Республикалық «Бұраң бел» би байқауы өтті
Шымкентте республикалық «Бұраң бел» би байқауы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 14 би ансамблі қатысып өнер көрсетті. Шараның мақсаты – ұлттық би өнерін дамыта отырып, шығармашылық ұжымдарды өзара тәжірибе алмастыру.
Байқау шарты бойынша ұжым мүшелері 16 жастан асқан болуы керек және қазылар алқасының назарына екі биден ұсынады. Оның біреуі қазақтың халық биі болса, екіншісі – еркін тақырып. Бірінен-бірі қалыспайтын таңдаулы өнер ұжымдарын бағалау оңай болмады. Қазылар би ансамбльдерінің шеберліктерімен қатар, костюмдеріне, ұлттық нақыштарына ерекше көңіл бөлді. Ұзақ талқылаудан кейін топжарғандар да белгілі болды. Бас жүлдеге Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Бисұлтан» би ансамблі лайықты деп ұйғарылды. Байқоңыр қаласының «Дидар» халық би ансамблі бірінші орынды иеленсе, маңғыстаулық «Жорға» ұжымы мен шымкенттік «Қаракөз» ансамблі 2-орынды өзара бөлісті. Үшінші орын жамбылдық «Ақкербез» бен көкшетаулық «Гәкку» ұжымдарына берілді. Барлық өнер ұжымдары арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Күлия АЙДАРБЕКОВА, ОҚО Мәдениет басқармасының бастығы:
– Ата-бабаларымыздан, әжелерімізден келе жатқан ұлттық өнерді, билерімізді бүгінгі жас ұрпаққа үйретуіміз керек. Бұл шараны осы мақсатта өткізіп отырмыз. Негізі, қазақ халқының ұл-қыздары өте сұлу келеді. Ал соның ішінде биге қатысқан жастарымыз өте ерекше болып көрінеді. Алдағы уақытта бұл шара тағы да жалғасын табатын болады.