Сәкен ҚАЛЫМОВ, әнші: "Алтайдың ар жағынан келген аруды" ән-айтыс түрінде шығармақпын

Сәкен ҚАЛЫМОВ, әнші: "Алтайдың ар жағынан келген аруды" ән-айтыс түрінде шығармақпын

Тоқсаныншы жылдары «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнімен тыңдарманның жүрегін жаулап алған әнші Сәкен Қалымов соңғы кездері неге сахнадан көрінбей кетті? Қазір қайда, немен айналысып жүр? Бұл туралы бізге әншінің өзі айтып берді.

Киелі сахнаны сағынып жүрмін
– Айтыңызшы, қазір қайда жүрсіз?
– Шынында да, сахнадан алыстап қалдым. Адамның ішкі жан дүниесі ән салып тұрмағаннан кейін, жасанды тірлікті қаламадым. Себебі, көңіл күйім орнында болмады. Араға біраз уақыт салып, енді-енді көңіл күйім түзеліп келеді. Соңғы кездері киелі сахнаны сағынып та жүрмін. Өнер адамы бәрібір де көрерменнің ыстық ықыласын аңсайды екен.
– Сонда сіздің көңіліңізді не алаңдатты? Әлде шығармашылық тоқырауға тап болдыңыз ба?
– Шығармашылық тоқырау деп айтуға болмас. Неге десеңіз, соңғы бес-алты жылдың көлемінде 20 шақты жаңа ән жаздырдым. Мәселенің бәрі жеке өміріме қатысты. Бәріміз ет пен сүйектен жаралған адамбыз ғой. Оның үстіне өнер адамы сезімтал келеді. Мысалы, ішкі дүниең қан жылап тұрса, күліп тұрып ән айту мүмкін емес қой.
Десе де аузымды құр шөппен сүртіп отырғаным жоқ. Жаңалық бар. Тыңдармандарыма ұсынатын жаңа әндерім жетерлік. Мүмкін олардың бірі осал, бірі мықты жақсы шығар. Дегенмен, жұмыс жасалып жатқаны сөзсіз.
– Жазылып жатқан жаңа әндеріңізбен де таныс бола отырайық. Әндеріңіздің аты қалай?
– Барлық әндерімнің әуенін өзім жаздым. Соңғы жылдары Алла тағала жүрегіме иман ұялатып, намазға жығылғаннан кейін діни әндерге көңілім ауып тұрады. Жақында ақын Серік Қалиевтің сөзіне ән жаздым. Аты әлі қойылған жоқ. Фариза Оңғарсынованың, Нұртас Исабаевтың, Ясира Заханқызының өлеңдеріне ән жаздым. Тіпті, маған «Алтайдың ар жағынан келген ару» әніме дуэт жаздыру туралы да ұсыныс түсті. Қытайдағы қандас қыз-келіншектер дәл осы әннің әр шумағына жауап жазыпты. Мысалы, бірер шумағы мынадай:
Шын болса арғы бетте жүрген ару
Парыз ғой ер жігітке іздеп бару.
Ақ иық қара ән аға!
Ақ биік жыр ән аға!
Өзіңді ел сыйламай тұра ала ма?!
Аққу боп кетсем деймін,
Отанға жетсем деймін,
Алатау тау самалын өпсем деймін.
Иншалла, осы дүниені ән-айтыс ретінде шығарғым келіп жүр. Ізденісте жүрмін. Менің дауысыма сай келетін, жұмсақ дауысты, жүрекпен айтатын әнші таппай жүрмін.

Әндерімді сатпаймын
– Бір жылдары өзіңіз бастап, Жұбаныш Жексенұлы, Марат Имашев, Бауыржан Исаев қостап бір әдемі жобаны қолға алып, ел-елді аралап, концерт беріп едіңіздер. Неге сол бастама аяқсыз қалды?
– Олардың бәрі сыйласып жүрген жақын бауырларым. Бір-бірімізге бөтен емеспіз. «Елге сәлем!» деп ауылдарды аралайық деген мақсатта ортаға ой тастап едік, бәрі қостады. Бастапқыда Оңтүстік Қазақстан облысын араладық. Халық та жақсы қабылдады. Бірақ соңы аяқсыз қалды. Бауыржан Астанаға көшті. Ал менде жоғарыда айтып өткенімдей сахнаға деген талпынысым болмады. Жұбаныштың жұмысы өте көп. Десе де әлі де кеш емес. Мүмкін, алдағы уақытта осы төрт жігіттің басы тағы да қосылып қалуы мүмкін.
– Әндеріңіздің көбін өзіңіз орындайсыз. Марат Имашев орындаған «Еркелеген елігім» әніңіз бір кездері хит болып еді. Туындыларыңызды басқа әншілерге ұсынып көрдіңіз бе?
– Ән деген жаныңның түкпірінен шымырлап шығатын қасиетті өнер ғой. Әуелде жазған әндерімді басқаларға орындатайын деген ой мүлдем болмаған. Сіз айтып отырған «Еркелеген елігім» атты әнімді Марат гитарада орындағанымды тыңдап, өзіне сұрап алған болатын. Маратқа рақмет, әннің бағын ашты, өзі де сол ән арқылы жұртқа танылды. Бүгінде әндерімді сұрап жүрген жас жігіттер бар. Өзім де орындаушысы табылып тұрса, әндерімді беру керек екен деген ойда жүрмін. Кейбіреулер әнімді тыңдап болған соң: «қанша тұрады?» деп сұрайды. Сонда мен тегін беретінімді айтамын. Ұнаса, алсын. Әнге аранжировка жасату да оңай емес, біраз шығын шығады. Ал олар аң-таң болады. Жақында «Жанел» деген ән жазып едім, «МелоМэн» тобының жігіттері тыңдап, әніме «құда түсті». Олар да қанша тұратынын сұрады. Мен «Құдай сақтасын, ұнап жатса, алыңдар да, айта беріңдер!» дедім. Жақын арада өмірімде жақсы бір өзгеріс болатын сияқты. Егер сол армандар орындалып жатса, қанатыма қанат, шабытыма шабыт қосылатын шығар. Міне, сол кезде жаңа әндер көптеп туады деген ойдамын.

