Шағын қалалар «Шеберлер еліне» айналды
Қазіргі уақытта еліміздің ірі өндіріс аймақтарындағы шағын қалалардың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, халықты жұмыспен қамтуға байланысты ұтымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы орайда жуырда «Шеберлер елі» атты ауқымды шаралар Қазақстанның үш моноқаласында табысты өтті.
Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы (ENRC) мен Қазақстан Жазушылар одағының «Шеберлер елі» атты бірлесіп атқарған акциясы Рудный (Қостанай облысы), Ақсу (Павлодар облысы) және Хромтау (Ақтөбе облысы) қалаларындағы «Соколов-Сарыбай» кен байыту өндірістік бірлестігі, «Ақсу» ферроқорытпа зауыты және «Дөң» тау-кен байыту комбинаты базаларын қамтыды.
Үш бірдей өңірде ұйымдастырылған шара аясында белгілі ақын-жазушылар, публицистер, мәдениет қайраткерлері мен журналистер ENRC корпорациясына қарасты ірі өндіріс орындарының жұмысшыларымен, моноқалалардың тұрғындарымен арнайы кездесіп, олардың тұрмыс-тіршілігі мен ауыр да ауқымды жұмыстарының барысымен танысып қайтты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай, «Нива» журналының бас редакторы, жазушы-аудармашы Орынбай Жанайдаровтармен бірге біздің де бір мезетте үш қалада өткізілген акцияның бір парасы ретіндегі Хромтау сапарында болуымыздың сәті түскен еді.
Бүгінде 24 мыңнан астам тұрғыны бар Хромтауға өткен ғасырдың 1967 жылы қала статусы берілген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өндірісі тұралап, тұрғындары үдере көшкен қала бүгінгі күні еңбекпен тыныстаған, көрікті жерлері көбейіп, әлеуеті жақсара бастаған жұмысшылар қаласына айналған. Байлығы бойынша Африкадан кейін әлемде екінші орын алғанымен Қазақстан хромы дүниежүзінде сапасы жағынан алғашқы орында тұр. ENRC корпорациясы құрамына кіретін Казхром компаниясына қарасты Хромтаудағы «Дөң» тау-кен байыту комбинаты биыл өзінің 75 жылдық белесін мол табыстармен атап өтуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мұнда қыруар инвестиция тартылып, шахталардың техникалық базасы заманауи үлгіде жаңартылған. Нәтижесінде, хромит рудасымен өзіміз ішкі нарық пен сырттағы сұранысты қанағаттандырып отыруымызға қол жеткіздік. Өнімділіктің артуы жергілікті жұмысшы қауымның әлеуметтік проблемаларын шешуге мүмкіндіктер беруде. Соңғы бірер жылдың ішінде Хромтауда мәдениет үйі жаңартылып, саябақтар мен демалыс алаңдары қалпына келтіріліп, құрылысы келіскен жаңа мешіт пен шіркеу салынып, елдің рухани тынысы ашыла түскен. Бізді, әсіресе қаладағы үлкен спорттық-сауықтыру кешені өзінің ауқымы мен құрылысының ерекшелігімен тәнті етті. Мұндай кешендерді ірі қалаларда, болмаса аудан көлемінде кездестіру қиын. Өндірістің арқасында уақыт өткен сайын тұрғындар саны арта бастаған қалада жаңа ықшамаудандар бой көтеріп, жұмыссыздар саны азайған. Қаладағы болашақ кеншілерді оқытып, дайындайтын колледжде де көбіне қазақ жастары кәсіптік білім алуда. Хром өндіретін комбинат басшылығы өзінің әлеуметтік жауапкершілігін жіті сезініп, қарапайым жұмысшы халықтың игілігі үшін барынша жағдай жасауды мүмкіндігінше қолға алуда. Бұл жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуына мемлекет тарапынан қолға алынған моноқалаларды дамытуға бағытталған арнайы бағдарлама үлкен септігін тигізуде. Дегенмен инновациялық даму жолына түскен жас мемлекетіміз үшін қордаланған мәселелер бір күнде шешілмейді. Әлі де атқарылатын іс, еңсерілетін шаруа көп. Ең бастысы, елді білім мен ғылымды игеруге, сол арқылы еңбек табысына жетуге шақырып, насихаттап, жас ұрпаққа дұрыс жөн сілтей білу болса керек. Өзіміз көзбен көріп қайтқан «Шеберлер қаласы» акциясының мақсаты да еңбек адамдарының күнделікті тынысы мен жұмысына үңіліп, қаламгер мен журналистер арқылы солардың үлгісін қоғамға ұсыну болатын.
Үш күнге жоспарланған «Шеберлер елі» акциясы аясында, сондай-ақ «Қазақстан, еңбегім саған!» деген атпен жергілікті шығармашылық иелерінің арасында ұйымдастырылған әдеби байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар Хромтау қаласының мәдениет үйінде өткен «Дөң» тау-кен байыту комбинатының 75 жылдығына арналған салтанатты жиында марапатталды. Қазақ және орыс тілдерінде өткізілген әдеби байқауда нағыз еңбектің қайнаған ортасында жүрген адамдардың өз шығармалары талғам таразысына түсіп, бағаланды. Шығармашылық бәйгеден оза шапқан шабытты шахтер-қаламгерлерге сый-сияпаттарды Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай табыс етті. Бәйгеге қатысушыларға Қазақстан Жазушылар одағы «Алтын қалам» сериясымен шығарған ұлт әдебиетінің классиктерінің таңдамалы томдары мен өзге де жинақтары берілді. Жүлдегерлер, сондай-ақ ENRC компаниясы тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды.