Шәкәрім шежіресінің жүз жылдан кейінгі жалғасы

Шәкәрім шежіресінің жүз жылдан кейінгі жалғасы

Шежіре сөзінің шығу төркіні арабтың бұтақ, тармақ деген мағына беретін «шаджарат» деген сөзімен байланыстылығына қазіргі тарих ғылыми ден қояды. Шежірешілік кешегі көшпелі қоғамдағы әрбір қазақ үшін темір қазықтай құбылыс болған. Шежірені білу, соған жүгіну арқылы қазақ қоғамы өзінің біртұтастығын сақтап келді. Шежірешілдік қазақ қоғамы үшін тіршіліктеріне тірек болған халықтық ереже ретінде өмірдің барлық саласында ерен қызмет атқарған реттеуші жүйе болып келді. Бір сөзбен айтқанда, шежірешілдік қазақ қоғамының тарихи санасын қалыптастырушы қасиетімен сол замандағы қоғам өмірінде берік орын алған тұтастандырғыш құбылыс деп қарастырамыз. Ол жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Шежіре халықты біріктіруші, тұтастандырушы сипатта рөл атқаратын идеологиялық құрал болатынын» тарихи еңбегінде ерекше атап өтеді.
Дала данышпаны Шәкәрім Құдай­бердіұлының бір қыры шежіреші-елтану­шылығы десек, артық айтпаймыз. Шәкәрім қажының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты атақты еңбегінің жарық көргеніне биылғы жылы тура 100 жыл болыпты. Кезінде заманның саяси-идео­логиялық ағымына байланысты шектеулі қауым ғана біліп, көпшілік Тәуелсіздік жылдары ғана танысып, оқып-білген бұл тарихи еңбек ғылыми ортада әлі де болса тарих-анықтамалық аясында ғана қарас­тырылып келеді. Бұл шежіре қазақ тарихы­на қатысты қамтыған, қоз­ғаған мәселелері кең әрі ауқымды. Онда бір ғана қазақ халқының шығу тегі, даму тарихы емес, одан да зор кең тарихи-геог­рафиялық көлемдегі мәліметтер сара­ланған. Жалпы, «Түрік, қырғыз, һәм хандар шежіресі» – Шәкәрім Құдайбер­діұлының Орынбор баспасында 1911 жылы 114 бет көлемінде тұңғыш жарық көрген еңбегі. Дала данышпанының зор ыждағатты­лықпен, ұзақ жылдардағы ізденіспен жа­зыл­ған шежіре баяны «Шежіреден бұрын», «Шежіре басы», «Қазақтың қай­дан шыққаны», «Хан шежіресі», «Шың­ғысхан шежіресі», «Стамбулдағы түрік нәсілі», «Сарт», «Өзбек», «Ноғай», «Баш­құрт», «Қалмақ һәм телеуіт», «Түрікмен» «Яқұт», «Оранхай», «Енисейдегі түрік», «Күншығыс Түркістандағы түрік» деп аталатын көптеген тараулардан түзілген және оның соңында «Мақсұт» «Қазақ», «Насихат», «Тағы сорлы қазақ», «Қош» деп аталатын өлеңдері қоса берілген. Шәкәрім қажының шежіресінің алтын діңгегі түрік һәм қазақ текті халықтардың билеуші әулеттерінің тарихы халықтық-этностық тарихпен тығыз сабақтастықта әрі мәдени-тұрмыстық қалыптарының сипаттарымен де қоса өріліп берілген. Шежіреде этно­лин­гвистикалық, тарихи-әдеби шығарма­шылық, тарихи-географиялық, тарихи-топономикалық және тарихи аймақтану санаттағы ғылыми сарабдал баяндаулар дәйекті негізде орын алған. Мәселен, Алаш ұғымына алғашқылардың бірі болып тарихи анықтама берген Шәкәрім қажы болатын.
Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіре­сінің төл өзегінде қазақ халқының тарихи тағдырына байланысты сөз қозғалып, он­да ол қазақ қауымы үшін зардапты мәселе­лер легін тізбелей келе, одан шығар жол ғылым мен білім деген түйінге тоқ­талады. Бұл – ақынның өз халқына деген күйініші мен сүйінішінен туындаған жан күйзелісі һәм махаббатының азаматтық үні. Осы шежіреде «Қазақтың түп атасы» деген тарихи дастан түрінде жазылған шығар­масы берілген. Оны мазмұндық сипаттары бойынша: қазақтың түркі-оғыз тайпалары бірлестігі кезеңі, түркі-моңғол тайпалары бірлестігі кезеңі, Алтын орда-қыпшақ дәуіріндегі қазақ тарихы, Сақа, Осман түріктерінің тарихы, қазақ хандығы ке­зеңін­дегі оқиғалар, XVIII ғ. Абылай хан басқарған кезең, қазақ-қалмақ соғыстары кезеңдері деп саралауға болады. Бұл тарихи дастан-шежіреден халқымыз тарихында көрнекті орын алған тұлғаларға қатысты нақтылы деректік сипаттамалар берілген.
Шәкәрім қажы Шығыс Қазақстанды, Оңтүстік Сібірді, Батыс және Солтүстік Моңғолияны мекендеген жалайыр, найман, керей сияқты тайпаларға тоқта­лады. Бұлар туралы ол: «ақырында тамам моңғолды түгендеп алғанда, отырықшы болып қалған түріктер көшіп қашуға жерін қимай, бірталай ел моңғолға қарап қалды. 1300 жыл шамасында ониют, жалайыр, найман, керей дегендер әр түрлі рудан еді. Сол себептен олар қалмақ деп аталды», – дейді.
Қазақтың шежіре айту дәстүрі өзіндік бір ерекше дүние. Халқымызда ата тара­туға ерекше мән берілгені мәлім. Соған орай айтылған «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрт­тың қамын жер» деген ертеден қалған аталы сөздер әркімнің өз шығу тегін білуіне қалай мән берілуі керектігінің айғағы іспетті.
Академик М.Қозыбаевтың айтуынша, «Шежіре арқылы оның тегі, ата қонысы, қауымға қосқан үлесі, Отан қорғаудағы орны, меншік, адам құқығы, болмысы және т.б. білінетін болған. Ру, бау, сүйек, сан, тай­па, тұқым, тек, арыс, жүз, жұрт, ел, отан сияқты халықтың барша тарихын көрсе­тетін категориялар, айналып кел­генде, шежіренің негізгі категориялары. Бұлар тұтас этностың тарихын ашуға бір­ден-бір қажет нәрселер», – дей отыра қазақ тари­хы­ның ғұламасы «Моңғолия қазақ­тарының ата-тек шежіресі» деген Рахметол­ла Шыжайдың еңбегіндегі «Туыс­тас немесе көршілес бірнеше отбасы бір қоныста отырса – ауыл, ауылдас, көрші; іргесі алшақтар болса жерлес делінген. Қандас – жеті атадан құралғандар (бір кіндіктен таралғандар), бір ата оныншы атадан асса – ру (жеті ата деген қате). Бірнеше ру қан­дастықпен біріксе – тайпа. Бірнеше тайпа қоғамдасып, жүз болып қауымдасады.Тайпадан іріленсе – халық немесе ел; оның мемлекет ішінде өзге ұлт, ұлыстармен саяси тендігі болса – ұлыс; дербес саяси-экономикалық тәуел­сіздікке қолы жетсе – мемлекет; тілі мен дәстүрі, мәдениеті, өзіндік мекен еткен жері, әлеуметтік рух, жігері, этникалық ерек­шелігі ортақтасып, дараланса, ұлт болады» деген тұжырымына орынды мән береді, қолдайды. Сонымен бірге ол «шежіренің қоғамдағы орны ерекше. Шашырап жүрген ағайынға шежіре арқылы бөтен­сінбей, бір-бірімен танысуына болатынын, қарға тамырлы қазақтың алысы жоқ, сұрай-сұрай қарын бөле шығатынына назар аударамыз.
