Қымызмұрындық – Алатау театрында
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрында тұңғыш рет «Қымызмұрындық» атты этно-фестиваль болды.
Қымызмұрындық – қытымыр қыстан жүдеп-жадап шыққан көшпенді ел жайлауға шығып жадырап, сағынған сүйікті сусындарын ішіп, халық болып тойлатын үлкен мереке. Салт-дәстүріміз бойынша жаз тойы – негізінен мамырдың онынан бастап ай соңына дейін созылады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп, ата-бабаларымыз мал-жанның саулығы үшін ақсарбас қойды құрбандыққа шалып, әруақтарға құран бағыштаған. Жер-Ананың, асқар таудың, аққан судың, соққан желдің, ұшқан құстың, жүгірген аңның, көкорай шалғынның, төрт түлік малдың киелеріне арнап мінажат етіп, жарқын Күнге иіліп сәлем беріп, көк шалғынға қымыз тамызып, «Құтаю» рәсімін жасайтын болған. Соңғы жылдары ұмыт болып жатқан салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырып, ауқымы кеңеюде. Соның бір айғағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының басшысы Ринат Заитовтың бастамасымен ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» этно-фестивалі театр Қымызханасында жоғары деңгейде аталып өтті.
Ринат Заитов, Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры:
– Сіздерді «Қымызмұрындық» мерекесімен құттықтаймыз! Салт-дәстүрімізді, қазақилығымызды еске түсіріп, әсем әндер тыңдап, күнделікті күйбең тірліктен демалсыншы деген ниетпен бастарыңызды қосып отырмыз. Қош келдіңіздер! «Алатау» дәстүрлі өнер театры өнерпаздарының концертін тамашалай отырыңыздар.
Зал халыққа лық толды. Мейрам ақсақалдың ақ батасымен ашылып, дәстүрлі әнші, жыршы-термешілер құйқылжыта әндерін айтса, мың бұралған бишілер би-билеп, ән-жырға құмар көрермендердің ынтызар көңілдеріне көктем күніндей шуақты көңіл-күй сыйлады. Төрт түрлі қымыз бен ұлттық тағамдардан дәм татқан көрермендер концерт көріп, мәз-мейрам болды.
Дүрия Әуелқызы, көрермен:
– Театр өнерпаздарының өнерлері таңдай қақтырарлықтай екен. Кеш өте тамаша өтті! Ән де, би де, оркестр де бәрі тамаша. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тек келіп көру керек. Мұндай мейрам болады деп ойламаппын. Бір серпілтіп тастады. Халқымыздың салт-дәстүрі, өнері бәрі керемет қой. Осы сынды шараларды фестиваль секілді кең ауқымда өткізсеңіздер дұрыс болар еді. «Алатау» театрының өнерін барша қазақ көру керек. Нағыз өнеріміз, құндылықтарымыз осы театрда екен.
Қуаныш Маханметұлы, зейнеткер:
– Кешке келгеніме қуанып отырмын. Жақсы бастама екен. Салт-дәстүрімізді, қазақилықты көзіммен көріп, балалық шағым есіме түсіп, көңілім бір босап алды. Ауылда осылай жүретінбіз. Жасым қазір 70-ке келіп қалды. Бұл дәстүрді естігенмін. Бір-ақ, алғаш рет көруім. Қымыз ішіп, арқа-жарқа болып қалдық, жақсы демалыс болды. Ал, жастарға өнеге болатындай, жадыларында сақталатындай шара екен. Жалғасын тауып, салт-дәстүрлеріміз кеңінен насихаттала берсін!
Жалпы ұлттық сипаты жағынан «Қымызмұрындық» тойы Наурыз мерекесі, Құрбан айт секілді деңгейде тойланған. Ұмыт болып бара жатқан дәстүріміздің бір бөлшегі іспетті бұл той Тәуелсіздігімізді алып, ел іргеміз бекіп, еңсеміз тіктеле бастаған жылдардан бері, қайта тойлануда. Бұрын бір ғана облыс көлемінде аталған болса, жыл өткен сайын қолдау тауып, кеңінен насихатталып жүргені көңіл қуантады.
Ақбота Тойбекқызы,
«Алатау» ДӨТ «Әдебиет» бөлімінің маманы