Сәкен СЫБАНБАЙ: Тарихи-лингвистикалық зерттеулер тақырыбына қайта кірісіп жатырмын
– Сізді оқырман руханият тақырыбына маманданған журналист ретінде жақсы біледі. Осы өнер, әдебиет, мәдениет мәселелерінің бүгінгі баспасөзде, радио, телеарналарда көрініс табуын қалай бағалар едіңіз?
– Руханият әлемінің жаныма жақын екені рас, бірақ бұл тақырыптың бүкіл БАҚ-та әспеттелу деңгейін бағалау менің қолымнан келе қоятын шаруа емес-ау. Ол жағын осы мәселені арнайы зерттеп-зерделеуді мақсат тұтқан мамандар, сан түрлі ақпарат құралының бағыт-бағдарын саралап отыруға тиіс сарапшылар тереңірек білсе керек. Дегенмен бұл туралы өзімнің журналист ретіндегі жеке пікіріме келсек, көп жайтқа көңілімнің толмайтынын жасырмаймын. Өйткені бізде қазір аталмыш тақырыптың тек беті ғана қалқып алынып, мұзтаулардың су астындағы бөлігі іспетті талай қатпары назардан тыс қалып жатыр. Мәселен, басылымдардың көпшілігі әлдебір спектакльдің немесе кинофильмнің тұсаукесері болып өткенін жарыса жазады да, сол күйі ұмытады. Яғни мәдени оқиғаны тек ақпараттық тұрғыдан ғана қарастырады. Ізін суытпастан сол өнер туындысының сапасын сараптап, маңызын салмақтап, мамандардың талқысына салу арқылы шынайы бағасын бағамдауға әрекет жасайтындар өте сирек. Немесе мәдениет майталмандарымен, өнер өкілдерімен жасалар сұхбаттарды алып қарайық. Неге екені белгісіз, журналистердің көбі өз сұхбаттасына шектен тыс құрметпен елжірей қарап, оның әр сөзіне, әр уәжіне, бейнелеп айтқанда, басын шұлғиды да отырады. Өнерпаздың жауабында оның бұрынғы айтқандарымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кереғар ойлар, абайламай айтылған күмәнді пікірлер, тіпті кейде асыра сілтеген ұшқары көзқарастар кездесіп жатса да, мәртебелі мейманның сөзін бөліп, «неге олай дейсіз, өткенде былай айтып едіңіз ғой» деп қарсы шығып, қақпайлауға көп тілшінің не батылы бармайды, не өресі жетпейді. Нәтижесінде ешкімді елең еткізбейтін, бір сарынды сұхбаттар оқырманды жалықтырады. Бұған қоса кейінгі уақытта өнер, мәдениет ұғымдарын тек ойын-сауық ортасымен ғана шектеуге тырысудың белең алып бара жатқаны алаңдатады. Басылымдардың көпшілігі бірінші кезекте жұртшылықтың назарында жүрген әншілерді немесе әзілкештерді әспеттеуге ұмтылып, рухани әлемнің бейнелеу өнері, мұражай, кітапхана, қолданбалы өнер, дәстүрлі музыка, би, балет секілді салаларының өкілдері тоқалдан туғандай шетте қалып жатады. Әйтпесе, бәлкім, кейінгі ұрпаққа жетер керемет мәдени құбылыстарды, керісінше, осылар жасап жатқан шығар, кім біледі?!
– Жалпы, БАҚ қазіргі қазақ қоғамындағы рухани, мәдени проблемаларға қаншалықты сауатты, парасатты, ең бастысы, мақсатты түрде бара алып жүр? Еліміздің рухани-мәдени өмірі, осы тұрғыдағы тынысы қалай бейнеленуі тиіс деп ойлайсыз?
– Руханият қазақтілді БАҚ-тың сүйікті тақырыбы ғой. Бірақ осы салаға атүсті қарайтындардың да кездесетіні өкінішті. Қалам ұстаған қауым арасында «мәдениет тақырыбына жазу – ең оңайы» деген, ақиқатпен еш астаспайтын бұрыс түсінік қалыптасқаны рас. Шын мәнінде, мүлде олай емес! Өнер туралы, өнер адамы туралы, осы саланың сан қилы уайым-мұңы туралы кәсіби деңгейде жазу үшін тақырыпты терең білу ғана емес, сонымен қатар биік өре де, қара қылды қақ жаратын әділдік те, жоғары талғам да қажет.
