Сәкенге ескерткіш ашылды
Арқада тағы бір сауапты іс атқарылды. Сәкен серінің алғаш еңбек жолын бастаған ауылы ақынға ескерткіш орнатты. Ақынның ізі қалған Нұра ауданы Киевка ауылына барған жұрт енді Сәкен ескерткішіне тәу етпей кетпейтін болды. Ескерткіштің авторы – белгілі қарағандылық мүсінші Бейбіт Мұстафин. Жалпы биіктігі – 5,7 метр, ақын тұлғасы 3,7 метрді құрайды. Ескерткішті жасауға аудандық бюджеттен 24 млн теңге бөлінген.
«Қазақ халқының қайталанбас тұлғасы Сәкен Сейфуллиннің еңбек жолы дәл осы Нұра өңірінде басталған» дейді тарих. Мұғалімдер семинариясын аяқтаған соң, ол Бұғылы қазақ-орыс мектебінде сабақ берген. Бұл білім ұясы қазіргі Ахметауыл селосының (бұрынғы «Энтузиаст» кеңшары) орнында болған №6 ауылда ұйымдастырылыпты. Ақынның сүйген жары Гүлбарам Батырбекова да осы өңірдің тумасы екен.
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов, Парламент депутаттары, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының басшылары, ақынның туыстары қатысты.
Сәкендей аты аңызға айналған алып тұлғаның есімі Арқа өңірінде жиі ауызға алынады. Ақын есімін алған көше, мәдениет мекемелері аз емес аймақта. Олардың ішінде Ахметауыл селосындағы орта мектеп, Киевкадағы көше, Қазақ облыстық драма театры мен Қарағандыдағы ақын атындағы даңғылды атап кетуге болады. Шет ауданындағы Жарық стансысына да С.Сейфуллиннің аты берілген. Жаңаарқа ауданында селолық округ, мұражай және Атасудағы орта мектеп пен бір көше ақын атын иеленген.
Cәкен Қазақстан Үкіметінің басшысы, Бүкілодақтық атқару комитетінің мүшесі болды. Ел басқарған жылдары Сәкен талай игі істерге ұйытқы болды. Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде «қырғыз» атауын қазақ деп түзеп, «Қазақты қазақ дейік...» деп мақала жазды. Партияның қарсылығына қарамай, төтенше сессия шақыртып, Декрет қабылдауға ұйытқы болды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуының бастауында тұрған да – Сәкен. Өндіріс орындарын құру, мал шаруашылығын асылдандыру, дамыту ісіне қосқан үлесі тіпті ерекше.
«Енді бір 20 жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіру керек. Оқусыз қазақтың күні қараң…» деп оқу-ағарту саласын дамытуға тікелей мұрындық болғаны мәлім.