Қылқаламына құдірет дарыған...
Атыраудағы ең бойы ұзын адам Бақыт Салиевті жерлестері қылқалам шебері, суретші ретінде жақсы таниды. Тағдыры «мүгедек» деген суық сөзге теліп қойса да, өнер құдіреті алға жетелеп келе жатқан Бақыттың қол жеткізген жетістіктері аз емес. Облыс орталығында бірнеше рет көрмелері ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін республикалық байқаулардан да жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Өзі де, өнері де ертеңіне үмітпен қарайды.
Сурет салмасам, шаршап қаламын
– Бақыт бала кезінен тұйық болды. Көбіне өзімен-өзі болуды, оңашалықты қалайтын, – дейді оның анасы Мәншүк. – Ұлымның бойындағы бұл өзгерістер менің жанымды ауыртты. Неге өзге балалардай асыр салып, ойнап-күлмейді, неге қуаныштың өзінде жайбарақаттылық танытады? – деп көп ойланатынмын. Ұлым он жасқа толғаннан кейін естуінде мүкіс барын байқадым. Бақыт ата-енемнің қолында, үлкен шаңырақта тұрды, біз енші алып, бөлек отау болып шықтық. Оны өзімізбен бірге алып кетуге бар ықылас-ниеттері осы баланың үстінде болып отырған ата-енемнің көңілдерін қимадым. Ал 14 жасқа келгенінде ата-әжесі бірінен соң бірі қайтыс болды. Енді ер жетіп, өмірді танып келе жатқан жасөспірім кезінде дүниедегі ең аяулы адамдарынан айырылуы ұлыма үлкен соққы болды. Бұрыннан мінезі ауыр бала енді тіпті өзгеріп кетті. «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін аналық жүрегім аса қиын күндерді бастан кешіп жатты. Сөйтіп жүргенде, Бақыттың өзін ауыр сезініп жүргенін байқап, дәрігерге апардым. Ақ халаттылардың «балаңның миында ісік бар» деген сөздерін естігендегі менің күйімді ешбір ананың басына бермесін! Сүргін басталды да кетті, анализдер тапсыру, сан түрлі атаудағы дәрі қабылдау, томографияға түсу... Орта мектептің 9-сыныбында тып-тыныш оқып жүрген ұлым Алматыдағы ауруханадан бір-ақ шықты. Ота жасалды. Құдайға мың да бір тәуба, ота сәтті шығып, үш ай ем алғаннан кейін Бақыт ортамызға оралды. Дәрігерлер «артық қимылдауға, тіпті еңкеюге болмайды» деген соң, 10-11 сыныптарды үйден оқыды. Қайдан оқыса да, мен үшін баламның амандығынан басқа ештеңе де керек емес еді. Бұрыннан да көп адаммен араласа қоймайтын Бақыт отадан кейін тіпті тұйықталып кетті. Бала кезінен суретке деген ерекше қызығушылығының бар екенін байқайтынмын. Тек күні-түні сурет сала беретін болды. «Балам-ау, шаршадың ғой, демалсаңшы», – десем, «Мама, мен, керісінше, сурет салмасам, шаршап қаламын», – деп жауап қататын. Өзі үш бөлмелі, Кеңестер Одағы кезінде салынған шағын пәтеріміз бояудың неше түрі мен сурет салынған қағаздарға толып кетті. Баламның ынтасын, талабын қайтармайын деп, ешқандай қарсылық көрсетпедім, қайта қолдап, суреттеріне пікірімді айтып қоятынмын. Кейін, ешқайда шықпайтын, көп ешкімді көрмейтін ұлымның жанына қуықтай пәтердің тарлық ететінін сездім де, оны белгілі суретші Әбілқайыр Жантасовпен таныстырдым. Мұндағы ойым – кәсіби білімі жоқ, бақтың орнына Тәңір титімдей талант қана берген ұлымның талабын шыңдау еді. Тағдырын «мүгедек» деген жанға ауыр тиетін жалғыз ауыз сөзбен байланыстырған Бақытымның қиындыққа мойымай, өз ісінен рақат алғанын, қолынан бір нәрсе келетінін сезінгенін қаладым.
