Қыздар – бұлбұл
Бұрынғымызға бұрылсақ, Ұлыстың ұлы күнiнде ғана жасалатын ұйқыашардың дәмi ауызға келедi. Бүгiн ше? Бүгiнгiлер осындай бiр ұлттық тағамның барын, оны жасау жолдарын бiле ме екен, әлде ол, шынында да, ұмыт боп қалды ма?
Ұйықтап жатқан ұрпаққа ұйқыашар керек
Тамара АСАР, әншi:
– Менiң ең жақсы көретiн адамым – ұлым. Ұлыстың ұлы күнiнде ұлыма «көңiлi ақ болсын» деп, сүтке қант қосып, май араластырып балқаймақтай ұйқыашар жасап беремiн. Қосымша айтарым, сүт және кондитерлiк өнiмдер шығарумен айналысатын iскер азаматтар Ұлыстың ұлы күнi қарсаңында ұйқыашар жасап шығарып, оның сыртқы орамасына құрамы мен жасалу жолын, жақсы тiлектер жазса, онда оны ұлттық тағам ретiнде қолданысқа енгiзуге болады. Ұйқыашар арқылы ұлттық рухымызды оятуға болады.
Ұлту ҚАБАЕВА, әншi:
– Рамазан, негiзiнен, жеңiл тағамдарды жақсы көредi. Шамам келгенше мен үнемi неше түрлi тағам түрiн ойлап табуға тырысамын. Сол өзiмнiң ойлап тапқан тағамдарымның iшiнде қызыл капустадан жасалатын салат бар. Рамазан сол салатты сүйiп жейдi.
Тахмина ӘШIМБЕКОВА, әншi:
– Ұйқыашарға мен мереке күнi «нансалма» деген тағам дайындаймын. Өйткенi бұл – жарымның сүйiктi асы. Қамырын аса қатты қылмай илеп, тынғаннан кейiн жұқалап жайып, қалаған кескiнмен кесiп, тұз салынған суға пiсiрiп аламын. Ет және пияз, сәбiз, бұрыш, қызанақ, басқа да көкөнiстердi турап, қуырып, дәмдеуiштерiн қосып, пiскен қамырдың үстiне әдемi етiп салып, дастарқанға ұсынамын.
Шәба ӘДЕНҚҰЛҚЫЗЫ, әншi:
– Менiңше, селт еткiзерге серiлерiмiз көңiлi қалаған аруына күмiс әшекей сыйлағаны жарасымды деп ойлаймын. Қазақ халқы күмiстi аса қатты бағалаған. Ал өз басым Наурыз мерекесiнде ұнататын адамыма арнап сiрне тағамын әзiрлегендi жөн санаймын. Қозының жас етiнен жасалатын үлпiлдеген дәмдi тағам кез келген қазақтың көңiлiнен шығары хақ.
* * *
ҰЙҚЫАШАРДЫҢ ҚҰРАМЫ:
Ұйқыашар жаңа төлдеген малдың уызынан, не болмаса, сүт, айран секiлдi ақтан жасалатын балқаймақ сынды ас болса керек. Жылқының майы мен құйрық-бауырын араластырып та ұйқыашар ұсынғандар болыпты. Тiптi бұлақтың таза суын да берген деседi. Ұйқыашар ретiнде сондай-ақ зереге боза, қымыз құйып әкелген екен.
ҰЙҚЫАШАРДЫ ҰСЫНУ:
Жiбек орамалмен жай ғана ыдысты сүрткен болып жiгiт қыздың бiлегiне қол тигiзiп, оның бүлкiлдеген тамырынан жүрек соғысын сезетiн болған. Осылай үнсiз тiлдесiп, «көзбен көрiп, iшпен бiлген» жастар ән айтып, күй шертiп, ойын ойнаумен түн күзетiп, таңертеңгiлiкте «Маңдайым ашық болсын, Жаңа жылдың басы – Ұлыстың ұлы күнiмен жаратқан ием бойымызға нәр берсiн!» деп, күннiң алғашқы жер-әлемге таралатын шапағатына маңдайларын тосыпты.