Ауылдың орны қай кезде де бөлек қой
– Туған ауылыңызға жиі барып тұрасыз ба?
– Мен бірде Қытайға барғанымда, жергілікті қандас журналистер сұхбат алды. Сауалдарына барынша шынайы жауап бердім. Ал олар: «Соншалықты терең сөйлейсіз, ойлы сөзге шеберсіз. Ойланып отырмайсыз, кез келген сұраққа жауабыңыз дайын» деп қайран қалды. Сонда мен: «Оңтүстіктің қазағымын. Ал оңтүстік деген – қаймағы бұзылмаған киелі өлке» деп жауап бердім. Ауыл жайында айтар болсақ, ауыл деген - әр адамның алтын қазығы ғой. Жақында ғана қажылықтан келген бауырыммен дастарқандас болып отырып, үлкен әсер алдым. Оның «сол киелі мекенге табаның тиіп тұрса да, атамекенді бәрібір аңсайды екенсің» дегенін естіп таңғалдым. Мұсылманның бес парызының бірін орындап тұр. Былай қарасаң, одан асқан бақыт жоқ. Талай мұсылман сол киелі жерге жете алмай жүр. Бірақ туған жер қадірі одан асқақ. Мен өзім жақын жатқан ағайындас бауырлардың еліне барып, туған жеріме қайтып келе жатқанда, әсіресе, шекарамыздан өткенде ерекше әсерге бөленем. Өз елің, Отаның бар, сенен бақытты адам жоқтай іштей марқайып отырамын. Ал оның бергі жағында, туған ауылдың орны ерекше. Ауыл десе, менің бала күнгі арманым еске түседі. Жазда тапшаңда жатушы едік қой. Сонда «жұлдыз ағып түскенде, арманыңды айтып үлгерсең, қабыл болады» дегенді естігенім бар еді. Сол кезде мен «әнші болсам екен» дейтінмін. Еш уайым жоқ, қайғы жоқ, балауса балалық кез. Арман қуып өскен ауыл, әрбір тасы, әрбір дөңі таныс. Міне, сол күндер еске оралады. Сіз білесіз бе?! Егер ауылға баратын болып іштей шешім қабылдасам, менен ұйқы кетеді. Оның бәрі қуаныштан дер едім. Ауылға жақындаған сайын жүректің дүрсілі көбейеді. Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын.
– Сол туған ауылыңызға бір тал еге алдыңыз ба?
– Әрине, ектім. Өзімнің өскен-өнген жерім, мектепке барып, әскерге аттанған жерім ол – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының Абай ауылы. Әкемнің соққан қара шаңырағы сонда тұр. Ал енді кіндік қаным Кентаудың Ащысай деген жерінде тамды.

Ең үлкен арманым – Меккеге бару
– Адам баласының мәдени - рухани танымын кеңейтуде эстраданың да өзіндік үлесі бар. Дегенмен де, бүгінгі қазақ эстрадасы өзінің даму үдерісінде нендей кемшілікке жол беріп отыр деп ойлайсыз?
– Алланың берген өнерін іште қымтап ұстауға болмайды. Өнерді сыртқа шығару керек, халық онымен рахаттану керек, қазақтың сахнасына, өнеріне біз жұмыс істеуіміз қажет. Әттеген-ай дейтініміз, бізде нағыз таланттарды іздемейді. Мысалы, іздеп жатса, біз барамыз ғой. Әдейі бөлектейді ме екен, әлде шеттетеді ме екен немесе өзі келсін дей ме екен?!. Онысын білмедім. Әйтпесе айтатын жаңа әніміз бар, деніміз сау, бауырымыз бүтін, телефонымыз және бар. Хабарласып: «Сәкен, осындай концерт болғалы жатыр, келіп; өнеріңді көрсетші» десе, аянып қалмайсың ғой. Бұрын біраз аға-апаларымыздан бізді шеттетеді деген назды естуші едім, сол кезде мән бермейтінмін. Енді соған көзім жетіп жүр. «Қазақконцертке» Алтынбек Қоразбаевқа «Мені жұмысқа алыңыз» деп бардым. Сөйтсем: «Сен кәрісің» дейді. Шындығына келсек, ол кісінің жасы менен біршама үлкен ғой. Бірақ оған жұмыс істеуге болады да, маған болмайды екен. Бізде бастықтарға жағымпаздану деген бар. Әр басшы өзіне ұнаған әншісін ғана шақырады. Негізі олай болмау керек қой. Адамның мінезіне емес, өнеріне баға беру керек деп есептеймін.
– Алдағы жоспарымызбен, арман-мақсаттарыңызбен бөлісе отырсаңыз
– Арман таусылса, өмірдің тоқтағанының белгісі деп білем. Арман адамды алға жетелейді, қанат бітіреді, күшіңе күш қосады. Менің ең үлкен арманым, намазға жығылған азамат болғаннан кейін қасиетті Мекке жеріне барғым келеді. Одан кейінгісі – елін, ұлтын, тілін, дінін сүйетін инабатты, ибалы ұрпақ тәрбиелеу. Алланың берген өнері арқылы халыққа адал қызмет етсем деймін.

Сұхбаттасқан – Мөлдір Жанбаева

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста