«Қыз Жібек» түркі тектіні тебірентті
Ыстамбұлдағы Сүррея опера театрында ТҮРКСОЙ ұйымының опера күндері қорытындыланды. Түркі әлеміндегі опера өнерін әспеттеген шараның соңғы күні қазақтың «Қыз Жібек» эпосының 500 жылдығына арналды. Сондықтан опера күндерін қорытындылаған соңғы концерттің бірінші бөлімінде «Қыз Жібек» операсы қойылды. Оған Алматыдан арнайы ат арытып, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының әртістері келді.
Жібек рөлін сомдаған Балапан Жұбаева мен Төлегенді тұлғаландырған Мұрат Шалабаевтың өнеріне көпшілік риза болды. Сонымен қатар Талғат Күзембаевтың орындауындағы Бекежан рөлі де келгендердің қошеметіне бөленді. Шеге рөлін ойнаған Болатбек Бөкенов пен Қамқа рөлін шығарған Дина Хамзинаға да құрмет ерекше болды.
ТҮРКСОЙ ұйымының түркі әлеміндегі опера күндерін «Қыз Жібек» арқылы қорытындылауы заңды да. Өйткені елімізде былтырдан бері «Қыз Жібек» эпосының 500 жылдығы тойланып келе жатқан болатын. Оған осы ұйымның атсалысуы қазақ әдебиеті мен өнерінің тағы бір жауһарының түркі әлемінің ортақ мұрасына айналғандығын аңдатты. Операның Ыстамбұлдағы қойылымы өткен жылы «Қыз Жібек» эпосын ЮНЕСКО ұйымы әлемдік мәдени мұралар тізіміне алғаннан кейінгі атаулы шара болып табылатындығын атап көрсеткен абзал.
ТҮРКСОЙ-дың опера күндеріне арналған қорытынды концерттің екінші бөлімі осы ұйымға мүше елдердің өнер саңлақтарының әлемдік классика шығармаларын орындауымен жалғасты.
Түркі әлемінің опера күндерін қорытындылау концерті ТҮРКСОЙ-мен бірге ТУРАБ, Ыстамбұл қаласының әкімдігі, Қадық ауданының әкімдігі және Малтепе университетінің ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Қорытынды концертте ТҮРКСОЙ бас директоры Дүйсен Қасейінов Ыстамбұл қаласы әкімінің орынбасары Мұстафа Алтыншашқа, Сүррея театры директорының орынбасары және Малтепе университетінің деканы Шахин Қарасарға құрмет грамоталарын табыс етіп, айтулы шараға атсалысқаны үшін алғысын білдірді. Бас директордың айтуынша, осындай деңгейдегі іс-шаралар алдағы уақытта да өзінің жалғасын тауып, қалың түркінің мерейін өсіре бермек.
Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, ТҮРКСОЙ ұйымының бас директоры:
– ТҮРКСОЙ ұйымының дәстүрлі опера күндерін бүгінде 75 жылдығын атап өтіп жатқан Абай атындағы қазақтың мемлекеттік Опера және балет театрының «Қыз Жібек» операсымен қорытындылап отырмыз. Еліміздің осынау асыл мұрасының түркі дүниесінің ортақ игілігі ретіндегі маңызын осылай бір танытқанды құп көрдік. Бізде тұтас түркінің мақтанышына айналар әдебиет, мәдениет және өнер мұралары баршылық. Алда осы жәдігерлерді таныту көкжиегін кеңітіп, ұйымдағы өзге де елдердің жетістіктерін паш ету бағытында біршама шаралар атқарылмақ. Ендігіде «Қыз Жібек» эпосын түрік тіліне аударып, кітап етіп бастырып шығармақ ниетіміз де бар.
Сара КҮЗЕМБАЙ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыка өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану докторы, профессор:
–«Қыз Жібектің» құдіреттік құпиясы неде жатыр десек, ол бірнеше топтама себептерден тұрады. Оның ішінде ең біріншісі – операның негізіне эпостың мазмұнының алынуы дер едік. «Қыз Жібек» эпосы – халық шығармашылығының асқан үлгісі. Тұңғыш ұлттық операның либреттосын жазған Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда «тілді дәл және нағыз шешендікпен игерген, сөздің нәрі мен күшін көркемділігінен іздеген» Ғабит Мүсірепов екені жұртшылыққа белгілі десек, көрнекті суреткер өзінің қайталанбас дарынын «Қыз Жібек» операсын жазу барысында да айқын көрсете алды.
Рекордшы опера
Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловский бірігіп жазған «Қыз Жібек» операсы – қазақ операсының қарлығашы. Опера алғаш рет 1934 жылы сахналанды. Содан бері опера әлемнің үлкенді-кішілі сахнасында 1500 мәртеден аса көрсетілді.
Түркі сойын түгендейтін ұйым
ТҮРКСОЙ – түркі мәдениеті мен өнерін бірігіп дамыту ұйымы. 1993 жылы түркінің ата жұрты Алматыда құрылды.