Сәбит Оразбаев, Қазақстанның халық артисі: Өзбектің әніндегі екі сөздің бірі – «мехнат», ал қазақтікі – «ойна да күл»

Сәбит Оразбаев, Қазақстанның халық артисі: Өзбектің әніндегі екі сөздің бірі – «мехнат», ал қазақтікі – «ойна да күл»

– Аға, біздің естуімізде ұстазыңыз Асқар Тоқпанов: «Менің шәкірттерімнің ішінде Кеңес Одағының Халық артисі атағы берілмей, лайықты бағасын ала алмай қалғаны жалғыз Сәбит Оразбаев» деп отырады екен. Шынымен де, алуға үлгере алмадыңыз ба, әлде басқа себебі болды ма?

– Бұл сөзді ағамыз жалғыз маған ғана емес, өзі тәрбиелеп шығарған шәкірттерінің барлығы да уақытында бағаланса екен деп қашан да шыр-пыры шығып жүретін қамқор ниетімен айтқан шығар. Бізді айтасыз, ол кісінің өзінің де бағасы кем берілді деп білемін. Замандас кәсіби режиссерлер арасында ең деңгейі биігі де, білімдісі де өзі еді. Асқар аға Қазақстанның халық артисі дегеннен гөрі Совет Одағының Халық артисі дегенге лайық еді. Қолына су құюға жарамайтындар баяғыда-ақ академик атанып кетті. Мінезі шайпау болса да, бет-жүзің бар демей шындықты бетке айтатын. Кімнің кім болатынын күн ілгеріден болжай білетін психолог еді. Ол кісі: «Болсаң бол, болмасаң, бордай тоз»деген ұранды қайталаудан жалықпайтын. Қысқаша қайырып айтқанда, өнердің мәнінің өзі осыған саяды. Артист болсаң не максимум боласың, не минимум боласың, ортаңқол біреу болып далақтап жүре беруге де болады, алайда бүкіл актерлік өмірім зая кетті деп біліңіз. Бірақ  Асқар ағамыз: «Менің отыз шақты студентім бар, соның оншақтысының ішінен біреуі талантты болып, оза шауып бәйге алса, мен соған ризамын»,– дейтін еді. «Ойбай-ау, Асеке-ау, отызыңыздың ішінен үшеуміз-ақ шықтық, қалғаны жарамай ма сонда?» десек, «жарағылары келсе талпынсын, ізденсін, жанын қинасын. Тапқанын, жинағанын санаға сіңірсін», – дейді. Ол кісі сана дегенді көп айтатын. Алғашқыда бәріміз жарқырап көріндік, әртүрлі бейнелер жасадық. Ұстазымыздың көзінен бір сәтке таса болған емеспіз. «Сен қайнап тұрған қазанның ішінде жүрсің. Мына жағыңда құдіретті актер тұрады, мына жағыңда құдіретті актриса тұрады, соның арасында сасқалақтап жоғалып кетпе» деп қайталаудан жалықпады.
Төңкерілген дүние жұрт бір сағым,
Шыңға шындап қоса алмас ынтымағын,
Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің
Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым,
– дейтін Абайдың өлеңін жиі ауызға алатын. Тілдің тазалығына аса мән беруші еді, жарықтық. Біреулер әңгіме арасында «жаңағы, жаңағы», «мен ойлаймын» деп  отырса, қарны ашып, қарадай күйіп-пісіп қалады. Студент кезімізде көріп келген спектакльдерімізге талқылау жасатады. Бірде Матан Мұраталиев: «Еңлік-Кебекті көрдік, жаңағы, Кебектің ролін Нұрмұхан Жантөрин ойнады, жаңағы Ыдырыс Ноғайбаев та жақсы ойнады, жаңағы» деп, ойын айтып болғанша одағай «жаңағыны» үйіп-төкісін кеп. Сонда ағамыз: «Айналайын-ау, айтқаның екі-ақ ауыз сөз, жаңағыны қырық бір рет қостың ғой аямай» деп кеңк-кеңк күліп еді. Айтып-айтпай не керек, Асекемнің өзі де көп қиындық көрді. «Ой-пікірі нашар» деп жоғарыдағы шенділер ол кісіні көргенде жыланша жиырылып тұратын. Желтоқсан көтерілісі кезінде де жастардың топ-тобымен ұсталып жатқанына жаны қиналып тұрып рухының оянғанына Асекемнің қуанғаны-ай! «Жиырма минутта орнынан алынған Қонаевты да қорғай алмадыңдар, бетсіздер!» деп таяғын көкке сермеп, есіктерінің алдына барып тұрып талай тілінің уын төгіп кеткен Асқар ағамыздың ұлтжандылығы еш қалыпқа сыймайтын, арнасынан асып-төгілген қазаққа деген шексіз сүйіспеншіліктен туған еді ғой.
