады. Келесі жылы да басқа тарихи-мәдени нысандардың жағдайы тексерілмек. Оларды да қайта жоспарлап, бәрін бұзып, қайта салу керек болып отырған осындай көрнекі тәжірибеден кейін алдағы жылға біз мәдениет тарихы ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне кіретін барлық нысандардың жағдайын тексеру үшін бюджеттен қаржы қарастырдық.