«Шаһнама» кейіпкері Рүстем сақ батыры болып шықты
Кеше Ұлттық кітапхана төрінде «Ұлы Дала өркениеті және «Шаһнама» тақырыбымен өткен халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын аяқтады. Онда қазақ, өзбек, башқұрт, әзірбайжан, иран және тәжік ғалымдары бас қосып, әйгілі Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнама» поэмасының Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ елдері әдебиетіндегі орны жөнінде талқы өрбітті.
Иран ғалымдары «Шаһнаманың» жастар тәрбиесінде алар орны, ел мәдениетін танытудағы басымдылығы жайында айтса, қазақ ғалымдары оның тарихи маңызы және Орталық Азия елдері әдебиетін байытуға тигізген әсері жайында тоқталды.
Тұрмағанбет «тірілді»
Отырыс Тұрмағанбет «Шаһнамасының» жаңа шығарылымын таныстырумен басталды. Тұрмағанбет аударған бұл нұсқа тұңғыш рет «Шаһнама» атымен жарық көріп отыр. Поэманың аудармасы бұған дейін «Рүстем-Дастан» атымен жарық көріп келген болатын. Жаңа нұсқа тұңғыш рет парсы тілі маманының редакциялауымен оқырманға жолдама алды. Ислам Жеменей және Алмас Алматовтың редакциялауымен жарық көрген мұра Тұрмағанбет шығармашылығын ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиетін терең зерттеуге септігін тигізері хақ.
Жиыннан жік шықты
Ғылыми конференция ашылып, алғашқы баяндамалар оқылып жатқан тұста, жиыннан жік шықты. Жік шығарған – Дулат Исабеков ағамыз. Ирантанушы, ақын Өтеген Күмісбаев баяндамасын қазақ тілінде аяқтап, иран ғалымы Дәуіт Еспархам өз баяндамасын оқи бастағанда, оның аудармасы орысша кетіп жатты.
Осынысы ұнамады білем, Дулат ағамыз орнынан атып тұрып, орысша аудармаға наразылық білдіріп, оның қазақша аударылуын талап етті. «Біз осы қай елде өмір сүріп жатырмыз?! Жиын неге парсы және орыс тілдерінде ғана өтуі керек?..» – деген жазушы қолын бір сілтеп, жиыннан шығып жүре бергені. Ал аудармашылардың «қазақша аударманың кезегі енді келеді» деп сабырға шақырғанына қарамастан, жазушы қайрылмай кете барды «Шіркін-ай» дейсің осындайда, Дулат ағамыздың әрекеті Мәжіліс басында тілге жанашырлығын білдіріп жататын Бекболаттарға да бітсе екен енді. Бекболат Тілеухан тәрізді депутаттар сұрақ жөнелтіп, дауыс салып қана қоймай, ендігіде орысша өтіп жатқан жиыннан шығып жүре берсе, не болар еді...
Ислам Жеменей, филология ғылымының докторы, профессор:
– «Шаһнаманы» біз түркітану тұрғысынан зерттеуіміз керек. Өзіңіз қарасаңыз, бұл дастанда түркілер, тұрандықтар турасында небір ғажайып деректерге жолығасыз. «Шаһнама» әдеби шығарма еді деген күннің өзінде, оның тарихи құндылығын жоққа шығаруға болмайды. Поэманың сюжеті тарихи оқиғалардан алыс болғанымен, осы бір ғана шығарма арқылы ирандықтар сол кезде өздерінің ұлттық келбетін табуға ұмтылды. Араб басқыншылығына кейін езілген ирандықтардың өз-өзін тануға жәрдемдескен бірден-бір құрал осы поэма болды. Егер де тұрандықтар болмағанда түркілер болмағанда, мұндай ауқымды шығарма жазылмас еді. Сондықтан «Шаһнаманы» жазуға түрткі болғаны үшін ирандықтар тұрандықтарға алғыс айтуы керек.
Рүстем қай тілде сөйлеген?
Рүстем батыр иран тілдері тобына жататын сәкзи тілінде сөйлеген деп топшыланады. Сәкзи – Рүстем батыр туып-өскен Сақестан-Систан аймағында қолданылатын тіл. Бұл күнде сәкзи тілінде сөйлейтіндер қатары қатты сиреп барады. Сондықтан сәкзи өлі диалектілер қатарынан орын алып отыр.
Сақ тілі мен қас сақ тіліндегі кейбір ортақ сөздер:
кангарак – көкірек
талбасе – далбаса
урущ – ұрыс
балга – белгі
таяр – даяр
алажа – алабажақ
курен – күрең
гуммаз – күмбез
Біз үшін жаңалық:
Рүстем – сақ батыры«Шаһнаманың» бас кейіпкері Рүстем батыр поэмада легионер ретінде сипатталады. Иран шахы оны керек кезінде шақырып, артынан туған жері Систанға қайтарып отырған. Систан – Сақестан атауының бұрмаланған түрі. Сақестан сақтар елі деген мағынаны береді. Сондықтан Рүстемді сақ батыры деуге негіз бар. Конференцияда айтылған осы мәселе назар аудартады.
Басқалар үшін жаңалық:
«Шаһнама» Сыр жағалап жүрЖиында Жаңабек Жетіруовтың «Сыр сүлейі» және Иранның фердоуситану орталығы түсірген
«Тус шахары – Фердоусидің отаны» деректі фильмі көрсетілді. Жырау Алмас Алматов пен оның шәкірттерінің «Шаһнаманы» Сырдың мақамымен жырлауы басқа елдерден келгендер үшін ірі жаңалық болды. Мұны ирандық ғалымдар «Шаһнаманы» жырлаудың қазақы үрдісі ретінде жоғары бағалады. Отырыста халықаралық деңгейде «Шаһнама» жыршыларының байқауын өткізу мәселесі көтерілді.