– Аға, алда  «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерекесі келе жатыр. М.Әуезов театры да режиссерлер мен драматургтерге алдын ала шығармашылық байқау жариялап, осы айтулы оқиғаға өз сыйын тарту еткелі жатқанынан хабардармыз. Бұл айтулы оқиғаға өнер ордалары қай қырынан келгені дұрыс?
– Ұлттың рухын көтеретін атаулы шараға тарихи шындықпен, философиялық мағынасымен келу керек. Біздің тарихи фильмдеріміздегі Абылай ханның бейнесі анау болды. Ат беріп, алтын сыйлап жүріп Абылайдың роліне шолақ байталдың шолтаң-шолтаң еткен құйрығы секілді біреуді жердің түбінен алып келіп, қазақты жерге бір қараттық. Қысқа ғұмырында «ұлтым» деп өткен, сол үшін тау асып, тас басқан кемеңгер тұлғамыз Мұстафа Шоқайды мазақтағандай болғанымыз және бар. Жақында ғана Махамбет туралы фильмді көрдім.
Арқаның қызыл изені,
басы күрдек, түбі арал
Қыдырып шалар аруана.
Еліңде қарияң болмаса,
жастарың болар диуана.
Бір сынаған адамды
екінші қайтіп сынама.
Тіршілікте сыйласпаған, ағайын,
құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде маған жылама!

Осыны айтқан – Махамбет. Алайда мен көрген фильмнің деңгейі Махамбеттің осы екі шумақ өлеңінен әлдеқайда төмен жатыр. Мен ЮНЕСКО-ның бір шарасы бойынша Парижге барғанымда, француздардың осы өлеңді өз тілінде сөйлете алмағанының куәсі болдым. «Не деген терең өлең, басқа шығармаларының көпшілігін аударып едік, мынаған тісіміз батпады»,– деп пұшайман болып отыр. «Бородино шайқасын» Лермонтов та жырлады, Пушкин де жазды, Лев Толстой  да «Соғыс және бейбітшілігін» арнады. Олар осы тарихи шығармаларымен-ақ бүкіл орыстың рухын көтеріп жіберді. Солдаты көп француздар жеңіліп қалса да, әлі күнге сол азабы мол соғысты мақтанышпен айтып отырады. Бүгінгі күні Ресей патшасы Путиннің де күшейіп сөйлейтіні сол жеңістің рухы. Өйткені осы жеңіс орыс халқының тарихында өте елеулі. 550 жылдыққа да біз сондай деңгейдегі дүниелерімізбен келуіміз керек. Қазақ қанша рет қырылды, қайта тұрды, небір зұлматты бастан кешті, бірақ қандай аласапыран болса да, асқақ рухын сындыруға ешкімнің қауқары жетпеді. Міне, осыны айтуымыз керек. Кеңес үкіметі келді де «орыстың садағасымын», «өзбек өз ағам» деп соның бәрін жуып-шайып жібердік, ал мына егемендік алғаннан кейін сол шындықтың бәрін қазанның бетіне қалқып алып шығып көрсетсек, ешкім біздің қолымыздан қақпас деп ойлаймын. Қане, енді осыны театр тілінде, сахна тілінде сөйлете алсақ?
