Руслан Бөлебайдың соңғы эфирі
Қазақ тележурналистикасы мен шоу-бизнесі жұлдызынан айырылды. Шілденің 17-сі күні таңертең «Қазақстан» ұлттық арнасының журналисі, белгілі жүргізуші әрі жас әнші Руслан Бөлебай жол апатынан қайтыс болды.
Қаралы күні Алматының Жамбыл және Гагарин көшелерінің қиылысында әнші Нұржан Қалжанның «Тойотасы» «Мерседес» көлігімен соқтығысқан. «Тойотада» Нұржаннан басқа Руслан Бөлебай және тағы үш адам болды. Кездейсоқ оқиғаның салдарынан осы көліктегі BR style тобының саксофонист әншісі Бауыржан Бегімбетов тіл тартпастан кеткен. Ал әріптесіміз Руслан бірнеше сағаттан соң ауруханада жарық дүниемен қош айтысты. Қалғандары түрлі деңгейде жараланған
Бейсенбі күні таңертең Руслан өзінің соңғы эфирін өткізіпті. Ұлттық арнаның таңғы бағдарламасы қызметкерлері: «Сол күні ол көрермендермен емен-жарқын әңгімелесіп, хабар барысында күле беріп еді», – деп еске алады. Бұл әрбір жұмыс күні жұртшылыққа сергектік сыйлап жүретін 24 жастағы жарқын жүзді тележүргізушінің көрермендермен қоштасқаны шығар, бәлкім?! Руслан қайғылы оқиға болған күні белгілі жас қобызшы Ақерке Тәжібаеваның Түркияда өтетін концертінде ән салуға аттануы тиіс еді. Өнердегі достарының қазасына орай Ақерке шығармашылық кешін кейінге қалдырды.
Көпшілік Русланды жол апатынан сақтануды ескертетін бейнеролик арқылы да білетін. Оның ажалы осындай келеңсіздіктің салдарынан келетінін кім ойлапты?!
Бүгін «Қазақстан» ұлттық арнасының ұжымы тележүргізушімен қоштасу рәсімін өткізеді. Әріптесіміздің сүйегі жексенбі күні туған жері Шиелі қаласында жер қойнына тапсырылмақ. «Алаш айнасы» газетінің ұжымы журналистің ата-анасы мен туысқандарына, жақын жолдастары мен оны күн сайын эфирден асыға күтетін барша көрерменге қайғырып, көңіл айтады.