Руханият жоқшысы
Кеше Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымының докторы Мұратбек Бөжеевтің туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті.
Зиялы отбасында тәрбиеленген М.Бөжеев Семейдегі Қазақ педагогикалық техникумын, Мәскеу педагогикалық институтын бітірген. Бұдан соң Мәскеудегі Тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасында оқыған. 1934-1941 жж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты мен Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы, сонымен бірге КСРО ҒА қазақ филиалының кіші ғылыми қызметкері болып істеген. 1942 жылы жазықсыз айыпталып, ұзақ жылдар сталиндік лагерьде қамауда болған. 1956 жылы толық ақталып, қайтадан ғылыми жұмыспен айналысады. 1957-1962 жж. Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының кіші ғылыми қызметкері болып еңбек етеді. Ол 1962 жылы М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейін ұйымдастырушылардың бірі болып, аға ғылыми қызметкер ретінде ұлы жазушының 12 томдық шығармалар жинағын дайындап, ғылыми түсініктерін жазуға қатысады, ұлы жазушы-ғалымның библиографиялық көрсеткішін құрастырған. 1974-1980 жж. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының текстология және қолжазбалар бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. «Абай Құнанбаев шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық, «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті дамуының идеялық-көркемдік ерекшеліктері» деген тақырыпта докторлық диссертациялар қорғаған. Студент кезінен бастап Абайдың ақындық мектебі, ақындық стилі, оның Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне аудару шеберлігі туралы зерттеп, Абай шығармаларының орыс тіліне аударылу ерекшеліктері туралы ғылыми материалдар жазады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармалар жинағын баспаға дайындап, ақын қолжазбаларының ғылыми сипаттамасын жасайды, Бұқар жырау, Мұрат, Шортанбай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, М.Қалтаев, Н.Наушабаев туралы іргелі зерттеулер жазып қалдырады. Ұлы Отан соғысы басталар алдында Мұхтар Әуезовпен бірге Абайдың екі томдық шығармалар жинағын дайындауға қатысады. Елге сіңірген еңбектері ескеріліп, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:
– Мұратбек Бөжеев бүкіл ғылыми қызметінде қазақ ақындары мен жазушыларының шығармаларын текстологиялық зерттеу ісімен айналысты. Ол 1917 жылға дейінгі қазақ әдебиетінің тарихын жетік білген үлкен маман болды. Ғалым араб әрпімен жазылған қолжазбаларды қазіргі әріпке түсіруде үлкен жұмыстар жүргізіп, бұған дейін айтылмай келген ақындар есімін ашты, Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларын баспаға жеке жинақ етіп дайындады. Ол өзінің іргелі ғылыми зерттеулерімен қазақ әдебиеттану ғылымын байытты.
Серікқазы ҚОРАБАЙ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі:
– Мұратбек Бөжеев Абай шығармашылығын зерттеушілердің бірі болды, ол өз ұстазы Мұхтар Әуезовпен бірге Абайдың 1940 жылы шыққан екі томдық шығармалар жинағын дайындауға қатысты. Өз еңбектерінде Абай туындыларының идеялық-көркемдік ерекшеліктерін, ұлы ақынның өлең құрылысы ерекшеліктерін зерттеді. Ол – Абайдың ақындық айналасы туралы іргелі ғылыми еңбек жазған білікті ғалымдарымыздың алдыңғы қатарындағы тұлға.
Қойнауы терең қазақ әдебиетін зерттеу ісіне үлкен үлес қосқан ғалымның мұрасын елге таныту мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар, жазушылар, ғалымның жерлестері мен туыстары қатысты. Шара барысында М.Бөжеев туралы арнайы түсірілген деректі фильмнің таныстырылымы өтіп, ғалымның еңбектерінен хабар беретін көрме ұйымдастырылды.