Қызылжар Абылайдың арқасында қала болған
Биыл Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады. Ал сол мемлекеттің іргетасын қалап кеткен алып тұлғалардың бірі Абылай ханның туғанына да – 300 жыл. Абылай тарихта қырық пышақ болып қырқысқан қазақ руларын ортақ мақсатқа біріктіре алған, яғни үш жүздің басын қосып, қазақ хандығын жау алмастай қуатты елге айналдырған тұлға ретінде қалды. Оның жүргізген көпвекторлы саясаты қазақ елі үшін ХХІ ғасырда да өзектілігін жоймақ емес. Міне, 2011 жылдың төртінші айына да қадам бастық, бірақ билік тарапынан тарихи тұлғалар ішіндегі ең шоқтығы биік тұрған Абылайдың асын дүркіретіп өткізетіндей емеурін байқалмайды.
Қызылжар – Абылайдың қаласы
Петропавл қаласына тарихи атауын қайтару мәселесі қаншама жылдардан бері дауға айналып келеді. Қызылжар атауына қарсы шығушылар «мұнда 1752 жылы Ресей патшасы Петр мен Павел бекінісін салғанға дейін қала болған жоқ» деген уәжді алға тартады. Тарихқа көз жүгіртсек, қаланың болмағаны рас, бірақ бұл жерді Қызылжар деп атап, қазақтар мекен еткеніне ешкім таласа алмайды.
Ал қала қалай пайда болды? Патша қазақтардың шабуылынан сескеніп, бекіністер салған. Қазақ даласына қаратып зеңбіректер қойған. Мұндай бекіністер саны өте көп болған. Бірақ олардың арасында жанына адамдар қоныстанып, ірі қалаға айналғандары санаулы, солардың бірі – Петропавл бекінісі. Оның өзіндік себебі бар.
Бекініс 1752 жылы салынды дедік, ал 1759 жылдың 22 қазанында Абылай сұлтан әскер шебінің командирі, полковник П.А.Роденге қазақтардың сауда-саттыққа араласуына жағдай жасау жөнінде өтініш білдіріп, осы бекіністің жанынан жәрмеңке ашу туралы хат жолдайды.
Тарихшылардың айтуынша, сауда-саттық жүргізуге басқа жерлер ұсынылғанымен, Абылай айтқанынан қайтпаған. Сөйтіп, Есілдің оң жағасында, өлкетанушылардың сөзіне сенсек, қазіргі облыстық телестудия орналасқан жерде 1759 жылдың 22 желтоқсанында жәрмеңке ашу жөнінде жарлық шығады.
Бұл мәліметті «Абылай настаивал на организации «сатовки» (места торговли) в крепости на Ишиме» деп белгілі қазақ ғалымы, тарих ғылымының докторы Ермахан Бекмаханов та растайды.
Қызылжар жәрмеңкесі сол кезде Орта Азиядан келетін сауда-саттықтың орталығы болған. Сондықтан оның жанына адамдар көптеп келіп шоғырлана бастаған. Демек, қаланың пайда болуына бекініс емес, Абылай ашқызған жәрмеңкенің себеп болғанын аңғару қиын емес.
Керуені жүрген көшеге аты берілсе...
Қызылжар жәрмеңкесінде екі ірі керуен тоғысты. Бірі – Ташкент пен Бұқарадан, екіншісі Құлжадан келді, негізінен, ортаазиялық және қытайлық тауарлар жеткізілді. Ал сатылатын мал қазақ даласынан айдап әкелінді. Есілдің оң жағалауындағы қазіргі Подгорный ауылының маңы Абылай мекені деп аталады. Шөптесінге бай, шоқ-шоқ болып өскен қайыңдары көп жайылым. Бұл жерлерде Абылай ханның жәрмеңкеге әкелген малы бағылған.
Сол жайылымдағы мал да, басқа өңірлерден келген керуен де жәрмеңкеге қазіргі Кәрім Сүтішев көшесінің бойымен жүріп өткен. Бұл көше 1924 жылға дейін Керуен (Караванная) көшесі деп аталып келген болатын. Кейін кеңес өкіметі орнаған соң, татар Кәрім Сүтішевтің есімі берілген.
Сондықтан да өңірдің зиялы қауымы Абылайдың керуені жүрген көшеге атын беруді ұсынып отыр. Бұл көшенің бойында тарихи нысан – «Абылай ханның резиденциясы» мұражай кешенінің орналасқандығы да аталмыш ұсыныстың орынды екенін аңғартады. Қызылжар қаласының пайда болуына себепші болған Абылайға сол шаһардан бір көше бұйырмауы – ұятты жайт. Биылғы 300 жылдық мерейтойында бермегенде, қашан береміз?
Социал ЖҰМАБАЕВ, тарихшы, «Асыл мұра» орталығының мүшесі:
– Кәрім Сүтішев көшесін Абылай хан даңғылы деп атау туралы ұсыныс бұған дейін де жасалған болатын. Тіпті қалалық ономастикалық комиссияда да қаралған. Қаладағы татарлар қарсы болған соң жылы жауып қоюға тура келді. Енді, міне, үш жүздің басын қосқан ұлы ханның 300 жылдық мерейтойы келіп отыр. Есімін биыл бермесек, қашан береміз деген сауал туындайды. Бірақ ұлтаралық араздық тудырып алмау мәселесін де ескеру керек. Кәрім Сүтішевтің де еңбегі елеулі, оған басқа бір көшені беруге болады. Мен көше түгіл, қаланың атын да Абылай хан деп атауды ұсынғанмын кезінде. Ресей өз патшалары І Петрді қалай ұлықтаса, біз де Абылайды солай ұлықтауымыз керек.
«Ақ үйде» ақша жоқ
Қызылжардың Абылай есімімен тығыз байланыстылығын аңғартатын тағы бір тарихи ескерткіш – ханның екі қабатты Ақ үйі. В.Басин деген ғалымның «ХVI-XVIIІ ғасырлардағы Ресей мен қазақ хандықтары» кітабында «Для Аблая был построен деревянный дом близ реки Ишима в горах Енгистау» деп жазылған. Мұны зерттеушілер Қызылжар қаласының ойдан дөңге көтерілген жері екенін анықтады. Ғалымдар осы сөздерді дәлелдейтін тағы бірнеше құжатты Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы мұрағаттарынан тапты. 2003 жылы Ресей сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан табылған құжаттар арасында Омбы бекінісінің генерал-поручигі Шпрингерден жолданған, Абылай ханға ағаш үй салу туралы 1765 жылы 25 қазанда жазылған құжат бар. Құжатқа қосымша ретінде үйдің сызба жобасы да берілген.
Абылайға үй 1765 жылы салынған. Дөң үстіндегі бір қабатты бөренеден өрілген ғимарат өртеніп кетіп, кейін оның орнына екі қабатты әскери лазарет бой көтереді. Бізге жеткені – сол. Тарихи ескерткіш «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында қалпына келтіріліп, 2008 жылы ашылған болатын. Бір өкініштісі, мұражайдағы жәдігерлердің біреуі де түпнұсқа емес. Абылай ханға қатыстыларын атамағанда, тіпті XVIII ғасырда жасалған бірде-бір көне затты кездестіре алмайсыз. Мәдени ошақтың басшысы Гүлнәр Сыздықова мұны жәдігерлерді сатып алуға қаржының жоқтығымен түсіндіреді. Директордың сөзінен Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына байланысты шараларды өткізуге де соқыр тиын жоқ екенін аңғардық.
Гүлнәр СЫЗДЫҚОВА, «Абылай ханның резиденциясы» мұражай кешенінің директоры:
– Мұражайдың екі қабатты ғимаратының жанында ағаштан жасалған канцелярия, қонақүй, монша, ет кептіретін үйшік бар. Бірақ бәрі құлыптаулы, себебі ішіне қоятын жәдігер жоқ. Бар-жоғы 200 жәдігер бар, бірақ оның бәрі – көшірме немесе кейініректегі заттар. Ханның 300 жылдығына байланысты жәдігерлерді толықтырсақ деген жоспар бар. Бірақ оларды сатып алуға ақша жоқ. Бұл хан резиденциясы болған соң, қарабайыр заттарды қоюға болмайды. Конференция, көрмелер ұйымдастырамыз ба дегенбіз, бірақ биылғы жылға бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ.
Ұсыныс
Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры:
– Абылайдың 300 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту керек деп ойлаймын. Жылдың ортасына да келіп қалдық, асығып-аптығып, бірдеңелерді қойыртпақтап өткізе салуға болмайды. 2011, 2012, 2013 жылдарды Абылайға арнап, кең ауқымды шаралар ұйымдастырған дұрыс. 300 жылдық мерейтойды үш жыл тойласақ та артық емес.
Өткен жылдың күзінде Мәжіліс депутаттары Тоқтарбай Қадамбаев пен Жарасбай Сүлейменов Абылай ханның 300 жылдығын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы шеңберінде мемлекеттік деңгейде атап өтуді ұсынып, Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын. Жақында жауап келіпті. Онда «2009 - 2011 жылдары республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесі бекітілген. Абылай ханның туған жылына қатысты энциклопедиялық деректерде 1711 және 1713 жылдардың көрсетілуі және нақты жылының белгісіз болуы себептерінен Абылай ханның 300 жылдық мерейтойын атап өту жоғарыда көрсетілген тізбеге енбеген. Сонымен бірге 2011 жылы еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтумен қатар, Қазақстан Республикасы Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық етеді. Жоғарыда айтылғанға байланысты көтерілген мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Абылай ханның 300 жылдық мерейтойын 2013 жылы лайықты атап өткен жөн деп санаймын» делінген. Үкімет мерейтойды екі жылға шегере тұруды ұйғарған екен. Демек, «Абылайдың асында шабамын» дегендерге аттарын баптауға уақыттары жеткілікті.