Осыған байланысты бір ауыз әңгіме айта кетейін. Баяғыда бала күнімізде, ауыл қариялары жиналып әңгіме-дүкен құрады. Бір атамыздың Абылай есімді баласы бар еді. «Ата, балаңыздың атын неге Абылай деп қойдыңыз? Біртүрлі ғой»,– деймін. «Шырағым, мына тұста Ханқорған деген жер бар, Абылай хан сол жерде қайтыс болған»,– дейді ол. Біздің Сайрамда Қарабұлақ деген жер бар, Арыс өзенінен өтіп, сондағы базарға мал айдаймыз. Үлкендер жағы: «Ол жерге барғанда дауыс көтермеңдер, жаман сөйлемеңдер. Мал былай-былай қашып кетсе, боқтамаңдар» дейтін. Сол сөз құлағымда ғана емес, көкейімде де жатталып қалыпты. Кейін театрға келгенде төрт-бес адамның арасындағы әңгімеде «Абылай хан қай жерде қайтыс болған?» деген сұрақ туды. Хабиба Елебекова апам айтты: «Арқадағы Боқты тауының бауырында қайтыс болған». Сәлменов бар, Әділшінов бар, бәрі Арқаның, Қарқаралының азаматтары еді, бір ауыздан Хабиба апамды жақтап шықты. Айтуға қорқақтасам да, «жоқ, ол кісі біздің Арыстың жағасында дүние салған» деп ақырын ғана жұқалап айтып көріп ем, Хабиба апам аузымды аштырмады. «Сендер қайдан білесіңдер, Абылай біздің Арқада хан болған»,– деді.  Тап сол кезде Қазақ энциклопедиясының жарық көре қалмасы бар ма? «Абылай ата-бабасына ас беріп, Үргеніштен қайтып келе жатқан сапарында Сайрам ауданы, Арыс жағасындағы Ханқорған деген жерде қайтыс болған. Арқадан Бұқар жырау 200 адаммен келген» деген жазу тұр. Бала болсақ та, Түркістанға Абылайдың солай жерленгенінен ептеп болса да хабарымыз бар. Бала күнімде Әбдіқадыр атамның әлгі айтқаны дәл келіп, мен қанаттанып шыға келдім. Сөзімді дәлелдеу үшін жаңа энциклопедияның бір данасын сатып алып, құстай ұшып театрға келдім. Апам мен ағаларымды жинап алып, «менікі дұрыс екен» деп көрсетіп жатырмын. Сөйтіп Хабиба апам табан астында өзіне-өзі өкпелеп қалды.
– Аға, сіз сыртыңыздан қарағанда түзу сызықтың бойымен ғана жүретін адамға ұқсайсыз. Өзіңізбен-өзіңіз болғанды, саяқ жүргенді қалайтын сияқтысыз. Өнер адамына тән емес, бұл өзгешелеу мінез көрінеді бізге...
– Баяғыда Сәкен Жүнісов: «Әй, Сәбит, сен өзің тәп-тәуір әртіс болатын түрің бар. Бірақ сен темекі тартып, арақ ішкенге қосылмайсың. Саяқ жүресің. Арақ ішпесең де сыра ішіп, драматургтермен сырласып дегендей, қоян-қолтық араласып жүрмейсің бе? Әйтпесе, мына түріңмен сен өспейсің. Ал сенің мамандығыңның өзі сондай, соны керек етіп тұрады», – деген еді. «Сәке, далада қалсам да, мен оған бармаймын. Бір рет қатты мас болып, екінші қайтіп ішпеуге анама ант бергенмін», – дедім. Аяғымнан тұра алмай шатқаяқтаған мен шіркінге анам сонда бір ауыз сөз айтпады. Жаныма батқаны да сол болды. «Балам, мен кетейін», – деді бар болғаны. «Қайда кетесің?». «Елге». Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Өйткені студент кезімде-ақ анамды «бағамын, қағамын, ешнәрседен тарықтырмаймын, жанымда бол» деп ауылдан көшіріп әкелгем. «Ауылдағылар ғой, әртіс баласы алақанына салып аялап жүр деп ойлайтын шығар. Сенің түрің мынау. Мынау мамандық саған абырой әпермейді, ішкізбей қоймайды». «Апа, басымды кесіп алса да енді ішпеймін». «Рас па?». «Рас!» Біржола қойып кеттім десем өтірік болады, бірақ содан бастап кеңірдекке келгенше ішіп, арықтың ішінде аунап, есімнен айрылып мас болған емеспін. Соның бәрі надандық екен. Бір жағы кедейлік те ғой, бір топ жолдас жиылып алып, мейрамханадан барып тамақ-шарап ішкенімізді мәртебе көреміз.
– Артист үшін рольсіз қалу – жұмыссыз қалумен бірдей ме?