Шежіре, ендеше, ұлттың руға, тайпаға, жүзге бөлінуі үшін емес, оның тұтастығына, туыстығына ортақ тілі, ортақ діні, ділі, Отаны, елі, жұрты бар екеніне, бірлікке, ұлттық сананы қалыптастыруға бағыштал­ған» деп атап көрсетеді.
Ендеше, қарымды қаламгер-шежіреші Молдабек Жанболатұлының «Тобықты-Шыңғыстау шежіресі» қазақтың дәстүрлі тарихты баяндау өнегесінің және Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінің» заңды жалғасы болып табылады. Кезінде қазақ қоғамы­ның көсемі Әлихан Бөкейханов қазақтың шежірешілдігінің бастауында Шәкәрім қажының шежіресінің тұруы керектігін баса атап өткен болатын. Ол жөнінде автор көптомдық шежіресінің алғашқы томында баяндап өткен.
Өткен мен бүгінді сабақтастырған, болашақ ұрпаққа рухани және тәлім-тәрбиелік тағылымы мол «Тобықты-Шыңғыстау шежіресі» атты еңбектің маңызы зор. Бұл алты томдық шежіре кітаптың авторы – бүгіндері жетпістің бел ортасына келген жасы бар, Семей өңірінің рухани-мәдени өмірінің дамуына еңбегі сіңген зиялы азамат, тәлімгер-ұстаз, тарихшы-этнограф, белгілі қаламгер, елтанушы Молдабек Жанболатов.
Кезінде заңғар жазушы М.О.Әуезов «Жер – шежіре» деп тегін айтпаған. Жер-ел-жұрт-ата баласы байланыстылығы халық­тық даналықтың қалыптасуының негізгі тағаны екені баршамызға мәлім. Шежі­ренің авторы ел тарихын жер тарихы­мен тығыз сабақтастыра отырып, тобықты руы­ның, мысалы, оның тарихи кезеңдерде бастан кешірген көші-қон үрдісін, алтын бесік атамекенге қайта оралуын тарихи дәлелді фактілермен жүгіндіреді. Тобықты руы тарихының бүкіл қазақ қоғамының XVII-XIX ғасырлардағы тарихи арнасында өрілетінін шежірені оқи отырып көз жеткіземіз. Нақтылай түсер болсақ, қазақ елінің тарихы оның әр ру, тайпаларының тарихынан түзілетінін автор айқын аң­ғартып өтеді. Түрік жұрты  тарихы­ның өзара байланыстылығы мен бірлігі идеясы бұл шежіреде нақты көрініс береді.
«Біткен іске сыншы көп» болары белгілі ғой. Әуелі көңіл риза болған табыстарына тоқталайық:
Шежіреде халық тарихын тобықты руының тарихы арқылы баяндау үлгісі аса мәнді берілген деп санаймыз. Өйткені шежіре – тарихты зерттейді, халықтың жа­ды арқылы жететін рухани қазына һәм төл тарихтың мәйегі.
Автор тайпа, ру ата ұрпағы – елдіктің бірлестік жүйесі принциптерін берік ұс­танған түпкі идеясы қазақ халқы бір атадан тарайтын біртұтас ел екендігіне баса назар аударған.
Шығарма қамтылуға тиісті объектіні толық қамтуға тырысқан. Сондықтан да ол көлемі жағынан үлкен еңбек болып шық­қан. Зepттеy жасаған тақырыбы, геог­рафиялық аймағы, қарастырған мерзімі 500 жылды қамтыған. Ол – тарих, онда сол мерзімдегі халқымыздың күрделі тағдыры жан-жақты баяндалған. Ол тек тобықты руы емес, тұтас халқымыздың тағдыр, тарихы іспетті. Шежірені тұтас оқып шыққан адам одан жалғыз тобықты руы мен Шыңғыстау өңірі емес, тұтас халқымыздың күреспен өткен өмірін танып біледі.
Ерекше мән беретін нәрсе ол шежірені жазуда тарихи-хронологиялық талдау, жалғастыру, соны сұрыптау әдістерін тиянақты түрде қолдануы оның ғылыми құндылығын арттыра түскен. Шығарманың құрылымындағы «Өткені жоқтың болашағы жоқ», «Тарих тағы­лымы», бөлімдері және пайдала­нылған дерек көздерімен «Әйгілі адамдар, елеулі есімдер» деген қосым­шалары бүкіл ең­бекті нәрлендіре түскені анық. Бұл шежіреде қаламгер әрбір қазақ­тың ру-тайпаларының өзіне ғана тән, мағынасы зор таңбалар мен ұғымдарға ие екендігіне және мұның ұғымдық, ұлттық болмысын аша түсетін біріктіруші фактор­лығына жете көңіл бөлінген.
Шежіренің жазылу ерекшелігі – ғылыми маңыздылығын жетілік кесте үлгісі арқылы әр жеті буынды (әр буын 25-30 жас аралығында) көрсетуінде деп білеміз. Әр буынның өмірлік мерзімі тарихи кезеңділіктің сатыларына сәйкестен­діріл­ген. Бұл тың жаңалық болып табылады. Оларды таңбалық жүйемен кестеде көрсетуі соның айғағы, яғни ерекше таңбалар арқылы ұғымдық-түсініктемелік көрсет­кіштерінің кестелік жүйеге нақтылық беруінде.
Сонымен қатар шежіре кестелерде замана тынысына сай кәмелетке толмаған қыз балаларды енгізуі өте орынды. Өйткені атадан туған ұрпақ ретінде әйел затын қастерлеу, келер ұрпақ анасы ретінде қай заманда болмасын, қазақтың ұлттық дәстүрі деп қаралған. Шартарапқа тараған қазақ жұрты үшін қыз балалардың шежіре кестесіне енгізілуі әбден дұрыс.
Шежіре кестесінің тағы бір ерекшелігі – қай атадан туғанына қарамастан бірыңғай негізде енгізілуінде. Ол да қазіргі заман ағымынан туындағандығы деп қарауымыз керек. Шежірешілдіктің өзі әр заманда жаңа мазмұнға ие болып отырған.
Шығарма осыншама мағыналы, ау­қымды, көлемді болуымен қатар, негізгі айтуға тиісті тақырыбының арнасынан ауытқымайды. Барлық жайды тарихи, хронологиялық реттілікпен жүйелі, сабақ­тас жалғас өмір парақтары етіп беруге талпынған. Автор өзі ұстанған «Шәкәрім қажының шежіресін дамытып, бүгінгі күнге жеткізсем» деген мұратына жеткен.
Шығарманың ерекше құндылығы әлі де жүйеленіп болмаған қазақ тарихының тарихи кезеңдері, оның тарихи-әлеуметтік мәні мен маңызына ден қояды. Ондағы жеңістер мен жеңілістерінің себебі мен салдарына өзіндік баға беріледі. Оның негізгі тұлғалары – би, батыр, шешен т.б. кемеңгер қайраткерді атайды. Олардың ел аузындағы еңбектерінің тарихи деректер­мен, құжаттармен, тұтас халық тари­хын­дағы орнымен байланысын ашуға талпынады. Негізге сүйенген тарихи құжат, әдеби шығармалар мен баспасөз деректері нақтылы көрсетіліп отырылған. Оның бәрі шежірені жалпылама аңыздар жинағы емес, көздеген нақты мақсатын орындап, ғылыми негізді шығарма дәрежесіне жеткізген.
Мәселен, әр томда орын алатын «Өт­кені жоқтың болашағы жоқ» атты бөлімін­де тобықты руының тарихы, оның би-батырлары, шешендері, кемеңгер қай­рат­керлері туралы ой-пікірлерін, тұжырым­дарын автор энциклопедиялық, жинақтық, монографиялық, мерзімді баспасөз, мұрағат-мұражай материал­дарын, ауызекі аңыз әңгімелерді тиісінше талдау-сұрыптау арқылы дәйекті, ғылыми түрде жеткізе білген.
Шежіре ғылыми тұрғыда терең әрі мағыналы жазылғанына қарамастан, көпшіліктің түсінікті қабылдауына ар­налған.
Ерекше назар аударатын жайт – еңбек көркем-әдеби шығарма, ғылыми еңбек болмағанымен, тілі жеңіл, ойы айқын, тұжырымы түйінді болып келеді. Сондықтан да ол бүгінгі тілі шорқақ, ұлттық ой-оралымдары кенжелеу ұрпақтың оқып түсінуіне жеңіл, қолайлы болып шыққан.
Мұның өзі автордың ерекше ыждағат­тылықпен мән беріп, қол жеткізген твор­честволық еңбегінің жемісін, шеберлігін танытады.
Шежіреде жер атаулары, ондағы жан-жануарлар, өсімдіктер дүниесі, қазба қазы­налары мен тарихи орындар архео­логиялық және табиғат тамашалары тізбеленген. Оның түрлі-түсті фотосуреттері мен Шыңғыстау өңірінің табиғи картасы, Абай ауданының әкімшілік картасы берілген.
Тобықты жұртының тағдыр талайына орай, карта-схемалар нақтылық масш­табтық дәлдікпен түрлі-түсті бояумен өрілген.
Мұның бәрі шежіренің көркемдігін, ғылыми жүйелілігін арттырып, тарихи, тәрбиелік қуатын көтерген.
Шежіренің тарих, антропология, география, топономика, этнология, эко­номика сияқты ғылымдар категория­ларымен қабысатынын да көреміз және оның өзіндік ерекшелік санатын көрсетеді. Мәселен, қазақ үшін жер мәселесі, оның көшпелі өмір салтына сай пайдаланылуы, игерілуі және сақталуы басты өмірлік нышан болған.
Жердің экономикалық құдіретін жете түсінген бірден-бір халық ол қазақ халқы болған. Қыс – қыстау, көктем, жаз – жайлау, күз – күзеу пайдалану дағдысын айтамыз. Тіпті жер-су атауларын берудің өзінде терең мағына болған, өйткені қазақ халқы табиғи ресурстардың қадір-қасиетін барлай білген. Оны да осы шежіреден айқын байқаймыз.
Автор көп жылдар бойы жинап, зерт­теп жариялап келе жатқан халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ою-өрнек үлгісі, өнері мен мәдени мұрасы, тұрмыстық дағды-тағылымы шығармада кеңінен сөз болады. Оның озық  үлгісі нақты ою-өрнек, түрлі-түсті фотосурет, ән-күйлерінің ноталық жазбасы, бата-тілек нұсқалары берілуі арқасында жалаң сөз, құрғақ мадақ емес, дәлелді болып келген. Бұл – өте жақсы үлгі, танымдық та, тағы­лымдық та өнеге.
Әрбір ата, әулет, ру, тайпада бар шешендік, кемеңгерлік, даналық үлгілерді жинап, бүгінгі өміріміздің қазы­насы ете білсек, бір ру-әулетті ғана емес, тұтас құрметтеп, ұрпағымыздың бойына сіңдірсек деген ой шежіренің өн бойына арқау болған. Бұл шежіренің өміршең құдіретін, ұрпақтан-ұрпаққа көшіп келе жатқан асыл қасиетін айқындай түсуге негіз болған. Шежіренің құндылығы да сонда болса керек, бұл орайда ерекше көңіл аударып, өнеге тұтар нәрсе кейбір шежіре деп жарық көріп жүрген басылымдардың цензураның жұмсақ­тығын пайдаланып, көңіліне келген, естіген аңыз әңгімелердің бәрін талдамай-талғамай, үйіп-төгіп айта салатын әдеттен аулақ болу үлгісі.
Молдабек Жанболатұлының шежіре­сінде өзі мадақтамақ тұлғаны айдарлан­дыру, айбарландыру үшін өзге бір рудың атақты адамымен салыстыру немесе одан артық шешен, күшті, тапқыр етіп көрсетуге тырыспайды. Шығармасында екіұшты аңызға да ерік бермейді. Ғажайып күш, тылсым құдірет кейіпкері бар аңыздарды арқау етпейді. Мұның өзі шежіре айтушы ата таратушылардың ескі үлгісін ұстана отырып, шежірені тәрбие құралы, деректі тарихи шығарма биігіне көтерудің үлгісі болып отыр деуімізге негіз бола алады.
Шежіремен алғаш танысқанда-ақ Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының назарын аударғаны шежіренің осы жақсы жаңалы­ғының үлгісі болса керек.
Шежіренің аннотациясында айтыл­ғандай, түркі әлемінің білгірі Рахманқұл Бердібайдың «Тауфиқты» (Тобықты) жұртының күреспен өткен дәуірі – өте күрделі құбылыс. Онда көп шыққан ұлы­лар мен дарындылардың, қайраткер­лер мен өнерпаздардың, тіпті тұтас тобық­ты жұртының басынан өткен күй – бүкіл халқымыздың ортақ тағдыры тобықты шежіресі, Шыңғыс елінің тарихы қазақ өмірінің, қазақ тарихының сындарлы моделі деуге тұрарлық еңбек» деуі аға ғалымның шынайы көңілден айтқан тілегі сияқты. Біз де риза көңілмен шежіреге әлі талай үңіліп, алар үлгіміз мол деп білеміз.
Шежіренің оқыған жұртшылықты да, оны зерттеп, қарап жатқан ғалымдарды да тәнті еткен ерекше табысы – ата-таратудың жаңа үлгісін ұсынуы, шежіре туралы автордың көп жылдар бойы зерттеп, ізденіп жүргендегі ойы, жасаған тұжы­рым­дары. Иісі қазақ өзінің шежірешілік қасиетін өнер деп есептеп, ардақтап келе жатқаны белгілі. Қаламгердің нақты дәлелдермен жасаған тұжырымы бойын­ша «оны қал­пына келтіру, қазақтың ұлттық болмысын табу, тану, тірілту» болары анық.
Шежіреде Шыңғыстау өңірінде тобықтылар өміріндегі айтулы кезең, маңызды оқиғалар мен әйгілі адамдарды, тарихи тұлғаларды елеулі есімдерді, олардың өмірінің нақтылы деректері мен шығарманы тірнектеп жинап, жүйелеп жазып шыққан Молдекең ру шежіресінің түзілу мақсаты: «Отаны, елі, халқы үшін еңбек етіп, күресіп, қайраткер өз игілігінен гөрі өзгенің мүддесін қорғауды артық санайтын, адам баласына мейіріммен қарай­тын, адал, әділ, бауырмал, адам­гершілік қасиетті кейінгілерге үлгі ету» деп пайымдайды.
Ұлы бабамыздың өсиетіне сай, ұр­пағын атаның емес, адамзаттың баласы болуға тәрбиелеуді мансұқ етеді. Бұл орайда ғасырлар бойы халқымыздың ұстанған өнеге құдіретіне ерекше мән беріп, ұрпағымыз тегін танып, ата-ана­ларымыздың өсиет-аманатына адал, жақсы дағды, дәстүрін, өнегелі үлгісін жалғастырса екен деп ойлайды.
«Өнеге» ата дәстүрін ардақтаудың «Алтын арқауы», темірқазықтай тапжыл­майтын «Тұғыры», әулеттің қан, тіл таза­лығын сақтауда аттауға болмайтын «Қыл көпірі» болса екен деп тілейміз, – дейді автор.
Мұның бәрі ұрпағымыз өз Отанын, ұлтын сүйіп, оның тарихы мен барлық болмысын танып-білгенде ғана баянды болмақ. Ол өнеге, тарих, қазақ шежі­ресінде айқындалған. Сондықтан да дана халқы­мыздың:
Жеті атасын білген ұл,
Жеті жұрттың қамын жер, – деп білгенін шежіреші көлемі алты томдық шығарма­сының тұтас бойында мысқалдай сол­ғындатпай ұстап келген.
Бұл, сөз жоқ, шежіренің құндылығын арттырып отырған қаламгердің мақсат­керлік, шеберлік, ізденімпаздық еңбегінің жемісі демекпін.
Ерекше мән беріп, әлі де болса терең зерттеп, қарарымыз Молдекең ұсынған ата тарату үлгі-кестесі болмақ. Шынында да, әр парақтағы әрбір әулеттің жеті атасын көрсетіп тұрған үлгі өте тамаша жаңалық.
Одан әрбір әулеттің жеті атасын, аталас адамдардың туыстық қатынасын, тұстас тұрғыласын тауып, тануға болады.
Кейбір шежірешілер жас шамасының арасы алшақ адамдарды замандас қа­рым-қатынаста болды деп жаңсақтықтарға жол беретіні белгілі. Бұл кесте оған жол бермей, ұрпақ сабақтастығын дұрыс жүйелеуге негіз бола алған.
Сондай-ақ әрбір адамға түсінік беріп отырмай, әртүрлі таңба белгілер қолдануы да шежірешінің еңбегінің ықшамды болуына негіз болған.
Шежірешілік шығарма авторы  Молда­бек Жанболатұлы осы еңбегін жазу бары­сында орасан зор материалдар мен құжаттарды кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен жинақтады.
Географиялық ізденіс арнасы: Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау, Жезқазған, Балқаш, Қызылорда, Шым­кент, Түркістан, Жамбыл, Талдықорған, Астана-Ақмола өңірлерінің қала, ауылдық жерлерін тегіс қамтыды.
Сонымен қатар автор көршілес туысқан Өзбекстан мен Қырғызстан, Ресей елдерін де аралап, мол мағлұмат жинақтады. Осы шығарманың жазылу тарихы да жиырма екі жыл мерзімін қамтып, ол бірнеше кезеңнен тұрады. Мәселен, 1988-1995 жылдардағы алғашқы кезең материал­дарды жинап-теруге арналса, 1995-1999 ж.ж. кезең жиналған ауқымды  мұраларды сұрыптауға, қорытуға және алғашқы жазбаларды хатқа түсіруге арналды. Одан кейінгі 1999-2002 ж. кезеңінде шежірені жазу және құжат материалдарын жинақ­тауға мән берілді, ал кейінгі 2002-2004 жыл кезеңдері толықтырулар мен өзгеріс­тердің енгізілуі, жұмыстың қорытын­дысы жасалып, жарыққа шыққан мерзімі болды.
Тарих тұңғиығынан асыл қазынамыз – ел-жер тарихын тырнақтап, тамтұмдап жинап, көпшілікке жария етуге ұсынылған мағыналы, тәлім-тәрбиелік маңызы мол, өткенді жаңғыртып, жаңа тыныс берген мемлекеттік «Мәдени мұра» бағ­дарламасының аясында жасалғандай әсер беретін, ғылыми өтеуі бар ата-дәстүрін дәріптеуші еңбек болып табылатын «Тобықты-Шыңғыстау шежіре­сі» адамтану мен елтану һәм аймақтану салаларындағы бірден-бір құнды шығарма.
Бүгіндері жетпістің бесеуіне келген ұлттық дәстүрдің белсенді насихатшысы, этнограф, қаламгер-шежіреші, тәлімгер ұстаз және өнегелі әулеттің ерен қабырғасы Молдабек Жанболатұлына айтар алғы­сымыз бен білдірер ілтипатымыз зор.
Ерлан САЙЛАУБАЕВ, тарих ғылымының докторы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста