Рух сардары

Рух сардары

«Ұлы төңкерістер заманы титандар туғызады» деп еді бір кезде Ф.Энгельс. Айтса айтқандай, адамзат баласы­ның қу жанын шүберекке түйгізіп, бір тарының қауы­зына сыйғызған әйгілі ХХ ғасыр қазақ топырағында да небір жайсаңдар мен жампоз­дарды дүниеге әкелді. Ақ патша зұлымдығына қарсы бас көтерген, өмірі сескенуді білмейтін, қаһармандықтың көкесін көрсеткен дала жолбарыстарын айтпағанның өзінде, кешегі Алаш кемеңгер­лерінің ұлт үшін атқарған кемел шаруалары, ірілігі, мемлекет, халық үшін қандай көр азапқа болса да бас тігуі, жойқын тәуекелге баруы еріксіз жанарыңа жас келтіре­ді, көңіл құрғыр босап қоя береді, іштей жан-жүрегің езіліп, егілесің...

Руханият жанашыры
Алаш арыстарын қызыл жендеттер бірін қалдырмай қырып тынды, ал олардың ізін ала келген, сұрқия саясат сойқанымен алы­са жүріп, соқталы істер тындырған сайып­қырандарды қайда қоямыз?
Бір қарағанда бүгінде аштан өліп, көштен қалғандай ештеңеміз жоқ, бірақ көңіліміз алаң, жүрегіміз күпті, көкіректе бір дерт бар сияқты. Ол дерт мынау – қазіргі қазақ қоғамында ұлт үшін күрес саябырлап, ірілік, шешендік, қазақы сақилық, мәрттік, даналық, ізгілік сияқты қасиетті қағидаттар жойылу үстінде.
Міне, біздің егілуіміздің, зарығуымыз­дың сыры осында!
Жарты құдай Хрущевтің өзіне азуын көрсеткен иманды болғыр Жұмабек Тәше­нов, белгілі бір кезеңдерде ұлт мәдениетін өрге өгізше сүйреген «Темір нарком» Темірбек Жүргеновтей қайсар басшылар, әдебиеттегі аракідік күмпиіп шыққан «ши­қан­дардың» өңезін сылып отыратын қайран Мұхтар, Сәбит, Ғабиттердей тура билер, даңғой Хрущевтің өзін дипломатиялық даналығымен бас идіріп, республиканың талай күйіп тұрған мәселелерін табан ас­тын­да шешіп беретін, өзінің аяғына бәтең­кесінің шегесі кіріп, ақсаңдап жүрсе де, жаңа аяқ киім алайық деген көмекшісіне: «Маған басқасын алғанша, сол ақшаны Мәскеудегі жағдайы төмен қазақ студент­теріне бер!», – дейтін Қаныш Имантайұ­лындай ғұламалар қайда бүгін?!
Тамырынан толғап тартып қарайықшы, біз осындай естанды халге қалайша тап болдық?
Биыл Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған, ұлтымыздың сауатын ашуға бастау болған, «Қазақ әліпбиінің» 1912 жылы Орынбор қаласында басылып шығып, елінің қолына тигеніне 100 жыл, мемлекет қайраткері Д.Қонаевтың, өнер жұлдыздары – Күләш пен Шараның, сан қырлы талант, ұлт мақтанышы – Ілияс Омаровтың туғанына 100 жыл толды.
Тіршіліктің, тағдырдың алуан толқын­дарымен жағаласа жүріп, пенде шіркін мой­нындағы аманаттың бәрін тап-тұй­нақтай орындай ала ма? Жоқ, орындай алады екен. Оған куә Ілияс Омаровтың күреске, ізденіске, біреуге қамқор болуға, сөз бен сертке беріктік, кемел ойларға толы сарабдал ғұмыры дер едік.
Бір таңданарлығы, кешегі іркес-тіркес өткен ұлт зиялыларының бірде-бірінде де бақытты балалық шақ мүлде болмаған сияқты.
«Қаршадай баланың қайғырып, мұңға батқанын көргім келмейді, оған қарауға дәтім шыдамайды. Баланың бір тамшы нақақ көз жасының алдында бүкіл дүниенің байлығы түкке тұрмайды», – деген еді бір кез­де жетім балалар жайында Ф.Достоевс­кий.
Ілияс Омаров әкесінен ана құрсағында, шешесімен жеті жасында мәңгіге қоштасты. Ал Өзбекәлі Жәнібеков те 1931 жылы туа сала әкесінен айырылады, жеті жасында шешесі қаза болып, жетім қалады. Қандай ұқсастық!
Панасыз қалған Ілияс әуелі нағашы­ларының қолында, кейін балалар үйінде  тәрбиеленеді. Міне, осылай Құдайдан бас­қа жебеушісі жоқ қаршадай бала өз қабіле­тінің арқасында тас жарды, кез келген адам­ның түсіне кірмейтін биіктерге көте­рілді. 1930 жылғы 13 мамырда Ілекең ком­муна мектебін тәмамдап, Ташкенттегі Орта Азия жоспарлау–экономика – сауда инс­титутына түседі. Институтты үздік бітірген 21 жастағы комсомол мүшесі І.Ома­ров көп кешікпей Қызылорда сауда техни­кумына директор болып тағайындалады. Ол жиырма жасынан бастап қоғамдық істерге белсене араласып кетті. Есейе келе екі рет министр, екі рет облыс­тық партия комите­тінің бірінші хатшы­сы, бір рет рес­пуб­лика партия комите­тінің хатшысы бол­ды.
Осы қызметтердің бәрінде де қайран Ілекең тек қана сол саланың шенеунігі емес, мәдениет, әдебиет, өнер мәселелерімен мидай араласып, мұқтаждықтарын табан астында шешіп беріп отырды. Аяулы азамат­тың ұлт руханиятына жасаған көл-көсір еңбе­гі күні бүгінге дейін құс жолындай сай­рап жатыр.
Не құдіреті бар екенін білмеймін, тіпті Исмаил Юсуповтың кезінде жәй бір кеңесші болып төмендеп қалғанның өзінде Ілекеңді басшы, қосшы атаулы құрақ ұшып сыйлап тұрыпты. Бар мәселе – шынысы қалың, үлкен көзілдірік астындағы нұрлы, мейірбан көздері кім-кімді болса да алғаусыз айма­лап, бауырындай шүйіркелесіп кететіндігін­де болса керек.
Біз бүгінде өткен ғасырдың  50-70 жылдары аралығында қазақ әдебиетінің, өнерінің дамуына Омаровтың өте-мөте рухани септігі тигендігін баса айтқанымыз абзал.
Ол өз кезегінде Абай, Сәкен, Ілияс, Бейім­бет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Асқар, Тайыр, Ғали, Әбділда, Бауыржан, Қасым, Жұбан, Баубек, Әбдіжәміл, Тахауи, Сырбай, Зейнолла, Сафуан, Қайнекей, Ғафу, Әнуар, Жайсаңбек, Олжас, Қадыр, Тұман­бай, Сәкен Жүнісов шығармаларын шебер талдаумен бірге, жетістіктерін хат арқылы немесе құнды мақалаларында тал­ғам­паз­дықпен айшықтап отырды. Ілекеңнің сәулелі жанары түн түнегін қақ жарып қана қоймай, оның қалтарыс қойнауларын түгел қамтитын аса қуатты прожектор тәрізді еді.
Өзін әсте әдебиет сыншысымын деп есептеген, табиғатынан кішіпейіл Ілекең өзінің бір хатында: «Өз басым поэзия жөнінде келелі пікір айттым деп ойлаған емеспін, ал бірақ өлеңдерді көп оқитыным рас. Тек бір өзіме ұнаған өлеңдер жөнінде азды-көпті пікірімді қағазға түсіретінім бар. Ондағы ойым: бір жағынан жақсы ақынға оқырмандық ризалығымды білдіру болса, екінші жағынан, кейде көңіл шіркін әдебиет босағасын аттаған жас таланттарды көтер­мелеп, қанаттандырып жібергісі кеп тұрады. Қаптаған цифрлардың арасынан кейде мойнымыз көтерілсе, еріксіз көзіміз әдебиет­ке түседі. Кейде сүйсіне қарасақ, кейде күйі­не қараймыз. Сүреңсіз, сүзектен тұрғандай жүдеу, аш мысықтай арық өлең­дерді көрген­де жүрегің айниды. Ал асыл тастай жарқыл­дап тұратын өлеңдер кезде­сіп қалса, ондай кезде өзің жазғаннан кем қуанбайсың», – деп сыр ақтарады. Тіпті дү­ние­ден қайтар алдында Ғафу Қайыр­бековке сәлем айтып: «Өлең оқығым келіп жатыр, жаңа кітабыңды беріп жіберші», – деуі нағыз әдебиетшіге тән жанкештілік емей, немене?!