– Ия, театрда жүрген соң бәрі болады. Талай-талай тамаша рольдерде ойнап, талантты деген ат таңылып, танымалдығымыз артып, елдің алақанында жүрдік. Өмірдің жолы тақтайдай тегіс емес қой. Кейде рольсіз де жүрген кездер болды. Бірақ оны жұмыссыздыққа балауға болмайды. Ондайда күнің оймен, толғаныспен өтеді. Үміт адамды жетелейді, ол жақсы күндерге жеткізеді. Кейде тойдағы асабалығынан тұп-тура театрға келіп, сахнаға шығып кететін балаларға таң қаламын. Кейіпкердің сөзі өз бойына сіңбеген соң, оның кім екенін білмеген соң, 3-4 рет қайталап оқып шыққан роль роль емес, жаттанды тақпақ айтқандай жасанды ойын болып шығады. Оны жұрт көрмейді емес, көреді. Кейде рольден солай да ысырылып жатады. Қадырдың бір сөзі бар: «Ең нашар жұмыс жұмыссыздықтан жақсы!» деген. Жә, ол түк емес, бүгінгі заманның жұмыссыздығы мен күнкөрістің қиындығы үдеп барады. Оған өзіміз де кінәліміз, жұмыс таба алмаса, жоғарғы біліммен алған мамандығын қарапайым кәсіпке ауыстырып, жан баққанды білмейді. Оның орнына базарға барып арба итереді. Жұмыс таба алмадың ба, табылатын жаққа қарай бейімдел. Бірде Фариза Оңғарсынова бар, бәріміз оңтүстік жаққа сапарладық. Көлікпен келе жатыр едік, «Сәбит, тоқташы»,– деді. Түсіп қарасақ, жасы егде тартқан әйел балаларымен, немерелерімен жер шұқылап жатыр екен. «Қарашы, Сәбит, тайлы-таяғымен қалмай жер тырмалап жатыр. Ал енді біздің жақтың кейбір жігіттері шемішке шағып, арақ ішіп, дүкеннің жанынан шықпайды». Өзімнің де әйелім Атыраудан еді, Фаризаға қалжың айттым: «Фариза, сендер жақта жұмыс істеуге болмайды». «Е, неге?» «Жер шұқыса, мұнай шығып кетеді». «Ой, Сәке, айттың-ау, ол мұнайды шығару үшін қаншама күш керек. Қымбат болған соң құдайдың өзі оны тереңге сақтайды екен. Тереңнен алып шығу үшін ақыл мен білім ғана емес, денсаулық та керек екен»,– дейді. Өзім де оңтүстіктенмін ғой, елден ертерек қол үзіп кеттік, бірақ жер шұқыған адам көрсем, әлі күнге қызығып қараймын. Сайрам ауданында тудым, ондағы халықтың елу пайызы – өзбектер. Бәрі бай. Құдай-ау, ауыл сырты ен тегін жатқан жайылымдық жер де емес, ұлтарақтай орын қалдырмай тұтас егістік пен бақша егіп тастаған, алақандай жерінде отырып, қорасына мал ұстап, бордақылап, семіртіп сатып жатқандары. «Ойбай, үйімізге қонақ кеп қапты» деп қазақтар сатып алып жатады. Байқаймыз ба, білмеймін, сонау Ақан мен Біржаннан бергі біздің әндеріміздің барлығы «оралыңның барын да, ойна да күл» болып келеді. Қай жерде той жасап жатыр, қайда қазан көтеріліп жатыр, қазақ соның төңірегінен табылып, палуан күрестіру, қыз-қырқынмен айтысу, жеңгелермен жыртыңдап ойнауды әдет қылған. Ғазиз ақынның өлеңі бар:
Атандым Ғазиз ақын, бала жастан
Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан.
Құдайдың маған берген қасиеті
Көңілім қалған емес қиғаш қастан.

Ақан да осы:
Дүние қызыл-жасыл кімді алдадың,
Құдайдың бергенінен құр қалмадым.
Сұлулардың сұлуын құшсам-дағ,
Дүние қызығыңа бір тоймадым, 
– дейді.
Осының бәрі кеңінен тараған әндер. Ал «еңбек етіңдер», «жұмыс істеңдер» деп біреуі айтпайды. Абайдың зары әлі сол – зар. Қазақтың осы ойсыздығы мен жалқаулығынан әбден қажыған Абай: «ең болмаса мал бақ» деді ғой амалы таусылып. Әйтеуір кеңестік кезеңде «Қырманға кел, қалқатай» «Су тасушы қыз» деген секілді бірді-екілі ән шыққаны болмаса, адамды еңбекке үгіттейтін бір әніміз жоқ. Ал енді өзбектің әні мен жырындағы екі сөздің бірі – «мехнат». Айырмашылық, міне, қайда жатыр! Ал адамды адам еткен де, мұратқа жеткізетін де, біреудің бағынан екіншісінікін артық ететін де тек еңбек.
– Пәленбай деген атақтың түгенбай иесі болу түк емес, алайда образды білім-білікпен байланыстыра ашу, ойынды іштегі өз қазынасымен қоса қайнатып бабына келтіріп, байырқыландырып беру ол басқа. Сахна интеллектісі туралы сөз қозғағанда, таланттардың ішінде ауызға ілігетіні көп емес...
– Сахна артисті жалаңаштап тұрып көрсетеді. Өтірік ойнағаның, шын ойнағаның айнадай жарқырап көрініп тұрады. Көрерменді алдау мүмкін емес. Рас, рольдерімнің ыңғайы сол болды ма, әлде бала жастан сүйеккесіңді әдет пе екен, өлең-жырды, көркем әдебиетті көп оқыдым. Бірақ жадыңда жаныңа жақыны ғана қалады екен. Соңғы жылдары сырқаттаңқырап, емхананы жиі жағалап жүрмін, дәрігерлер: «анау-мынау айтыс-тартысты қойып, тірі жүргеніңізге қуаныңыз»,– деді. «Мейлі» дедік. Бұрын менің жадым мықты еді, 40-50 бет мәтінді төрт рет оқысам жеткілікті, ұмытпастай жаттап алатынмын. Адамның жақсы қасиеті де кейде өзіне сор болады, жанымдағы жолдас жігіттер: «Сен немене тез-ақ жаттап аласың, әне, Оразбаев, жаттап алды, сендер әлі жүрсіңдер деп Мәмбетов бізге ұрсып жатыр» деген соң, «жаным ашып», жаттағанымнан жаңылған болып, кейде «кідіріп» айтатын болдым. Қайбір жылы «Жаяу Мұса» қойылды. Мұсаның өмірбаянын оқып отырсам, ғажап адам! Менің Театр институтында алған білімімнің аясында ойнап шығуға көнетін адамға жатпайды. Дауысы кең әнші, қуғын көрсе де, тілін тартпаған бүлікші, бірақ ол бүлікшіден де биік адам. «Әзеке, қанша жерден әнші болсам да, кең тынысты Мұсаның асқақ  әндерін айта алмаймын. Сондықтан ойнай да алмаймын»,– дедім. «Ойнайсың! Ойнай алмасаң, ол да саған сабақ». Жаным қиналып, «3» пен «4»-ке әрең шығардым сол рольді. Мұндай образды сомдау ұзақ ізденісті қажет етеді. Абайдың кітабы жастығыңның астында жатуы керек. Көңіл күйің болмағанда, Абайды қолыңа алсаң, емделесің. Дертке дауа дәрі. Бабаларымыз қалдырған қазынаны оқып, жаныңа медет тапсаң, ойға түйсең, пайда сол. Кітап оқымаған баланың есте сақтау қабілеті төмен болады. Қазіргі жас балалардың жолдасы жоқ. Бұрын балалар ойнап, бірімен-бірі тебісіп, түйісіп, күлісіп, жұлқыласып бірге жүретін. Үйге де бірге келетін. Қазір балаң мектептен жалғыз келеді. Жолдасы – қалтасындағы телефоны. Әр отбасындағы бірді-екілі бала өзімшіл болып өсіп жатыр. Заманның реңі осылай болып тұр. Өткенде бес жастаға Ілияс дейтін шөберем жұмысқа  кетіп бара жатқан скрипкашы анасына: «слушайся дирижера»,– деп қоштасып жатыр. Әне, скрипканың не екенін, оның оркестрде ойналатынын, дирижерға бағыну керегін біліп тұр. Жаңа заман баласының бейнесі осы.
– «Өмірдің өзі – театр» деген естелік кітабыңыздың жалғасы шықты. Үлкен қаламгерлеріміз секілді корифей сахна саңлақтары да ұлтқа бір кісідей қызмет етті, кейінгі буын оларды  біле жүруі керек. Ал сіз секілді театрда жүріп қалам тербейтіндер некен-саяқ, бәрін қамти алдыңыз ба?
– Естелігімнің «Тазарамын десең, театрға кел» атты екінші кітабы шықты деп есіттім, бірақ өзім көргем жоқ. Жазу деген азап екен. Бұл мехнатты жұмысқа алғаш кіріскенімнің өзі қызық. «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай: «Сәбе, анау Асекеңдер кітабын шығарып жатыр. Сіздің де қолыңыздан келеді, жазсаңызшы. Жазуға қолыңыз тимесе, бір тілшімді жіберейін, соған айтыңыз, жазады»,– деді. Елағаңнан – Елубай Өмірзақовтан бастайын деп шештім. Бірақ газетке шыққанда оқысам, ой ауытқушылығы білінді. Бәрібір өз ойыңды өзіңдей ешкім жеткізе алмайды екен. Бұрын мені әртіс деп мойындамайтын, бірақ «Қан мен терде» Сүйеуді ойнағаннан кейін жақын араласып кеткен Әбдіжәміл Нұрпейісов те «Өз сөзіңе өзің ықтиятты бол. Өзің жазғаның дұрыс. Мен шығармаларымда өзіміздің Арал жақтың сөздерін пайдалансам, сызып тастап, басқа бір сөздерді жазып қояды. Мен де қасарысып отырып, өз сөзімді қосамын» дейтін еді. Рас екен. Кітап шыққаннан кейін де балаң дүниеге келгендей, өз қуанышы болады екен. Кейде сол кітапты парақтап отырып, өзім айтып жүрген әңгімелерімді оқимын да, өзім күлемін. Кітаптың тұсаукесерінде болған Бибігүл Төлегенова бір данасын арқалап кеткен еді. Ертеңінде таң атпай үйге телефон шалып: «Әй, Сәбит, мына кітабыңды оқып бітірдім. Түнде немерем келіп «Апа, сенің денің дұрыс па, түн ортасында неғып күліп отырсың?» деп ұрсып кетті. Бірінен бірі қызық болып, ізіне түсіп қуалай отырып, таңға дейін қалай оқып тауысқанымды білмеймін»,–дейді. Екіншісі де соған ұқсас, бірақ ондағы ой бөлектеу. 
– Мүлдем атаусыз қалып бара жатқан атақтылар бар. Жарнамасы жақсы, артында іздеушісі, сұраушысы бар жандар туралы көбірек жазылады да, олар ұмыт қалып барады. Солар туралы неге жазбасқа?
– Мен кітабымда өзім етене жақын араласқан, жақсы білетін адамдар туралы ғана жаздым, ал шамалап жазуға қолым бармады. Мысалы, өз замандастарымды айтпағанда, Сәбира апаммен, Елағаңмен, Серағаңмен, Ыдырыс ағамен, Нұрмұхан ағамен гастрольге көп шықтым. Ал Жамал апаммен бір-ақ рет сапарлас болдым. Жамал Жалмұхамедова – бірінші Баян болатын. Ол кісінің үнінің кереметі сол, бірден жүректі табатын. Үннің адамды баурап алатын себебі, дыбыстың өзінде жанды дыбыс болады, оған ой қосылады, сонда ол әуезге айналады. Егер дауысы әдемі болса, ол – актердің бақыты. Арғы жағында түк жоқ, құр дауысы сыңғырлап тұрса, ол – азап. «Жұрт алдымен өзін жазады, сіз неге өзгелерді жазасыз?» дейді бір тілші. Нұрмұхан Жантөрин туралы қалай айтпаймын? Мінезі шатақтау еді. Басшылармен ара қатынасы нашар болды. «Неге сондайсыз?» десем, «Мен – Адаймын. Шыдай алмаймын» деуші еді жарықтық. Роль де бермеді, киноға да жібермеді, жүйкесіне тиді. Кешегі Гүлзипа Сыздықова деген апамыз да жақсы актриса еді. Ол да театрдың оппозиционері болды. Жақпады. Рольден қысты, ойнап жүрген рольдерінен ығыстырып шығарып жіберді. Театрдан кетіп бара жатып, құсалықпен қыстығып күн кешкен апамыз директорға, көркемдік кеңестің төрағасына, партия ұйымының хатшысына кіріп: «Ал рольден кенде болып, кем ойнап жүрсіңдер ғой. Алыңдар! Көздеріңе күйік болмайын деп кетіп бара жатырмын. Бірақ қара да тұрыңдар, құдай сазайларыңды береді!» деп кетіпті. Ауыр сөз. Табалағаным емес, назасы жібермеді. Ондай шындықтың бәрін айтсаң, жұрт дұрыс түсінбей қалуы мүмкін, екі арада өзің өсек айтқандай сүйкімсіз боласың. Бірақ осының бәрі тарих. Адамның таудай талантымен қоса, аздаған пендешілігі де қоса жүруі заңдылық та шығар. Сөз басында айттым ғой, театр – қайнап тұрған қазан деп. Айтыс та осында, тартыс та осында. Бірақ осының бәрі адам үшін үлкен мектеп.

Сұхбаттасқан – Айгүл Аханбайқызы

skifnews.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста