Қызылжарда қазақ мектебі қашан ашылады?
Қызылжар қаласында қазақ тілінде сабақ беретін мектеп тапшы. Қаладағы қаракөздеріміздің жартысына жуығы осы себепті орысша оқуға мәжбүр. Барлығын бірдей қазақша оқыту үшін әлі үш-төрт білім ошағы керек екен. Ал қазақ мектебінің құрылысы жақын болашақта басталады дегенге сену қиын.
Бүгінде орыс мектептеріне барып, өзге ұлттың тілінде сөйлеп, Абай мен Мағжанның жырларын аудармадан ғана оқып жүрген қазақ балаларының саны үш жарым мың. Қаладағы жалпы білім беретін 37 мектептің тек бесеуі ғана таза қазақша екен. Ара салмағы жер мен көктей. Ресми деректер Қызылжардағы қазақтар барлық тұрғындардың 20 пайызын ғана құрайды деп отыр. Демек, мектептердің санының аздығын да осымен түсіндірмек. Бірақ жаңағы білім ошақтарындағы балалардың санына көз жүгіртсеңіз, мүлдем басқа көріністі байқайсыз.
Тәуелсіздік алған жылдары салынған қазақ классикалық гимназиясында бүгінде мыңға жуық бала оқиды. Ал оқу ғимараты бар-жоғы 320 орынға шақталған. Үш есе көп. Яғни 2-3 ауысымда оқуға мәжбүр. Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің ескі ғимараты да 300 баланы қабылдауы керек, ал қазір ондағы оқушылар саны екі еседен асып жығылады. Әл-Фараби мектеп-лицейі мен № 20 мектепте де дәл осындай жағдай. Тарлық көрмей отырған тек 19-ықшам аудандағы 1100 орынға арналған жаңа мектептің оқушылары ғана.
Қызылжарда қазақ мектебі қашан ашылады?
Қызылжар қаласында қазақ тілінде сабақ беретін мектеп тапшы. Қаладағы қаракөздеріміздің жартысына жуығы осы себепті орысша оқуға мәжбүр. Барлығын бірдей қазақша оқыту үшін әлі үш-төрт білім ошағы керек екен. Ал қазақ мектебінің құрылысы жақын болашақта басталады дегенге сену қиын.
Бүгінде орыс мектептеріне барып, өзге ұлттың тілінде сөйлеп, Абай мен Мағжанның жырларын аудармадан ғана оқып жүрген қазақ балаларының саны үш жарым мың. Қаладағы жалпы білім беретін 37 мектептің тек бесеуі ғана таза қазақша екен. Ара салмағы жер мен көктей. Ресми деректер Қызылжардағы қазақтар барлық тұрғындардың 20 пайызын ғана құрайды деп отыр. Демек, мектептердің санының аздығын да осымен түсіндірмек. Бірақ жаңағы білім ошақтарындағы балалардың санына көз жүгіртсеңіз, мүлдем басқа көріністі байқайсыз.
Тәуелсіздік алған жылдары салынған қазақ классикалық гимназиясында бүгінде мыңға жуық бала оқиды. Ал оқу ғимараты бар-жоғы 320 орынға шақталған. Үш есе көп. Яғни 2-3 ауысымда оқуға мәжбүр. Қожаберген жырау атындағы № 6 мектептің ескі ғимараты да 300 баланы қабылдауы керек, ал қазір ондағы оқушылар саны екі еседен асып жығылады. Әл-Фараби мектеп-лицейі мен № 20 мектепте де дәл осындай жағдай. Тарлық көрмей отырған тек 19-ықшам аудандағы 1100 орынға арналған жаңа мектептің оқушылары ғана.
Қазақша оқығылары-ақ келеді, әттең...
Орыс мектептерінің табалдырығын аттап жүрген үш жарым мың қазақ баласының арасында өз тілінде оқығысы келетін, бірақ ондай мүмкіндіктің болмауына амалсыз төзіп жүргендері қаншама?! Тәуелсіздік алып, алғаш қазақ мектептері ашыла бастағанда олардағы білім сапасына күмәнмен қарағандар көп болатын. Қазір бәрі керісінше. Ұлттық бірыңғай тестілеу қазақ балаларының білім деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Мысалы, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық гимназия-интернат осы өңірде ең үздік шығып, республикадағы санаулы оқу орындарының қатарына кірді. Басқалары да осал емес. Демек, балаларын қазақ мектептеріне оқуға бергісі келетін ата-аналар саны жылдан-жылға артып келеді.
Өткен жылы ауылдан көшіп келген Тілеулиндер отбасы мектеп жасындағы жалғыз қызын оқуға бере алмай, көп қиналғандарын айтады. Қаладағы мектептердің түгел дерлік есігін қағып шыққан. Ешқайсысы алғысы келмеген. Себебі мектептер толық. «Ақыры танысымды салып жүріп, №20 мектепке орналастырдым. Оның өзінде төртінші сыныпқа тест тапсырып барып кірді», — дейді Ажар Тілеулина.
Қазақ қашанғы таршылық көре бермек?
Есептеп көрсек, қаладағы қаракөздер үшін әлі үлкен-үлкен үш-төрт мектеп қажет-ақ. Алайда қалалық білім басқармасының басшылары бюджетте бұл мақсатқа қаржы қарастырылмағанын айтып отыр. Төзімді қазақ оған да келісті.
Тығырықтан шығудың жолы қайсы? Шамасы, орыс мектептерін біріктіріп, бірнешеуінің ғимаратын қазақ балаларына алып беру қажет сияқты. Қараңыз, Қызылжардағы 1100 орындық №4 орыс мектебінде 780 оқушы оқиды, оның жанындағы 1116 балаға шақталған №23 мектепте – 750, ал 1568 орындық №8 мектепте 1100 оқушы білім алады. Бұлардан басқа «Дарын» мектеп-лицейінде 800-дей бала оқиды, ал ғимараты 1176 балаға шақталған екен. Қазақ мектептерінің оқушылары аузы-мұрнынан шығып сыймай отырса, өзгелерінде көптеген кабинеттер қаңырап бос жатыр.
Бірақ біздің билік ұлтаралық араздық тудырып аламыз ба деген жалтақтықпен бұған да бармай отыр. Жақында ғана оқушылары аз №2 орыс мектебін мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтына алып беру туралы білім беру басқармасы бастығының шешімі шыққан-ды. Алайда ата-аналар жиналыс өткізіп, орыстілді басылымдар шу көтерген соң, басшылар тағы да өз дегенінен қайтып, өзгенің жетегінде кетуге мәжбүр болды.
Аралас мектеп оңдырмас...
Қазақ балаларының жанайқайы облыс әкімі Серік Біләловке де жетті. Ол кісі өткен жылғы тамыз конференциясында білім беру саласының басшыларына бұл мәселені шешуді тапсырған-ды. Шешімі мынау: биыл күзде бес-алты орыс мектебінде қазақ тіліндегі бірінші сынып және дайындық бөлімдері ашылады. Яғни Қызылжарда аралас мектептер саны көбейеді. Жоқтың қасында бұған да шүкір деп отырғандар бар.
Гүлдарай ҚАЙНЕТОВА, қалалық классикалық гимназияның директоры:
— Мектебімізде оқушылар саны жоспардағыдан үш есе көп. Ғимараттың бұрыш-бұрышындағы бөлмелерді қосып, кең кабинеттерді бөліп, әйтеуір, оқушыларды сыйғызып отырмыз. Бөлмелер тар, әрі қараңғы. Бұл оқу сапасына кедергі келтіретіні анық. Жаңа оқу жылына дайындық бөліміне 150 баладан өтініш түсті. Әрине, бәрін қабылдай алмаймыз. 100-ін алдық, қалған 50-інің қайда баратынын білмеймін. Алайық десек те, оларды сыйғыза алмаймыз. Білім басқармасымен келісіп, биыл мектебіміздің оқушыларының жартысын жанымыздағы орыс мектебінің бос бөлмелерінде оқытпақпыз.
ДЕРЕК
Қызылжар қаласында жалпы білім беретін 37 мектеп және екі мемлекеттік емес мекеме (әулие С.Родженский құрметіндегі жекеменшік мектеп пен №1 жекеменшік мектеп-лицей) бар. Бесеуі — қазақша, қалғандары — орыс тіліндегі оқу орындары. Оларда 20500 мың бала оқиды. Қазақ балаларының саны – 8 мың. 4,5 мыңы – қазақша, 3,5 мыңы орысша оқып жүр.