Қырғыз әуені этникалық музыка фестиваліне сән береді
The Spirit of Tengri фестиваліне қатысушылармен таныстыруды жалғастырамыз. Бізде қонақта – қырғызстандық әнші Gulzada. Ол жобаға «Жаз» және «Толғону» атты екі композициясын ұсынып отыр.
Гүлзада Рысқұлова – «Ордо-Сахна» фольклорлық-этнографиялық тобының солисі. Кәсіби шығармашылығына 10 жылдай уақыт болған орындаушы әндерінің біразын өзі жазған. Ош мемлекеттік педагогикалық музыкалық институтының түлегі қомыз, баян аспаптарында шебер ойнайды. Қырғыз жұрты Gulzada-ны эпос үлгілерін тұңғыш рет қазіргі заманғы музыкамен орындаған әнші ретінде таниды. «Мен ең алғаш «Құрманбек» эпосын этно-рок жанрында орындағанда көпшілік наразылық білдірді. Өйткені бұған дейін батырлық жырларды ешкім жаңа заманға бейімдемеген еді. Бірақ көп ұзамай «эпосты қомызбен ғана орындау керек» деп сын айтқандардың өзі «Манастың» үзінділерін қазіргі заманғы ырғақтарға көшіре бастады, солай орындау сәнге айналды. Меніңше, этникалық музыка тыңдармандарын көбейту үшін оны заманауи жанрлармен байланыстыруы керек», – дейді әнші. Қазір The Spirit of Tengri фестивалінің СТВ телеарнасындағы және Tengri FM радиосындағы эфирлерінен Gulzada-ның екі әні беріліп жатыр. Әншінің шағын сұхбатын газетіміздің алғашқы нөмірлерінен оқи аласыздар. Ал фестиваль қатысушыларының композициялары туралы мәліметті Facebook-тегі The Spirit of Tengri бетінен алуға болады.
Гүлзада, Қырғызстанның этноэстрада әншісі:
– The Spirit of Tengri фестивалінің маңызы орасан. Түркітілдес халықтар дүниежүзін онсыз да танымал болған шетелдік поп-музыкамен, эстрадамен таңғалдыра алмайды. Әлемді этникалық-фольклорлық шығармалар қызықтырады, олар үшін аспаптарымыз бен жырларымыз – тың дүние. Көне музыкалық мұрамызды жаңа заманға бейімдеп ұсынсақ, оны көпшілік қолдайды әрі мәңгіге сақталады. Осы ретте біздің құрлықта тұңғыш рет қолға алынған The Spirit of Tengri ауқымды жобасы – оң бағытта. Жоба фольклормен шектеліп отырған жоқ, ол архаикалық музыкаларға да терең барып отыр.