Қылыш қорғанының құпиясы ашылды
Атыраулық археологтер Қылыш қорғанына қазба жұмыстарын жүргізу кезінде Сармат тайпасына тиесілі бағалы бұйымдарды тапты. Облыстық тарихи өлкетану мұражайының археология-ғылыми зерттеу бөлімі 20 күнгі жұмысының нәтижесінде алтын, күміс, қоладан жасалған 65 жәдігерді жер астынан аршып алды. 1 млн 500 мың теңге жұмсалған бұл жұмысқа мұражайдың 12 қызметкері қатысқан.
Облыстық тарихи өлкетану мұражайының директоры Серік Мұхамбетовтің айтуынша, Қылыш қорғаны 2008 жылы анықталған екен. Тарихи деректерде бұл қорғанды б.з.д. III – б.з. IV ғасырларда Атырау жерінде өмір сүрген сармат тайпалары тұрғызғаны туралы жазылады. Қорғанның биіктігі – 3 метр, ені – 14,15 метр, жалпы көлемі 145 метрді құрайды екен. «Атырау облыстық тарих және археология» орталығы қазба жұмыстарын жүргізбес бұрын Қылыш қорғанының маңына барлау жасапты. Нәтижесінде, бұл жерден төрт нысан табылып, оның бәрін жинақтап, Қылыш қорғандар тобы деген атау берілген.
Археологиялық топтың жетекшісі Қанат Құдабай алғашқы қазба жұмыстары Қылыш II қорғанында жүргізілгенін айтады. Бұл жерден әйел адамның сүйегі табылған. – «Сүйектің сол жақ төсінің тұсынан ақық тастан жасалған көзі бар күміс сақина мен қара моншақ, сол қолының білек тұсынан күміс қаңылтырға қондырылған тістен жасалған алқа, кеудесінен жамбасына дейінгі аралықта алтын жалатылған жапсырма, күміс жапсырмалар мен ілгектер, бел тұсынан былғары мен мата қалдығы және күмістелген екі белдік тоғасы табылды. Кіндігінің тұсына сыртқы жақ бетінде айдаһардың суреті бар қола айна қойылған. Сондай-ақ алтын жалатылған жапсырмалар, күміс жапсырмалар мен ілгектері бар белдік те шықты. Өрнектелген қола қазан да табылды», – дейді топ жетекшісі Қ.Құдабай.