 Әсіресе, Ілекеңнің М.Әуезов, Ғ.Мүсі­репов шығармаларын төгілдіре талдаған­дағы талантына таңғалмасқа болмайды. А.Фадеевтің, Л.Леоновтың, М.Шолоховтың әйгілі романдарын бұтарлап отырып саралағанын қайда қоямыз? Мұндай бүге -шігесіне дейін қопара көрсеткен зерделі еңбек дәл сол тұста қазақ әдеби сынында мүлдем жоқ десе де болар еді. Тіпті озық ойлы орыс зиялыларының бірегейі Наталья Сацтың өзі Ілекеңе арнайы хат жазып: «Мен сіз арқылы Л.Леоновты тереңірек түсіндім»,  дегені дарын құдіретін мойындау емес пе?
Мәдениет жауһарынан сусындаған...
Ақиқатын айтсақ, Ілекең – әлемдік мәде­ниет жауһарларынан армансыз сусындаған ғұлама. Ол әдебиет пен өнер ғана емес, философия мен экономика, музыка мен театр, ғылым мен техника саласындағы соң­ғы жетістіктерді бес саусақтай біліп отыратын сұңғыла жан.
Сөз арасында айта кетейік, Ілияс Галина Уланова ойнаған «Аққу көлі»  балетіне он жеті рет барыпты. Третьяков галереясын Мәскеуге барған сайын аралайтын көрінеді. Монреальға барғанда Пикассо суреттері қойылған көрмені екі сағат тамашалапты. «Соғыс және бейбітшілік» романын төрт рет оқып шығыпты. Армения астанасы Ереван­дағы бүкіл дүниежүзіне белгілі көне қолжаз­балардың қоймасы–Матена­да­ранда болып, ондағы Аристотельдің, Әл-Фарабидің, Жәмидің, Низамидің, Навои­дің, Дантенің аса құнды қазыналарымен танысады. Оның үстіне, өзі де пианинода керемет ойнай білетін. Осындай шалқар білім иесі Ілекең ғылым мен өнердің әлемдік деңгейдегі марқасқаларымен сырласып, дос болып кетті.
А.И.Микоян, индонезиялық министр Хаким, М.Шолохов, Л.Леонов, А.Фадеев, Н.Тихонов, С.Эйзенштейн, Л.Соболев, Е.А.Фур­цева, Ю.Казанов, Бубенов, Горба­тов, Вс.Иванов, С.Маршак, Сергеев-Ценский, Софронов, Скосырев, Кедрина, Сельвинс­кий, Н.Сац, Ю.Завадский, Г.Ула­нова, Р.Кар­мен, академик Некрасов, Н.Вир­ма, Ш.Айт­матов, Н.Анов, И.Шухов, А.Жов­тис, Ма­рецс­кая, Мордвинов, Незванов, Ва­нин, Плятт, Викланд т.б. жазысқан хатта­ры, әңгімелері оның мұрағатында сақтаулы тұр.
Ұлтты білім мен өнер, ғылым мен мәде­ниет қана өсіретінін ол жақсы түсінді. Ілекең бір еңбегінде: «Республика кітапханалары­ның жалпы қоры 80 миллион томнан аса­ды. Балалардың үш жүзден астам қалалық, төрт мыңға жуық ауылдық кітапханалары жұмыс істейді. Оның қоры 40 миллион томға жуық­тайды. 1970 жылы 1964 жыл­мен салыстыр­ғанда жаңадан 1972 кітап­хана, 1941 клуб, оның ішінде 871 автоклуб қосылды», – деп мақтанышпен жазып ке­тіп­ті. «Қазақтың тарихы хаттарда емес, қарттарда қалған» деген сөзді алғаш айт­қан Омарұлы халық ақындарының Алматы қаласында өткен слетіне қатысқан бес-алты күйшіден магнитофонға жүз отыздан астам күй жазып алады, сол күйлерді бастапқы орындаушы­лармен пластинкаға көшіремін деп жүргенде ауруы меңдеп, қайтыс болады.
