Қылқаламның атасы...

Қылқаламның атасы...

Әбілхан Қастеевтің қадіріне жете алдық па?

Танымалдылыққа дейінгі ауыр жол
Халқымыздың ұлы суретшісі, «қазақ бейнелеу өнерінің атасы» Әбіл­хан Қастеев 1904 жылы 1 қаң­тарда қазіргі Алматы облысы, Пан­фил­ов ауданы, Шежін ауылында диқан­дықты кәсіп еткен қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әке­сінен үш жасында айырылған ол тұр­мыс тауқыметін ерте тартып, бала жа­сынан еңбекке араласты. Таң атқан­нан күн батқанға дейін малдың соңында тау-таста жүретін бала Әбіл­ханның мұңдасы да, сырласы да шежірелі Шежінінің көркем таби­ғаты болды. Табиғаттың сан түрлі бояуын санасына сіңіріп, өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемінің аты мен затын, түр-түсін, тіршілігін терең сезініп, түсініп өскен Әбілханның су­рет­шілік дарынының ұштала түсуіне ана­сы Қалипаның да әсері көп бол­ды. Тоқыған кестесі мен ойған оюына ауыл-аймақ тегіс таңдай қаққан Қалипа он саусағынан өнер тамған шебер адам болған. Тумысынан з­ерек, өнерлі Әбілхан анасына кө­мек­тесе жүріп, сырмаққа, текеметке арнап оюдың түр-түрін оя білген. Әсем­дікке жаны құмар ол сонымен бірге тау өзенінің аңғар-аңғарынан небір асыл тастарды теріп алып, олар­дан әдемі моншақ, түйме, ұршық, қуыршақ жасап, ауылдағы апа­лары мен қарындастарын қуанту­ды да әдетке айналдырды. Зергерлік өнері бара-бара мүсіншілікке ұла­сып, Әбілхан енді тастан түрлі бейне­лер жасауға көшкен. Бірақ қанша та­лап­ты болғанымен, қыстың қақ­а­ған аязына, жаздың шыжыған аптабына қарамастан, 15 жылға жуық мал соңында жүрген жалшы жігіттің жас күнінде білім қуатындай жағдайы болмайды. Әркімнен әр нәрсені үйреніп жүріп, қара таниды, шала-шарпы сауат ашады. Тек жасы 22-23-ке келгенде ғана қойшының таяғын біржола тастап, аудан орталығы Жаркентке келеді. Бір татарға жалданып, соның аула­сын сыпырады, қорасын тазалайды. Ара-арасында бұлақтан бөшкелеп су тасып сатады. Маңдай терімен тапқан азын-аулақ тиын-тебеніне қағаз бен бояу сатып алады. Күндіз қара жұмыстан босай алмайтындық­тан, сығырайған шамның жарығы­мен кейде таң атқанша сурет салып шы­ғатын кездері де болады. Жар­кент­ке келу арқылы Әбілхан үлкен ортаға, озық өркениетке бір табан болса да жақындай түседі. Қала тіршілігімен танысып, қайнаған өмір ағымына бой үйрете бастайды.  Жар­кентке келуінің тағы бір пайдасы: С.Саламатов деген фотографпен танысады. Салған суреттеріне қарап Әбіл­ханның талантын таныған С.Са­ламат­ов үлкен азаматтық жасап, оның жұмыстарын қазақ елінің сол кез­дегі астанасы Қызылордадағы тиіс­ті мекемелерге жолдайды.
Ал Әбілхан бол­са, тура сол кезде әйгілі Түрксібтің Сары­өзек маңындағы Айнабұлақ елді меке­ніндегі жол құры­лысына жұмысқа кіреді. Сонда жүріп те Әбілхан өзінің сүйікті кәсібі – суретшілікті тастамайды. Шойын жол­дың бойындағы үлкен жартасқа Ле­нин­нің суретін арба доңғалағының майымен салып, маңайындағы жұмысшылар­ды таң-тамаша етеді. Сол екі аралықта С.Са­ла­матовтың жолдаған суреттері арқылы Қастеев талантына тәнті бол­ған үлкен жердегі басшылар ел ішінде елеусіз жүрген біртуар дарынға іздеу сала бастайды. Ақы­рында көздеріне түскен бойда қол-аяғын жерге тигізбей іліп әкетеді және әрі қарай Әбілхан Қастеевтің өзгеше мазмұндағы мүлде жаңа өмірі басталады...
Қылқаламмен жазылған жылнама
Түрксібтен Алматыға жол тартқан Әбіл­хан Қастеевтің одан арғы тағдыры, қысқаша айтқанда, былайша өрілді: республикалық Халық ағарту комиссариаты 1929 жылы оны Н.Хлудовтың көркемсурет студиясына жібереді. Жұ­мыс­тарымен танысып шық­қан­нан ке­йін Қастеевке қатты риза болғаны сон­шалық – 78 жастағы қарт суретші «Ос­ын­шама жасқа келгенде қазақтан шық­қан мұндай талантты суретшіні көр­генім үшін бақыттымын» деп қолын қыс­қан деседі. Сөйтіп, Әбілхан Қас­теев біраз уақыт Н.Хлудовтан дәріс ала­ды, акварельмен жұмыс істеуге үй­ренеді.
Әбілхан Қастеевтің талғамы мен талабы зор кәсіби ортада алғаш рет Қазақстан көркемөнершілерінің 1934 жылы өткен тұң­ғыш слеті кезінде баға­ланғаны анық. Сол слет барысын­дағы байқауда Әбілхан­ның Абай тақыры­бына салынған суреті мен Ленин портреті жүлде алады. Өмір бойы өз бетімен ізденіп, өзінше тырбанумен келе жатқан Әбілхан содан кейін-ақ Мәс­кеуге бет түзейді. Ондағы көркемөнер студиясының кешкі бөліміне екі жылдай қатысып, сурет өнерінің қыр-сы­рын үйре­неді, сонымен қатар Мәскеу­дегі үлкен галереялар мен көрмелерге үзбей барып, орыстың, шетелдің атақ­ты суретшілерінің жұмыстарымен танысады, әрқайсысынан өзінше сыр аңдап, ой түйеді. Орысша жарытып тіл білмесе де, ара-арасында әр­түрлі жұ­мыс­тарды кәсіп етіп, афишалар мен мұ­ражайларды безендіру, тіпті студенттер жатақханасының еденін жуу ар­қылы да қаражат тауып, үлкен қала­да таза еңбегімен күнелтеді. Сөйтіп, екі жылдың іш­інде Алматыға білімі әжеп­тәуір мола­йып, таланты толысып оралады, Суретші­лер одағына мүшелікке қабылданады, ел ішінде және сырт мем­лекеттерде ұйымдас­ты­рылған көр­мелерге үздіксіз қатыса бастайды. Ізденісін арттыра отырып, қазақ бей­не­леу өнерін жанрлық жағынан байы­туға көп күш жұмсайды. Туған жерінің қа­дір-қасиеті мен елінің ерлігін дәріп­теуге, төл тарихын қылқалам арқылы сөйлетуге құлшына кіріседі. Сол себеп­ті де жердің шалғайлығына қарамас­тан, ердің ері Амангелдінің, жігіттің төре­сі Біржан сал­дың мүлде сақ­тал­маған, қағаз бетіне түс­пеген бейнелерін тірілту үшін ел ішіне аттанады. Туған тарихын терең білетіндіктен және қастерлейтіндіктен де, жұрт атын ауызға алуға да бата алмай жүрген уақытта ол қазақтың соңғы ханы, кемеңгер Кенеса­рының портретін жасады. Бейнесі көкіре­гінде сайрап тұра­тын жер жаннаты Жеті­су­дың, туып-өскен өлкесі – жазиралы Жаркенті мен шежірелі Шежінінің, қала берді, күллі қазақ даласының тамылжыған таби­ғатын қылқаламмен сөйлетті. Өзі айтпақ­шы, Әбілхан аға қолы қалт еткен әрбір сәт­те ел арасында болуға тырысты, тіпті айлап, жылдап, ел-елді, жер-жерді, жаңа өндіріс ошақтарын, құрылыс нысандарын аралады. Сол арқылы туған халқының өт­кен-кеткен тарихының, жаңа