Қымызмұрындық – қымыз мерекесі
Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған қауқылдасып, бірін-бірі қымызмұрындыққа шақырысып, мәре-сәре болысқан. Кейінгі жылдары осы бір әдемі ата дәстүрдің Екібастұзда да аталып өтуіне жергілікті Мұсылман әйелдер лигасы мол үлес қосып келеді.
«Шахтер» қалалық саябағында тойланған биылғы Қымызмұрындық мерекесінде Екібастұз өңірінің ауыл өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып қана қоймай, жігіттер армреслингтен білек күшін сынасып, кір тасын көтеріп, арқан тартысты. Оған қаладағы ірілі-ұсақты кәсіпорын еңбеккерлері де қатысты.
Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әр ауылдан жеткізілген сары қымыздың дәмін татып жатты. Тігілген киіз үйде қазақы дастарқан жайылып, қазақтың ұлттық тағамдары қойылды. Атадан балаға мирас болып келе жатқан игі дәстүр. Елдіктің белгісін көрсетер Қымызмұрындық кең далада атап өтуге сұранып-ақ тұр. Оны жұрттың ықылас-пейілінен аңғару қиын емес.