Қызылқұмның не бүккені бар?
Орта Азияның қақ ортасында көсіліп жатқан Қызылқұм деген шөл бар. Жақында сол жерден төл тарихымыздың қатпарынан сыр суыртатын жәдігерлер табылды. Былайғы жұрт тек театр сахнасы мен мұражайлардан ғана көріп жүрген кәдуілгі болат сауыт бірнеше тарихи болжамдарға жол аштып отыр. Тарихтан теберікті шөл далада мал баққан шопандар тауып алыпты. Жауынгерді қызғыштай қорғаған бұл темір кеудешелер туралы ақпарды олар алдымен жақын-жұрағатқа, ауыл-аймаққа жеткізеді. Олжалы хабар осылайша археолог ғалымдардың да құлағына жетіп, тарихи ортаға қызығушылығы бар жұртшылықты елең еткізді.Тарихшылар алғаш рет бұдан үш ғасыр бұрынғы қазақтардың жоңғарлармен шайқасының деректі жәдігерліктеріне кез болды.
Дәуірге тиесілі жәдігерлер сол замананың тыныс-тіршілігін айғақтап, өмір сүру салтын көз алдыңызға елестетеді. Оңтүстіктің археолог ғалымдары Әмудария мен Сырдарияның арасындағы шөл далаға барып, көшкен құмның арасынан шыққан кеудеше, дулығаға зерттеу жүргізуге қызу кірісті.Тарих ғылымдарының докторы Александр Подушкиннің есептеуінше, бұл дүниелердің мерзімі XVIII ғасырдың басына сәйкес келеді. Ол мезгіл — «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» атанған уақыт. Жоңғар шапқыншылығының салдарынан қазақ халқының баудай қырылып, жұт пен ашаршылықтың құрбанына айналып кете барған кезі. Бұл табылған дүниелер ең бастысы «Ақтабан шұбырынды» жылдары елдің барлық аймағында, соның ішінде оңтүстіктегі Қызылқұмда соғыс болғанының айғағы. Бұған дейін жаугершілік туралы тек жазба мәліметтерде ғана кездестірген болсақ, табылған жәдігерлер сол тарихи пайымды қуаттай түспек. Яғни, бұл заттар аяусыз қақтығыстар шалғайда жатқан Қызылқұмда да жалғасын тапқанының дәлелі. Жәдігерлер қазір ғалымдардың ойын онға, санасын санға бөліп тұр. Тарих тереңінен сыр шертетін бұл тарихи дүниелер Қызылқұм даласына қайдан тап болған? Тарихшы қауым бірнеше нұсқалы пікірлерін ортаға салды. Сауыттар мен дулыға қазақтың батырларына тиеселі болған. Демек, олар осында жоңғарларға қарсы партизандық ұрыстар жүргізген болуы мүмкін. Шөлді аймақтың соғыс жаттығуларын ұйымдастыруға таптырмайтын жер екені белгілі. Сауыттың қолданылған уақыты XVIII ғ. басындағы зұлмат жылдармен сәйкес келеді. Сол тұста басымен қайғы болған жұртшылық үдере көшіп, бас сауғалар жер іздеген. Сырдарияның сол жағалауына, яғни Қызылқұмның құмды қуысына қарай ойысқан. Өйткені, Сырдарияның сол жағалауынан 10-15 шақырым қашықтықта Қызылқұм шөлі басталады. Бұл әзірге, болжам. Бір анығы, ғылым өкілдері бұл сауыттардың қазақтарға тиесілі екене күман келтірмейді. Аргумент - ауа райы жайсыз шөлді аймақта жергілікті тұрғындар ғана өмір сүруі мүмкін. Әзірге табылғаны — екі кеудеше, иықты жауып тұратын қаптама мен дулыға. Барлығы да металл сақиналардан тоқылған. Иықты жабатын қаптамалардың сақиналары кеудешенің сақиналарымен салыстырғанда ұсақ. Тойтарылып жасалған сақиналардың таза қол еңбегі екені көрініп тұр. Мұндай ғажайып киімді екінің бірі кимеген. Ол қол бастаған батырдың не болмаса бай-шонжардың сауыты болуы мүмкін деседі. Алайда олжа табылған маңнан ешқандай қару-жарақ кездеспеді. Ендігі жерде шөл далаға қазақ батырларының қандай мақсатта барғанын да тарихшылар анықтауды мұрат тұтып отыр. Арал теңізі, Зеравшан аңғары мен Нұратаудың ортасында жатқан боз далада осыдан үш ғасыр бұрын нендей жағдай болды? Құмы жанға шипа Қызылқұмның не бүккені бар? Бұл сұрақтардың барлығы да жауабын күтеді. Күн жылынса, Шардара даласына арнайы экспедиция аттанбақ.
Кеңес заманында төрт түлікке құтты мекен болған Қызылқұмда бүгінде жер асты байлықтарының мол қоры бар екені анықталды. Шиелі жерінде уран өндіріле бастады. Көрші өзбектер өз жерлерінен газ бен алтын алып жатыр. Енді, міне, бір емес, бірнеше сауыт пен дулыға табылып, «қазақ халқының өткен өміріне мен де куәмін» дегендей қатпарлы тарихтың бір шетін шығарды...
©tengrinews.kz фото
Қызылқұмда табылған сауыт ©tengrinews.kz фото