...Ілекең кейбір даулы мәселелерді Анас­тас Микоянмен достығының арқа­сында оңай шешіп отырды. Тіпті бір кездері басын тәуекелдерге тігіп, Қазақстан тарихы жөнін­дегі айтыс-тартыстарға белсене ара­ласып, турасын айтқанда Е.Бекмахановтың Кенеса­ры көтерілісі туралы еңбегін қорғап, ақыры Ілекең Қазақстан Орталық партия комитеті­нің хатшылығынан босап және Қазақстан КП ОК-нің құрамынан шығары­лып тынған болатын.
Ілекеңнен кейін мұндай рухани ерлікке бірде-бір Орталық Комитет хатшылары бара алған жоқ және оның биік өресіне, кемел парасат, пайымына, ар тазалығына, иман байлығына бірде-біреуі жете алған емес.
Ол Мәдениет министрі болған 1970 жылдары өзінің жеке қамқорлығының арқа­сында классикалық және халық биле­рін орындайтын хореографиялық «Жас балет» ансамблі мен республикалық «Гүл­дер» атты жастардың эстрадалық  ансамблі дүниеге келді. Осы өнер ұйымдарының киіміне дейін бюджеттен қосалқы ақша бөлдіріп, жасан­дырып шығарды. Сол жыл­дары «Жас балет» пен «Гүлдер» ансамблі Канада, Фран­ция, Үндістан, Швеция, Жапо­ния елдері­не өнер көрсетіп қайтты.
Осындай қым-қуыт, сан-сапалық шаруа­ның ортасында малтығып жүріп, Рақымжан Қошқарбаевқа  Кеңес Одағының Батыры атағын алып беруге атсалысуы, қайтарының алдына ұлт мәдениетінің шешілмей жатқан көкейкесті мәселелері жөнінде Л.Брежневке, Демичевке 70 беттен астам ұсыныс, ойла­рын айтып хат жазуы, атақты күйші Дина Нұрпейісоваға «Каменское плато» шипа­жайы маңынан, алма ағашының арасынан жайлы саяжай сатып әперуінің өзі неге тұрады?
Ұлттың уызы
Басқа қабілетін айтпағанның өзінде, Ілекең тумысынан шешен адам еді.
Оны үлгі тұтқан ізбасар інісі Өзбекәлі Жәнібеков аяулы тұлғаның осы  ерекшелігін былайша баяндайды: «Мұхтар Әуезов университет студенттерінің алдында соңғы рет сөз сөйлеген аудиторияда оған арнал­ған кеш болды. Соңына қарай Ілияс Ома­ров­қа сөз берілді. Ілияс ағамыз қағазсыз, екі иығын қомдап, теңселіп тұрып сөйлейді екен. 43 минуттың қалай өткенін де бай­қамай қалыппын. Әңгіме тек жас әдебиеттің төңірегінде ғана емес, ел тағдырына, та­рих­­қа, мәдениетке, әуезге, бейнелеу өнеріне, сәулеткерлікке байланысты болды. Ол кезде ойға келе бермейтін соны пікірлер де айтылды. Мысалға алсақ, халық педа­гогикасы дегенді сол кеште мен бірінші рет осындай дуалы ауыздан естіп, қайран қалғаным бар. Тіптен ертеңіне Орталық Комитетке барып, хатшының алдында «қай­дағы бір плановикке» сөз бергенім үшін жауап беруге тура келгеніне де риза­мын. Жазған басым, ол кісінің тарихқа, мә­де­ниетке, әсіресе ел тағдырына байланысты мәселелер көтеретінін қайдан білейін? Ең болмаса, стенограммаға түсіріп, не пленка­ға жаздырып алмағаныма осы күнге дейін өкінемін...». Міне, Өзбекәлі Жәнібеков бол­мысы елден ерек, оқшау ойлы ағасы туралы осылай сыр ақтарады.