Мәдениет тақырыбын асау атқа теңесек, біз оны ерттеп мінбек түгіл, кейінгі уақытта тіпті құрық та сала алмай жүрміз бе деп уайымдаймын. Біз мәселені салмақтандыра түсуден қорқып, саналы түрде оңайлатуға тырысатын сияқтымыз. Мысалы, былтыр «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақтың 100 әні» атты теледуман өтті. Жоба жетекшілерінің: «Басты мақсатымыз – әннің тағдырына ой жүгірту. Қазақ әнінің бүгінгі халі нешік, тағдыры қандай? Біз оған қаншалықты мән беріп жатырмыз? Әндеріміздің болашағы қаншалықты? Алдағы уақытта қандай бағытта дамиды? Осы сұрақтарға жауап іздеу», – деген сөзінен әжептәуір үміттеніп қалған едік. Алайда, шын мәнінде, жоба оған қатысып жатқан әндердің шығу тарихы туралы атүсті мәліметтермен ғана шектелетін жартыкеш дүние болып шықты. Сол туындылардың қазақ ән әлеміндегі нағыз орны қандай? Қайсысы ұлт мәдениетінің інжу-маржанына айналған, қайсысы бұл жобаға қатысуға лайық емес, қай ән шын мәніндегі өз бағасын ала алмай келеді, ал қайсысының жалаң жарнама, даңғаза дабырамен ғана даңқы шығып тұр? Осының бәрін бағамдап, саралайтын мәнді-мағыналы пікірталас қажет еді. Өкінішке қарай, жобада ән туралы ой айту мүлде болған жоқ, болса да, ол залдағы көрерменнің көңілін көтеретін ойын-сауықтың көлеңкесінде қалып қойды.
Яғни бізде рухани-мәдени проблемаларға, өзіңіз айтпақшы, «сауатты, парасатты, ең бастысы, мақсатты түрде» бару жағы кемшін болып тұр. Оның үстіне елдегі тұрғылықты ұлттың үлес салмағы 60 пайыздан әлдеқашан асып үлгергендіктен, соған сәйкес пропорция әсіресе электронды БАҚ-та да байқалуға тиіс еді. Өкінішке қарай, қазір «Қазақстаннан» басқа арналардың ешқайсысында бұл бағытта талпыныс жоқ. Радиостансыларда да солай. Ұлттың мәдениеті мен өнерінің дамуы оның насихатталуына да байланысты ғой. Қазір бізде өз эфирінен қазақ әндерін жиі беретін бүкіл ұлттық деңгейдегі бір-ақ радио бар, ол – Қазақ радиосы («Шалқар» бүкіл елге тарамайды). «Радио 31», «Русское радио», «Европа плюс Казахстан», «Хабар радиосы», «Ретро-ҒМ», NS секілді он шақты радиостансы ресейлік және алыс шетелдік орындаушылардың әндерін күндіз-түні тоқтаусыз төпеп жатқанда, бір ғана радио кімге әсер етсін?! Бізде қазақ тілінде хабарлар тарататын бірнеше радио керек...
– Қазақ киносы мен эстрада өнеріне қатысты сараптамаларыңыз, сындарлы пікірлерге, ой-толғамдарға толы мақалаларыңыз оқырман қауымға жақсы таныс. Бұл ретте журналистік кәсіпті ғылыммен ұштастыруға, зерттеуші, сыншы ретінде қосымша мамандануға толық мүмкіндігіңіз бар еді... Әлде журналиске ол қажетсіз деп есептейсіз бе?
– Қажетсіз дей алмасым анық, бірақ мұнымен сіз айтқандай бағытта да арнайы шұғылданып көруді, шыны керек, құнттамаған екенмін.
– Мұны айтып отырған себебім, қазақ өнерінің қай саласы болсын салиқалы, салмақты, әділ төрелік айта алатын сарапшыға зәру екені – шындық. Қайта журналистер сол олқылықтың орнын толтырып, әр нәрсені шама-шарқынша талдап, таразылап жатады. Бірақ мүйізі қарағайдай сыншылар, өнертанушылар олардың жазғанын менсініңкірей бермейді...
– Оныңыз рас. Өнертанушы осы саланың жілігін шағып, майын ішкен маман ғой, сондықтан ол кәсіби тұрғыдан мүлтіксіз, әр эпизод, әр деталь жеке де, тұтас туындының құрамдас бөлігі ретінде де сараланған сауатты еңбек жазады. Есесіне оның жазғанынан мәдени құбылысқа қарапайым көрерменнің (оқырманның) ракурсынан қарау, шығарманы эмоциялық жағынан қабылдау байқала қоймауы ықтимал. Бұған сыншыларда көбінде шұрайлы тілдің де, қызықтырып жаза білу шеберлігінің де кездесе бермейтінін қосыңыз. Ал руханият тақырыбына маманданған журналист өнер туындысын көбінесе дәл маман-сыншының деңгейінде, кәсіби түрде талдай алмауы мүмкін, бірақ ол қашанда өзін оқырманның орнына қойып көріп, оны елең еткізерлік айшықты дүние тудыра алады. Расында да, егер бірінің кәсіби өресі мен екіншісінің жазу машығын ұштастырса, керемет майталман шыққан болар еді. Ондай әмбебап шебер енді руханият тақырыбын қаузап жүрген жас журналистерден өсіп шығар деп сенейік.
– Жай ғана журналист емессіз, сыншы, сарапшы, зерттеуші, публицист ретіндегі қырларыңыз басым. Пікіріңізді әрдайым ашық айтуға, жазуға толық мүмкіндігіңіз бар ма? Басшылардың талабы өз ойыңызбен үйлеспейтін жағдайларда қандай ұстанымда боласыз?
– 20 жылдық журналистік ғұмырымда бір рет қана өзім мүлде қаламаған мақаланы басылым жетекшісінің жетелеуімен жазуға мәжбүр болғаным бар... Жас кезім ғой, лажсыз сынаған адамымды мүлде білмейтін де едім. Ойласам, әлі күнге бетімнен отым шығады. Мақала шыққан соң, бір белгілі өнер сыншысы: «Қаламын қашанда шындыққа суарар санаулы журналистің бірі ғой деп сыйлап жүруші едім, сен де біреудің қалай илесе, солай құбыла салатын пластелині болғанбысың?!» – деп ұрысқанда ұяттан жерге кіре жаздағанмын. Содан кейін өз ұстанымыммен үйлеспейтін ондай талап-тапсырмалардан мүлде бас тартатын болдым... Ал мақаламның тым ащы жазылған тұстарын мазмұнына зияны тимейтіндей еппен жұмсартуға кейде келісімімді беремін. Егер одан ойдың өткірлігіне сәл нұқсан келетін болса, жариялатудан бас тартып, басқа ақпарат көзіне ұсынамын.
– Өзіңізді толғандырып жүрген қандай мәселелер бар? Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?
– Қазір базардағы баға да, қызметтегі ахуал да, аяқастынан қыспаққа алған мына қырсық аяз да – өзара әңгімеге арқау. Солардың орнына бәріміз ең маңызды мәселеге – ұрпақ тәрбиесіне жіті назар аударсақ деймін. Ұлттың болашағы қазіргі ата-аналардың қолында ғой, біз балаларымызды қалай тәрбиелейміз, елдің ертеңі де солай болады...
Шығармашылық жоспарларға келсек, жақын күндері бұрынғы-соңғы публицистикалық пайымдарымды топтастырған «Ділдің дерті» атты кітабым жарық көрмек. Сондай-ақ өзім бұрыннан қызығатын, бірақ түрлі себептермен түбегейлі айналысуға мұрша болмай кеткен тарихи-лингвистикалық зерттеулер тақырыбына қайта кірісіп жатырмын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Ой-пікірі өткір, тілі шұрайлы, өзіндік ұстанымы айқын
Сәкен Сыбанбай қалың жұртшылыққа қазақ баспасөзінің қарымды қаламгерлерінің бірі ретінде жақсы танымал. Қай мәселені қаузаса да, тақырыпқа терең білімдарлықпен, мәдениеттілікпен келіп, не нәрсені болсын сындарлы түрде сараптайтын Сәкен Сыбанбай пікірі әріптестері үшін әрдайым құнды, бағалы. Бүгінде қырықтың қырқасына шығып отырған талантты журналистің руханият, өнер мәселелері бойынша көпшілікпен бөлісер ойы да аз емес...