«Шабыттың» шапағатына бөленді
Елорданы бір апта бойы ән мен күйге бөлеген «Шабыт» фестивалі өз мәресіне жетті. Шығармашыл жастардың халықаралық өнер додасы осымен 15-інші рет өтіп отыр. Қарашаның 8-і күні аталған фестивальдың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биылғы Президенттік кубоктың иегері де осы жерде анықталды.
Бір апта бойы Қазақстан, Ресей, Украина, Молдава, Белоруссия, Өзбекстан, Қытай, Италия, Австрия және Корея елдерінің өкілдері кіретін қазылар алқасы он бір аталым бойынша фестиваль қатысушыларын іріктеп, оқ бойы озық өнерпаздарды анықтады. Шыны керек, барлық жастардың өнерге деген құлшынысы мен шығармашылық өресі биік болды. Бірақ байқаудың мақсаты – жеңімпаздарды анықтау болғаннан кейін, қазылар алқасына үздіктерді таңдап алу міндеті жүктелді. Сонымен, биылғы «Шабыт» фестивалінің скрипкашылар конкурсының бас жүлдесін «Камерата Қазақстан» оркестрінің әртісі Ахан Мейірбеков жеңіп алса, вокалда – Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Азат Мәлік, бейнелау өнерінде – Табысбек Толқын, қылқобыз аталымында – Олжас Құрманбек, көркем әдебиетте – Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Балтабек Нұрғалиев, пианистер конкурсында – Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының шәкірті Дарья Киселева (Ресей), домбыра-прима және шертер аспаптары бойынша – Алмас Нартаев (Татарстан), журналистикада – «Хабар» арнасының тілшісі Рахат Жақсыбай, балет өнерінде – Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртісі Әйгерім Бекетаева, альт, виолончель және контрабаста – Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының студенті Александра Рамазанова, ал цирк өнері бойынша Астана циркінің жас майталманы Мұхтар Өселбаев үздік деп танылды. «Шабыт» халықаралық фестивалінің арнайы сыйлығы – Президенттік кубокты да М.Өселбаев иеленді.