Ринат Зайытовтың сымбатты бауыры Эминемнен асып түсті (фото, видео)
Танымал ақын Ринат Зайытовтың сымбатты немере інісі Сұңғат Рифхат туралы бірқатар қызықты деректерді NUR.KZ порталы "Экспресс К" басылымына сілтеме жасап, назарларыңызға ұсынады.
Интернет жұлдызына айналған Сұңғат Рифхат Ринат секілді өнерге бет бұрған. Алайда ол халыққа ақындық өнерімен емес, рэпер ретінде танылып жүр.
Эминемнің әнін домбырада орындаған азамат YouTube желісінде 1,7 млн қаралым жинап үлгерді.
"Осы жылы мен Жүргенов атындағы өнер академиясын "театр және кино актері" мамандығы бойынша тәмамдадым. Мені танымал еткен ролик достарыммен отырғанда аяқ асты түсірілген. Содан кейін мен бір күнде танымал болып шықтым. Тіпті телевидениеге де шақырту алдым. Театрға бармайтыным анық. Ал фильм кастингтеріне міндетті түрде қатысып көремін", - дейді 24 жастағы Сұңғат.
Бүгінде Сұңғат Алматыда тамада болып жүр. Қазақ-түрік лицейін бітіргендіктен, арасында аудармашы болып жұмыс істейді. Болашақта досымен бірге рэперлік дуэт құрмақ.
Талай өнер иелерін сыртқы келбеті мен стиліне бола сынап үлгерген Ринат Зайытов немере ағасына да ақылын айтып отырады. Мәселен, ол Сұңғатқа қазақ ұлттық музыкасын орындауға кеңес беріпті.
Айта кетерлігі, Сұңғат Түркияда түрік тілінің олимпиадалары аясында өткен халықаралық байқаудың лауреаты атанған. Ол жерде жас жігіт Босфор жағалауына салынған стадионда домбырада ойнап, өнер көрсеткен.