«Арман қанатында» алдына жан салмады
Мына жалған дүниедегі пенде атаулының маңдайына жазылған сынның бірі адамның өзін-өзі іздеуі, өзін-өзі тануы болса керек. Мені қуантқаны, кейіпкерімнің өзін-өзі іздеуге талпынуы еді. Дүниенің құны бір тиын болып, тағдыры мүгедек деген үкім шығарған күннің өзінде ол осалдық танытпады, қайта қатал тағдырдың жүзіне қайтпас қайсарлықпен қарай білді. Және соған күш таба білді. Ал ол күшті Бақытқа қара қарындаш пен ақ парақтың бетіне түскен, аяқ-қолы сау адамдардың кейбірі ұғып, кейбірінің санасы да жетпейтін сырлы да сиқырлы суреттер берді. Қатар-құрбысы сауық-сайран құрып, алтын уақыттарын арзан думанға айырбастап жүргенінде ол шағын ғана пәтердің бір бұрышында өз ойы мен арман-аңсарын ақ парақтың бетіне түсірумен болды. Өнерге деген шексіз құштарлық, қайтсем де осы сиқырдың сырын білемін деген ынтызарлық оны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» мамандығы бойынша оқытатын бөліміне әкелді. Осы оқу орнында төрт жыл сырттай білім алған Бақыттың жаңа тынысы ашылды. Енді ол бұрынғыдай үйге тығылып алып, қағаз бетін шимайлаудан да басқа тірлік бар екенін және ең бастысы, өзінің қоғамға керек екенін ұғынды. Өзін түсінетін, кез келген жағдайда қолдау танытатын жақсы адамдардың барына көз жеткізді. 2006 жылы облыстағы «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігіне мүше болып қабылданды. Мұнда да бірлестік басшысы Күлбаршын Нұржігітова Бақытты ерекше ықыласпен қарсы алды. Өзіне артылған осынша сенімді бағалаған Бақыт облыста өтетін мәдени шараларға, көрмелер мен жәрмеңкелерге белсенділікпен қатыса бастады. Астанада мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткен «Арман қанатында» атты халықаралық фестивальден 1-орынды жеңіп алды. Бақыттың майлы бояумен салған суреті әлемнің әр бұрышынан келген балалардың туындыларының ішінде үздік деп танылды. Бұл сапар жас суретшіге қанат бітірді. Енді ол бірінен-бірі өткен әдемі суреттерін тек қағазға ғана емес, ақ матаға, холстқа салудың да қыр-сырын үйренуге ден қойды. Атыраудағы болашағынан үміт күттірер жас дарынның ерекше қабілеті туралы «Хабар» арнасы «Өмірге құштарлық» атты деректі фильм түсірді.
Суретші Бақыт Салиев – Атыраудағы ең бойы ұзын адам. Қазір оның бойы 2 м 08 см-ге жетеді. «Бұл өзгеріс оған ота жасалғаннан кейін пайда болды. Ал аяқкиімінің өлшемі – 52, сондықтан да қажетті аяқкиімдерді шетелден арнайы тапсырыспен алдырамыз», – дейді анасы Мәншүк.
«Алаңсыз шығармашылықпен айналысу үшін қазіргі күні маған ең қажеті – бір шеберхана. Оны сатып алуға шамам жетпейтінін білемін, үй кезегінде тұрғаным ғана үміттендіреді», – дейді Бақыттың өзі. Қабілет-қарымы ешкімнен кем болмаса да, қаржының аздығынан жақында ғана Астанада өткізілген көрмеге бара алмаған Бақыт жақсы күндерден күдерін үзбейді. Өмір жолында жақсы жандардың жолыққанына да шүкірлік етеді. Ал «суреттеріңді сатасың ба?» деген сауалымызға Бақыт: «Арнайы шығарып сатпаймын, көрмелер мен жәрмеңкелерде ұнатқандар алып жатады. Бір суретім Атырау бизнес және құқық колледжінің акт залында тұр, Нұрлы Әйтиева сатып алып еді. Тағы бір картинаның «Назгүл» шұбатханасына әр беріп тұрғаны қуантады. Ал Бауыржан Момышұлының портретін белгілі кәсіпкер Төкен Жұмағұлов сатып алды», – деп жауап берді.
«Неге қазақ қытайдың картиналарын төріне ілуі керек?», – дейді тағы да Бақыт. Шынымен де, үкілі домбыра тұратын үйіміздің төрін қытайдың сапасыз суретіне босатып бергенше, Бақыт секілді отандық қылқалам шеберлерінің шығармаларына назар аударсақ, қандай жақсы болар еді?!. Болмысы бекзат Бақыттың әр туындысы әр қазақтың төрінде тұруға әбден лайық.