дәуірдегі бай шежі­ре­сінің жарқын дауысты жыршысы, жаршысы болды. Озық талантымен дара­лан­ған біртуар суретші ғылыми тәсіл дегенге бас қатырмай-ақ, әр туын­дысынан өзіндік өрнегін, қолтаң­басын байқатқан. Оның басты артық­шы­лығы табандылығы, мақсатына жету жолындағы жанкештілігі болған. Мысалы, бір топ суретшілер Астрахань­нан Бакуге кемемен сапар шеккенде теңізде алты балдық дауыл тұрады. Өзге әріптестері дүлей күштен бой тасалап іште жатқанда жалғыз Қастеев қана ештеңеге қарамастан, кеменің жо­ғарғы жағында жү­ре­ді және ол сәтте өзі куә болған құбы­лыстардың бәрін артынша қағаз бетіне түсі­реді. Сол жұмыстары Бакуде ұйымдас­тырылған көрмеде жоғары бағаға ие болады. Ұлы державалық шовинизм дертіне шалдыққандар Қастеевті қан­ша жерден төмендетуге, кеудесінен ите­руге тырыс­қанымен, көзге ұрып тұрған және әлем жұрт­шылығын тәнті еткен талантын мойын­дауға мәжбүр болған. Түкпірдегі бір ауылда туып-өсіп, даңқы төрткүл дүниеге жа­йыл­ған сол қарапайым Қастеев, өмірлік серігі Сақыш апай айтпақшы, «аз-кем сауатымен әлемге, Одаққа әйгілі Қазақстан су­рет­шілерінің қадірменді бастығы боп талай жыл қызмет атқарды». Қазақ­станның Ха­лық суретшісі деген құр­мет­ті атақ алды.
Өкінішке қарай, бала күнінен бейнетті өмір кешкен осынау аяулы жан сол ауырт­палықтың бәрі артта қалып, нағыз зейнетін көретін уақытта, 1973 жы­лы 3 қарашада, дүниеден озды. Ба­лаларының айтуынша, өмірінің соңы­на қарай Әбілхан ағаның жүрегі қат­ты ауырып жүрген. Алайда соңғы демі біткенше қылқаламын қолынан тас­та­маған. Сөйтіп, аулада сурет салып отыр­ған жерінен жүрек талмасы ұстап, балаларының көз алдында жүріп кеткен. Ол кезде ұлы суретші небәрі 69 жаста ғана болатын...

Қарапайымдылықпен астасқан ұлылық
Көзкөргендер Әбілхан Қастеевтің тумысынан адал да ақкөңіл, мейірімді, ерекше бауырмал, көпшіл адам болға­нын ай­та­ды. Жұбайы Сақыш та отаға­сының тура өзіндей қарапайым, қо­нақ­жай бол­ған. Екеуі алты ұл, үш қыз – барлығы тоғыз бала тәрбиеленген. Мұ­ның сыртында еліміздің түкпір-түкпірінен суретші болуды аңсап келген балауса жастардың барлығы Қас­теев шаңырағынан сая тапқан. Келімді-кетімді кесілердің көптігі соншалық – кей­де өз балаларына көрпе-жастық тимей қала­ды екен. Соны айтып, сәл қиналыңқыраған жұбайын Әбілхан аға: «Ештеңе етпейді, мен де кезінде осылардай болғам. Жақсы кісілердің көмегінің арқасында жетілгем. Бұлар да ертең дұрыс азамат болып шы­ға­ды», – деп жұбатады екен. Ол аздай, «Үй­дегі балалар не ішіп-жейді?» дегенін тың­да­мастан, Сақыш апайдың «Ұятты кісі ке­ліп қалса...» деп сары майдай сақтап отыр­ған жылы-жұм­са­ғы мен қазы-қартасын, құрт-майын арқалап, Мәскеуде, Ленинградта оқып жатқан шәкірттеріне тартып кететін көрінеді.
Әдеттегі өмірде көп сөзге жоқ, істің ада­мы болғанымен, Әбілхан аға бір­деңені айтса, тауып сөйлейтін, аз сөзге көп мағына сыйғызатын аса парасатты, сабырлы да салмақты жан болған. Алысқанмен алысып, жұлыс­қанмен жұлысу әдетінде бол­маған. Тіпті «көзі­не көрінгенді көшіріп сала салатын натуралист», «отбасы, ошақ қасы­нан аса алмаған адам» деп, өзін төмен­деткісі келетіндермен де айтысып-тартысып жатпаған, үндемей жүріп-ақ үлкен іс бітіргенді жөн көрген.
Қастеевтанушы Бәзілжан Асылжанов айтпақшы, Әбілхан аға туралы көп айтуға да, аз айтуға да болады. Бірақ қалай бол­ғанда да, Қастеев Қастеев болып қала береді. Дегенмен қастеев­тануға қатысты көңіл­ді қынжылтатын бірталай маңызды мәселе бар. Мысалы, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салған осынау ұлы тұлғаны, оның қай­таланбас қолтаңбасы қалған өмір­шең мұраларын ұлықтау әлі күнге дейін шындап қолға алынған емес. Сурет­­шінің өмірі мен өнерін зерттеп, зерделей отырып жазылған мәнді де мағы­налы монография жоққа тән. Қас­теевтің кейбір кар­тиналарының өз ұр­пақтарының қолын­дағы түпнұсқа­лары сақталу жағдайла­ры­ның нашар­лығынан бояуы оңып бүлінудің алдында тұр. Ал ұлы суретшінің 1958 жыл­дан өмірінің соңғы сәтіне дейін тұрған және теңдессіз туындыларын өмірге әкел­ген қасиетті шаңырағы не нақты мұражай екені, не жай ғана үй екені белгісіз, әрі-сәрі күй кешуде. Нақ­тырақ айтсақ, осыдан жеті жыл бұрын мұражай жасаймыз деп, құзы­ретті мекемелер суретшінің ұр­пақ­та­рын жылы ұяларынан үдере көші­ріп жіберген. Өкінішке қарай, Қас­теев шаңыра­ғы­ның жуық арада мемо­риалды-мұра­жай­ға айналып, маң­дайы жарқырайтын түрі тағы кө­рінбейді.
Сайып келгенде, осының бәрі – көзі­нің тірісінде-ақ ұлт мақтанышына ай­налып үл­герген Әбілхан Қастеевтей ұлы тұлғаны ла­йықты дәрежеде дәріп­тей алмай отырға­ны­мыздың айғағы.

Қазақты бірсарынды бейнелеуден аулақ болды
Гүлфайрус ИСМАЙЫЛОВА, Қазақстанның Халық суретшісі:
– Шындығында, суретші ретінде та­ныл­ғанша оны ешкім көзге ілмеді. Алғаш­қы салған суреттеріне кәсіби сурет­шілер­дің менсінбей қарағаны рас. Кейінгі оқы­ған суретші­лер де оны «Әбілхан өз бетінше үйренген, дарынды бол­ға­нымен, сурет салу әдісі қарабайыр» деп сынайтын. Бірақ солардың өзі суреттің әліппесін Әбіл­хан­нан үй­рен­ген. Яғни мұның бәрі – көре­алмаушылықтан айтыл­ған сөздер. Өзінің қарапайымдылығы ма, ұяңдығы басым ба, әйтеуір, тынбай еңбектеніп, қанша сурет салса да, Әбілхан аға мақ­танып, көпке көрсете бермейтін. Көрме­лерге қатысқан­да менің суретім жүлдегер болса екен деп, өздігінен атақ-дәре­же­лерге ұмтылған емес. Басты артықшылығы – төрт-бес жыл бойы тапжылмай суреттің оқуын оқыған­дар­дан суретті артық сала білгендігінде. Оның шығармашылығының кілті – қазақ­тың өмірін, өз заманының ауырт­палығын бояудың тілімен сөйлет­кендігінде.
Әбілхан аға өз суреттерінде қазақты аңғал, сенгіш, өз­ге­ге бағынышты кейіпте емес, текті халық ретінде бейнеледі. Қа­зақ­тың тұрмысын бейнелей отырып, ол көшіп-қо­нып жүретін кең жайлау мен киіз үйді, ұлттық киімдегі қыз-келіншектерді, ат үстіндегі алпамсадай алып батырды са­ла­тын суретшілерді қайталамайтын. Қас­теев қазақтың қан­дай халық екенін кең- байтақ сахарасынан бастап бейнелеп, өл­кедегі тарихи оқиғаларды қамти отырып, біртуар тұл­ғаларымыздың жеке портретін салды. Қазақтың тұрмы­сына жан-жақты көзқараспен қарай білді. Қай суретінде болса да қазақты бірсарынды бейнелеуден аулақ болды.
Аңқаулықтары көп еді
Нұртас ҚАСТЕЕВ, суретшінің ұлы:
– Әкем Мәскеуде жүргенде бір қызық жағдай болыпты. Орыс тілін білмегендіктен оқи алмаған ғой. Суретін салып, мұ­ра­жайларды аралап жүріп жатқан. Жатақ­хананың еденін жуған. Сөйтіп жүрген же­рі­нен «бұл – Қытайдың шпионы» деп НКВД қызметкерлері ұстап алады да, қа­мап қояды. Өзін қорғауға әкемнің тілі жет­пейді, Мәскеудегі суретшілер ин­сти­ту­ты­ның директоры, Д.Фурмановтың әйе­лі Анна Фур­манова болмағанда сотталып та кетер ме еді? Сол кісі­нің арқа­сында босап, елге оралады. Одан кейін 1936 жы­лы «Қастеев суретшімін деп тау-тасты аралайды. Жердің өл­шемін сызып жүр, шетелге сатпақшы» деген жаламен де сұраққа алыныпты.
Негізі, әкем қазақтың тарихын жақсы білетін. Сол себепті де ұлы тұлғаларымыз­дың біразының суретін салып кетті. Кене­сарының суретін де сонау 1934 жылы сал­ған. Бірақ ешкімге көрсетпеген. Себебі ол кезде оны жарыққа шығара алмайтыны өз алдына, өзінің басына да бәле болатын еді. Сол сурет әкем қайтыс болған­нан кейін ғана жарық көрді.
Әкем Мәскеудің өзіне барғанда да қазақша сөйлеген. Мынадай бір жағдай болыпты. Партия съезіне барғанда сөз беріліп, мінбеге шығады. Ол кезде социа­листік міндеттеме деген болды, яғни тапсырма беріліп, соны орындау талап еті­летін. Әкем «Қой болсын, қой болмасын, біз берген тапсырмаларыңызды ор­ын­дай­мыз!» демей ме?! Сөйт­се орыстар «Не, мынау мінбеге шығып боқтап тұр ма?» деп шошыса керек. Біздің делега­ция­ның мү­ше­лері «Жоқ, қазақта сондай сөз бар» деп, орыс жолдастарға сөзін ауда­рып бе­ріп, тыныштандырған екен.
Әкемнің суреттен басқа ештеңемен әуестенгенін көр­меппін. Айналдыратыны тек қана сурет еді. Суретшілерді көлікпен қала сыртына, табиғат аясына алып шыға­тын. Бара салысымен барлығы алдымен ішіп-жеп, таза ауада демалып отырса, әкем құрал-сайманын алып, сурет салуға кетіп қалатын. Таңертең ерте тұратын. Аулада серуендеп жү­ре­тін, күпәйкесін киіп алып ауланы сыпыратын. Гүл өсіргенді, алма ағашын баптағанды жақсы көретін. Жалпы, өзі табиғатқа тым жақын еді.
Өзі өте қарапайым киінетін. Үстінен күпәйкесін тастамайтын.
Бір күні жиналысқа баратын болды. Үстіне ақ жейдесін, костюмін киіп, гал­стугын тағып, шляпасын киіп, шығып кет­кен. Анам соңынан терезеден қарап тұр­ған: «Әбілхан-ау, үйге қайт», – деп ай­ғайлап жатыр. «Не болып қалды екен?»  деп сырттан оралған әкемнің алдынан шықтым. Сөйтсем, әкем үстіне бәрін киіп, тек шалбар киюді ұмытып, дамбалымен кетіп қалыпты. Анам терезеден көрмегенде жина­лысқа солай барып тұрар ма еді?! Сондай аңқаулықтары көп еді...
Шоқан мен Қастеевті салыстыруға болмайды
Бәзілжан АСЫЛЖАНОВ, қастеевтанушы, әдебиетші ғалым:
– Американ суретшісі, жазушы әрі қоғам қайраткері Рокуэлл Кент бір келгенінде Қас­теевпен танысып, оның суреттерінен ұй­ымдастырылған көрмені тама­ша­ла­ған екен. Сонда: «Мен Қазақстанның кең-бай­тақ жерін қайтіп аралап шығамын деп келіп едім. Қастеевтің шығармаларын көру арқылы Қазақстанды толық танып-білгендей, көргендей болдым. Қастеев еңбектері Қазақстанның жанды шежіресі іспетті», – деп жоғары баға берген. Сол сияқты, Алматыға екі рет келген итальян суретшісі Ренато Гуттузо да Қастеев мұра­жайында болғанда: «Не деген керемет суретші! Біз екі шақырымдық жерді бір шығарманың ішіне, бір кеңіс­тікте сала алмаушы едік. Ал Қастеев 200 шақырымдық жерді бір картинаға сыйдырып жібереді екен», – деп таңдай қағыпты.
Дегенмен бізге Қастеевке құр тамсану­дың қажеті жоқ. Қастеевті жастарымызға, үлкен-кішіге түгел танытуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Қастеев мұрасы ғылы­ми-зерттеуді күтіп отыр. Яғни суретші еңбектерін ғылыми жүйеге келтіріп, талдау жасауға тиіспіз. Қастеев мұрасын тіпті өмірді танып-білудің қайнар көзі, бұлағы деп білген жөн. Қарап тұрсаңыз, қазіргі талап пен кешегі талап деңгейінің арасында айырмашылық көбейіп кетті. Модернистер, постмодернистер бірдеңе­ні қағазға шимайлай салып, «міне, сурет» дейді. Аттың басы қайсы, аяғы қайсы – біл­мейсің. «Соны ойланып, өзің тап» дейді. Ал Қастеев картиналарының бояуы адамды еріксіз өзіне тартып, суретті жанды бейнеге айналдырып тұрады. Әбекеңе тән бұл қасиет, бұл ерекшелік бүгінгі пост­модернизмнен асып түспесе, кем түс­пейді. Демек, Қастеев еңбектерінің ғылы­ми құндылығы бағасын жоғалтқан жоқ. Сондықтан кейінгі ұрпақтың сол арқылы әдемілікті, сұлулықты көре білуі, өмірдің мағынасын ұғынуы – қазіргі жастар үшін ауадай керек нәрсе.
Біреу біледі, біреу білмейді, бірақ қазірдің өзінде оған көзқарас басқаша. «Қастеев – қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы» десек, «жоқ, олай емес, оның алдында Шоқан Уәлиханов болған» дейді. Рас, Шоқан сурет сала білді, бірақ Қастеев екеуін салыстыруға болмайды. Осы орайда, Қастеевтің қасиетін барынша ашып көрсету, жұртқа ұғындыру үшін оның шығармаларын орта арнаулы мектептерде, жоғары оқу орындарында арнайы оқыту мәселесін шындап ойластыр­ғанымыз абзал.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста