Сәкен Майғазиев: Тұқымын бұзғысы келген қыздар қазаққа жақсылық әкелмейді
31 қаңтар күні Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өткен «Сыр аруы» конкурсына арнайы келген “МузАРТ” тобының әншісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Бұл туралы alashinform.kz хабарлайды.
-Сәкен аға, Сыр еліне қош келдіңіз! Өзіңізді ұлтжанды азамат ретінде жоғары бағалаймын. Сондықтан әңгімені «Шетелдік күйеуден» бастайықшы…
– «Алла тағала бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер», – дейді ғой. Мен сондай шешім қабылдаған жанмын. Егер шетелге кетем деп жатқан қыз болса, құрту керек. Себебі, онда намыс жоқ деген сөз. Қытайға немесе өзге нәсілді азаматтарға тұрмысқа шыққысы келіп, тұқымын бұзғысы келген қыздар қазаққа да жақсылық әкелмейді. Бұл ақымақтың ісі. Қазақтың ақылды, ибалы, инабатты, тәрбиелі қыздарының мұндай қадамға бармайтынына мен сенемін.
– Танымал дінтанушы Мұртаза Бұлұтай Қытай еліне барып миллиондаған адамның назарын өзіне аударған Димаш Құдайбергеновтің жетістігіне қуанудың қажеті жоқ деп есептейді. Ол кісінің айтуынша бұл саясат деп отыр. Сіздің пікіріңіз?
– Иә, бұл кісінің Facebook әлеуметтік желісінен дін мәселесіне қатысты жазылған бірнеше посттарын оқыдым. Әрине, дін тұрғысына келгенде ол кісіге қарсы шығуға менің ілімім жетпейді. Бірақ мен тура саясат деп ойламаймын. Бұл жерде ешқандай қорқатын дүние көріп тұрған жоқпын. Егер қызығатын болса, біздің сарқылмас қазба байлықтарымыз жетіп жатыр, Димашқа қарап тұрған жоқ деп ойлаймын. Димаш Құдайбергенов – өте сирек кездесетін дауыс иесі. Алланың берген құдіреті болар. Өзім Қазақстанда ысқырықпен шыңғырып ән шырқауда 3 әншіні ғана атап айта аламын. Олар: Димаш Құдайбергенов, Жанар Дұғалова және Мархаба Сәби. Бұл тек қытайлықтардың нағыз талантты бағалауының бір көрсеткіші ғана.
– «МузАРТ» тобының ізбасарлары қазіргі таңда немен айналысуда?
– Жігіттер өте дарынды, талғаммен таңдалған жігіттер. Алла бұйыртса, наурыз айынан бастап жұмысқа кіріседі. Қазір қызу дайындық үстіндеміз. «Музарт» тобында әнді 10 адам таңдаса, қазір 15 адам таңдаудамыз. Әркімнің пікірі әртүрлі болғандықтан, қазір ән таңдау өте қиын болып жатыр.
– Сіз уәдеге берік адамсыз ба?
– Әрине, берікпін.
– Мейрамбек, Кенжебек аға үшеуіңіздің бір уәделеріңіз бар еді…
– Ешқандай уәде емес, ол мен докторантураға түспей тұрғандағы қалжың болатын. Қыркүйек айында докторантураға оқуға түстім. Менде құдайдың құтты күні сабақ, комиссия. Одан қалса мемлекеттік маңызы бар біршама іс-шараларға, оның ішінде Универсиадаға атсалыстым. Негізінде шашымызды алып демаламыз деген болатынбыз. Бірақ, менде демалыс жоқ болғандықтан маған жігіттер рұқсат берді. Бірақ, «айтылған сөз, атылған оқ». Қалжың болса да аузымнан шыққан сөз деп, мен сол миллионды мұқтаж жандарға беріп, көмектестім.
– Қазіргі таңда барлық әншілерге Айфон ойнату сәнге айналғандай. Оның ішінде сізде барсыз. Одан сізге түсер не пайда?
– Келіп жатқан дүние болса, неге пайдаланбасқа? Ешқандай алаяқтық көріп тұрғаным жоқ. Сіз бар-жоғы «подписки» деген жерге саусағыңызды тигізіп тіркелесіз. Ал оның өзіне ерінетін адамдар болса, ешкім қыстап жатқан жоқ. Әркімнің өз еркі. Дегенмен ұтып жатса, нұр үстіне нұр. Ал, ол үшін маған қомақты қаржы төлейді. Оны да жария садақа ретінде мұқтаж жандарға беремін. Бұл ісім басқаларға үлгі болса деймін.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!