Сайғақтар туралы айғақ
Таяуда Алматыдағы «Меломан» дүкендер желісінде қазақ тіліндегі қазақ мультфильмдерінің DVD жинағы шықты. Отандық анимацияның сәл де болса мұндай жетістікке жетуіне мұрындық болғандар – Seimar Social Fund, Шымкент қаласындағы «Анимастер» студиясы, «Меломан home video» ЖШС.
Төл мультфильмдеріміз жинақталған диск алғаш рет жарық көріп отыр. Бұған дейін жергілікті бейнеөндіріс «Көшпенділер», «Моңғол» секілді бірді-екілі көркем фильмдердің дүкендердегі аз-маз данасына қанағат етіп келген болатын. Ал аталған дискіге анимациялық фильмдердің көрермендері үшін «Алдар Көсе», «Сайғақ туралы аңыз», «Сайғақ туралы аңыз-2» деген мультфильмдер енгізілген. Бұл мультфильмдердің режиссері – Мақсұт Жарымбетов, сценарий авторы – Татьяна Жарымбетова. Мамандардың айтуынша, бұл анимациялық туындылардан нағыз қазақы реңк байқалады әрі тәрбиелік мәні күшті. Аталған мультфильмді тамашалаған бала тек түрлі-түсті әдемі суреттерге қызығып қана қоймай, одан өзіне өмірлік рухани азық алары хақ. Айталық, «Алдар Көсе» мультфильмінің мазмұны ауыз әдебиетінен тамыр алып, негізгі желісі қазақтың аты аңызға айналған ертегі, аңыз-әңгіме кейіпкерінің басынан өткен түрлі қызықты оқиғаларына құрылған. Ал 2006 жылы теледидардан көрсетілген «Сайғақ туралы аңыз» мультфильмін көпшілік жылы қабылдап, ол көптеген жүлделерге ие болған. Сондай-ақ «Сайғақ туралы аңыз-2» жобасы алдыңғы аңыздың жалғасы іспетті болды.
Бұл жоба Seimar Social Fund және ҚР Орман және аңшылық комитетінің, сондай-ақ Қоршаған ортаны қорғау одағының «SOS-сайғақ» деп аталатын кең көлемді бағдарламасының аясында 2005 жылы қолға алынған еді. Аталмыш бағдарламаның мақсаты – Қазақстан территориясында құрып бара жатқан сайғақ популяциясын қалпына кетіру және сақтау болатын. Егер 2005 жылы Қазақстандағы сайғақтың популяциясы 39 600 болса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 61 мыңға көбейген. Сондықтан да сайғақ туралы түсірілген мультфильмнің екі бөлімі де маңызды мәселені балаларға икемделген жатық тілмен түсіндіруге тырысып, жас буынның табиғатқа, қоршаған ортаға, отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыруды мақсат етеді.
Сатылған дискілер тек отандық мультипликация өндірісін көтеру мақсатында ғана емес, қайырымдылықты да көздейтін көрінеді. Диск саудасынан түскен қаржы Komanda SOS деп аталатын коррдинациялық волонтерлер жобасын іске асыруға жұмсалмақ.