Соғыс кезінде Ю.А.Завадский басқарған Мәскеудің Моссовет атындағы Драма театры Алматыға көшіп келіп, жұмыстарын жал­ғастырған болатын. Ілекеңмен іштей ұғысып, үй ішімен араласып, дос болып кеткен Ю.А.Завадский оның көл-көсір біліміне, адамды магнитше тартатын па­йым,  пара­сатына, бекзат ақсүйектігіне таң­данумен болған. Сол Ю.Завадский Омаровтың қуғын­ға түскеніне таңғалып: «Ілияс Омаров­тың институттан алған ма­ман­дығы бойынша сауда қызметінде жүргеніне қарамастан, оның мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым салалары төңірегінде білім өрісі мейлінше кең, болашағы өте зор, ғажайып білімдар адам екендігіне көзіміз жетті. Бір түсіне қоймайтын жеріміз – республиканың басшы партия және үкімет органдары жаратылыс­тың Ілияс Омаровқа асқан мырзалықпен үйіп-төгіп бере салған талантын неліктен көріп, біле алмай жүр екен деу ғана еді. Бірақ, ерте ме, кеш пе жо­ғарғы орындар  Ілиястың қабілетін бағалап,  білетіндігіне сеніміміз мол», – деген еді.
«Қатты ағашты жұмсақ құрт құртады» дегендей, қоғамдағы осынау әділетсіздіктер дархан дарынның жүрегін жаралап, саулығына ақау түсіргені анық.
Ілекеңнің көп жағдайда алдындағы сан қырлы қабілетін иелерімен, әмбебап Алаш алыптарымен үзеңгі қағыстырып, тең түсіп отырғандығын байқаймыз. Ол әсіресе, елдің өткені, халық тарихын қозғаған кезде тізбегін әдемілеп, ұзақ-ұзақ көсілуші еді.
Жайсаң жанның «Әдебиет туралы ой­лар», «Серпін», «Шабыт шалқары» кітапта­рын рақаттана оқып шыққың келеді де тұрады. Мұнда ата-баба дәстүріне деген жауапкершілік, туған әдебиетіміздің соқта­лы шығармаларын әлемдік жауһарлармен салыстыра зерделеу, аялай отырып, тура бидей тамырынан толғай тартқан кәсіби сыншылық пайым... бәрі, бәрі тұнып тұр.
Ілекеңнің кейбір еңбектерін парақтап отырғанда, оның Қаныш Сәтбаевты аса құрметтеп, ұстаз тұтқанын байқаймыз. Қанекең  тек жер қойнауын зерттеген геолог – ғалым ғана емес, әдебиет пен өнерге де жақын жан еді. Өзі домбыра тартып, ән салатын. Сол кісінің аузынан Затаевич қазақтың ұмытылып бара жатқан 25 әнін нотаға түсіріп алған.
Осы бір екі тұлға бір-бірін демеп, үнемі асқақтатып тұрғандай көрінеді бүгінде. Қанекең домбыра тартса, Ілияс пианинода шебер ойнаған. Сәтбаев Затаевичке қазақ­тың 25 әнін нотаға түсіртсе, Омаров халық ақындарының слетіне қатысқан бес-алты күйшіден 130-дан астам күйді магнито­фонға жазып алды. Сәтбаев Кунцево ауруханасында жатып, дүниеден өтеріне бір күн қалғанда, халін білуге келген «атом полигондарының атасы» Е.П.Славскийге: «Ефим Павлович, сізден өтінер соңғы тілегім, Маңғышлақтағы су тұшытатын атом қондырғысын тезірек іске қосыңызшы. Жергілікті халық ауызсудан тарығып қалмасын» деген екен. Халық үшін қоң етін кесіп беруге даяр қайран Қанекем-ай! Өзі ана дүниенің табалдырығында тұрып, қара басының қамы емес, ел-жұртының жайын ойлаған сендей данаға біз не көрсеттік?
1964 жылғы ақпан айының басында Қазақстан халқы Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевпен қоштасты. Рухани ұстаз табытының басында Ілияс Омаров өксігін баса алмай, солқылдап жылап тұрды. Дәл осы кезеңде Қ.Сәтбаевты да, І.Омаровты да қызметтерінен алып, «буржуазиялық ұлтшылдарды қорғаушы­лар» деген жалған айыппен қудалау басталған еді. Қаныш қазасынан кейін Ілиястың ескі  дерті қайта қозып, бір күн ауру, бір күн сау дегендей хал кешті.
Ақыры жалмауыз дерт жанын қиюға тақағанын сезген Ілияс 1970 жылдың 16 шілдесінде амалсыз  ел-жұртқа «Қоштасу хатын» жазды. Жаны көзіне көрініп жатса да, өзі туралы жақ ашпай кеткен жампоз, туған халқының өнеріне пәруана берілген қайран қас тұлға еді! Ұлттық мұраға деген жанкеш­тілік осындай-ақ болар! Тіпті  қарашығы мәңгіге қараңғыланар шақта да ел-жұрты­ның есіл өнерін ойлап жатып көз жұму аса сирек құбылыс қой! Осы бақи­лық сәтіндегі парасат падишасының пейіл – арманын ойлағанда, біздің бүгінгі адам айтқысыз ұсақталып кеткендігіміз өзегімізді өртейді.
Ілекең 1970 жылдың 19 шілдесінде дүниеден қайтты, бар-жоғы 58 жыл ғұ­мыр кешті.
Оның қазасын естіген Евней Букетов: «Жұрттың иті өлгенде, біздің китіміз өлетіні неліктен осы!», – деп аһ ұрды.
Қимас адамы қайтыс болғанда, елден ерек, алабөтен жоқтайтындар болады. Мысалы, Бауыржан Момышұлы көз жұм­ған­да дүйім қазақ, орыстың ішінен Дмит­рий Снегин ғана үш күн бойы көз жасын тия алмапты.
Ілекеңді жоқтаған адамда қисап болған жоқ, алайда ақиретке дейін бірге болуға серттескен қандыкөйлек досынан айырыл­ғандай, ерекше  аза тұтқандардың бірі Ғабит Мүсірепов еді.
Осы бір қаралы шақта Ғабекеңнің қа­сын­да болған Ғафу ақын сөз зергерінің көңіл- күйін былайша баяндайды: «Егізім­нің сыңары еді, мен содан  айырылып тұрмын», – дегенде денесі қозғалақтап, қи­са­йып барып, әрең түзелді. Мен Ғабекеңнің қасында жүре жүргелі оған бірнеше жақын адамның қазасын көрдім, бірақ мұндай еш уақыт егілген емес еді. Мен трибунадан оны сүйесіп, түсірістім де, бір көлеңкелі теректің түбіне кеп отырдық. Ғабең «Уһ» деп демін сонда алды. «Бұл қазақтағы алтаудың біреуі еді, өзгесін айтуға болмайды, ешкім сұра­майды да», – деп, маған не маңайында­ғылар­ға емес, әлдеқандай көзге көрінбейтін біреуге айт­қандай, өзімен-өзі сөйлегендей кейіпке түсіп еді сонда. Мен о жолы оның не сөз екенін түсінгенім де жоқ. Бірақ ойымнан шықпай қойды. Кейін көп уақыт өткенде барып, Ғабең есіне салғанымда, анық емес, жәй жобалап қана аңғарту есебінде бірер сөз айтқан: «Сен, жұмыртқаны білесің ғой, соның ішінде сары уызды білесің, мына ұлттың, халықтың  өзі де  бір тұқым болса, соның да уызы болады. Ол тұрғанда ешбір ұлт құрымақ емес. Ол уызды аз ғана адам­дар құрайды. Оны тірі пендеге білдірмейді, ол Құдайдан басқа ешкім білетін нәрсе емес. Олар енді ру, туыс, жер, ауыл деген­дерді білмейді, бұл өзін-өзі сақтаудың ең жоғарғы түріне жатады. Олардың түпкілікті есімі не тізімі болмайды, бірі өлсе, бірі туып, алмасып жатады», – деп тұспалдап қана аңғартқан еді. Және өзінің де оған қо­сыла алмайтынын білдірген болатын. Мен одан сайын бір ғажайып жұмбақ ішінде қалғандай болдым...»
Ғафу Қайырбековтің осы бір Ғабең аузынан естіген сөздері адамды тылсым әрі құпия ой тұңғиығына батырады. Затында, Ғабең айтпайды, айтса өңменіңнен өткізіп, санаңа жеткізіп, бір-ақ қиып түседі. Дүние сырларын алыстан болжайтын сұңғыла жан ғой Ғабең, аузына Алла салып отырған шығар, миллиондаған қазақтың ішінен, солардың уызын құрайтындар тек алтау болса, соның бірі – Ілияс Омаров болса, о, құдірет, нағыз ұлы бақыт осы емес пе?! Оның аңызға айналған тәңірлік әулие бейнесі күні бүгінге дейін бізді таңырқатудан танбай келе жатқаны сондықтан болар-ау...
Жұмабай ҚҰЛИЕВ


Адал жүректі жанды Астана жұрты еске алды
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист  Ілияс Омаровтың туғанына – 100 жыл. Қазақ басына туған алмағайып заманда халқының бар ауыртпашылығын өзі көтерген қара нардай ұлын еске алды. Қазаққа жасаған жақсы ісін бір ауыз сөзге сыйдырған Бауыржан Момышұлы: «Ілияс – ақыл мен адал жүректен жаралған жан», – деген екен. Қасым да қасқайып: «Танымаймын, қанықпын сыртыңыздан, мен ризамын еліме ұл туғызған», – деп Алаштың жоғын жоқтаған Ілияс Омаровқа жыр шумақтарын төгілткен.
Астаналықтар арда ұлын еске алу үшін Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрына ағылды. Ілияс Омар­ұ­лының ғибратты ғұмырынан мол мағлұ­мат­тар мен сыр шерткен мән-мағынаға толы кеш «Руханият сардары»  деп айдар­лан­ған екен. Қазақтың мәдениеті мен өне­ріне ерек көзқараспен, ықыласпен қараған Ілияс Омаровтың есімі еліне елеулі. Өл­шеу­сіз еңбегі әмбеге аян. Қазақ киносын алға сүйретіп, цирк, эстрадалық жанр, театр саласына жаңа леп әкелген арда азаматтың кез келген саладан білімі бар еді. Қазаққа керек кезінде экономист те, ақын да, жазушы да болды. Ұлттық маңызы бар істерге ұйытқы болды. Биыл осы  тұлғаның  100 жылдық мерейтойының еліміздің барлық өңірінде өткені мәлім.  Солардың  ең сүбелісі мәдениет және ақ­парат министрі Дархан Мыңбайдың қаты­суымен кеше Астанадағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет теат­рында ұйымдастырылған  рухани кеш бол­ды. Ең алдымен жұрт назарына бейне-сюжет тартылып,  елімізге белгілі өнер адам­дарының  айтқан естеліктері  Ілияс Ома­ровтың  азаматтық  тұлғасын айшық­тай түсті. «Ілияс ағамыз қай жағынан алса да жан-жақты, әр саладан білімі бар қа­зақтың атпал азаматы еді. Әсіресе Ұлттық киностудияда және Мәдениет министр­лігінде қызмет атқарғанында халқы үшін жемісті істер тыңдырды. Мәдениет қай­раткерлеріне деген көңілі бөлек болатын. Мәселен, Евгений Брусиловский, ағайын­ды Абдуллиндер, Дина Нұрпейісова баста­ған  өнер саңлақтары Ілияс Омаровтың көп көмегін көрдік. Жастайынан әке жы­луынан қол үзген сол кездегі жастарға Ілияс Омаров әкедей  қамқор болған еді», – дейді көзіне жас алып естелік айтқан КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова апамыз. Расында да, тау тұлғалы азаматтың жекелеген өнер адамдарына ғана емес, тұтастай ұлт өнеріне  қатысты жасаған  қам­­қорлығы  ерен.  Оны министр Дархан Мыңбай салтанатты кеште кеңінен әң­гімеледі.
Дархан МЫҢБАЙ, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
– Ең әуелі Ілияс Омаровтың ұлтын жанындай жақсы көргендігін, елін ерекше құрмет тұтқан елшілдігін, қайраткерлігін кейінгі жастардың санасына сіңіруіміз керек. Жастайы­нан ананың аялы алақанынан, әкенің ыстық ықыласынан айырылып, жетімдіктің ащы дәмін татса да, оның өмірге деген ұмтылысы, білімге деген құштарлығы Ілияс ағамызды биік белестерге жетелеп отырды. Абзал ағамыздың қазақ халқы үшін жасаған игі істері өлшеусіз. Қазақ экономи­касының дамуына айрықша үлес қосып, бұған қоса мәдениет майтал­мандарына, әдебиетші-жазушыла­рымызға, тарихшыларымызға қорған болғаны мәлім. Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалауға өлшеусіз еңбек сіңірген Ілиястай қара нар ұлдарын қазақ қашанда жадында сақтауы тиіс.

Жиынға Халық әртісі Қайрат Байбо­сынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­керлері, Жанат Шыбықбаев, Азамат Жылтыркөзов, Клара Төлендиева сынды өнер тарландары қатысып, жақсы ағаның рухына тағзым жасады. Кешке Ілияс аға­мыздың ұлы Тимур Омаров бастаған ұрпақ­тары, туған-туыстары қатысты.
Ақмарал БАЯЗИТОВА, Астана

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста