«Қыз ұзату» еркектердің еншісіндегі дүние ме?
Соңғы уақыттарда елімізге танымал әнші жігіттер жаңа кәсіпті шыр айналдыра бастады. Ата баба салтымен ұзатылатын қыздың тойында «Қыз ұзату» шаруасын ер азаматтар қолға ала бастаған. Осы мәселеге байланысты әлеуметтік желіде қызу пікірталас болғаны есте.
«Ер азаматтың қыз ұзатқанын ерсі көргендер» мен «жігіттердің қыз ұзатып ән салуында сөкет жоқ» дескендер екіге жарылды.
Инстаграм желісіндегі осындай пікірлерге қатысты әнші, әрі қыз ұзатудың шебері Жазира Байырбекова өзінің ойын "Айта берсін" бағдарламасында білдірді.
«Негізінде бұрындары жігіттер қарындасына ән айтып, ұзатқан ғой. Қолынан ұстамаса да, сахнада тұрып ән айтқан. «Аршыған жұмыртқадай, әппақ болған. Өзіңдей қарындасты қайдан табам?» деген әнмен қанша қыз ұзатылды.
Оны әйелдер айтқан жоқ, жігіттер айтты. «Қызым, қызым қанатым. Қимай қалды-ау анашым» деген ән бар ғой. Оны да жігіттер әкесінің орнына айтты. Айдардың қыз ұзатқаны тіпті керемет деп айтар едім», - деді Жазира Байырбекова.
Әншінің осы пікірін Айдар Тұрғанбек Instagram желісіндегі өз парақшасында бөлісті. Сонымен қатар Айдар ризашылығын білдіріп: «Алғаш қарындастарымды ағалық өсиетпен ұзатқанда, Жазира әпкем керемет шабыт берген еді.
Өзгеге жақсылық ойлап тұратын, жүрегі кең адам ғой. Алла разы болсын, сізге. Қазір міне осы «Қарындасқа тілек» әнін ұзатылатын қыздардың бәрі жақсы көріп қалып, келіп орындап беруімді сұрап жатыр. Аллаға шүкір», - деп жазды.
Және ең қызығы, осы жазбадан кейін Айдар Тұрғанбек 45 қызды ұзатыпты.