Шәмші – кеше мен бүгінді жалғап жатқан алтын арқау
Есімі – әнге, ал өзі мәңгілік сағынышқа айналған көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов егер тірі болғанда кеше 81 жасқа толған болар еді. Халқымыздың аяулы перзенті фәни дүниеде 62 жылға жетер-жетпес өмір сүрді. Жаратқан иесі маңдайына жазған сол азды-көпті ғұмырында дүйім жұрттың жан-жүрегін баулаған теңдессіз туындылар қалдырды. Жасыратыны жоқ, бүгінде Шәмші есімі күллі қазақ әнінің символындай әсер береді. Ал әндері әр ұрпақтың өз сезімі, өз сыры іспетті қабылданып, жаңарған уақытпен бірге келер күндерге жалғасумен келеді. Шәмші – кеше мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғап жатқан алтын арқау. Сол арқау барда қазақтың жас өркені еш уақытта тамырсыз, тарихсыз, талантсыз болмайды.
Шәмші тәрізді біртуар тұлғаларын танып-білу, ұлықтау арқылы ұлт ұланының ұлттық санасы қалыптасады, ұлттық рухы оянады. Шәмші өмірінің соңғы жылдарында үнемі қасында болып, жақын араласқан, басынан өткен-кеткен оқиғаларын өз аузынан жазып алып, кітап шығарған жазушы Оразбек Бодықовтың композитор жайындағы хикаяттарына жүгініп отырғанымыз да содан. Бұл – Шәмші табиғатынан сыр шертетін тағылымды әңгімелердің, әрине, бір парасы ғана...
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Шәмші қалай Шәмші атанды?
Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жердегі қойнауында Сарыкөл деген шағын көл бар. Міне, осы көлдің жағасына 1927 жылы Қалдаяқ деген кедей келіп, қамыстан күрке салып, осында мекендеп қалады. Қалдаяқтың шын аты Әнапия екен. Оның оң аяқ балтырындағы үлкен қалды көріп жүрген жеңгелері оны Қалдаяқ атап, содан осы ат оған сіңісіп кетіпті. Татарлардың гармонын, қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері Қалдаяқтың сол қамыс күркесінде 1930 жылы бір ұл бала дүниеге келеді.
«Оу, Қалдаяқ, ұлды болдың!» деген хабарды алып, үйіне асыға келген әкеге жыртық шүберекке ораған нәрестені қолына ұстата қойыпты. Нәресте болса да, ересек адамның қарулы қолын сезе қойған бала шар ете қалады. Басқа балалардай шыңғырып жыламай, бір түрлі әуезді ырғаққа ұқсайтын үн шығарған ұлына қарап: «Мен сені қиссадағы Жамшид патшаның атымен атағалы жүр едім. Бірақ мына дауысың патшанікі емес, әншінікіне көбірек ұқсайды екен», – депті. Сол кезде Құдайберген деген құрдасы: «Қалдаяқ, балаң адамдардың емес, әннің патшасы болса да, тақияңа тар келмес», – депті. «Онда айтқаның келсін. Жамшид деп қоямын», – депті сонда баладан басқа байлығы жоқ әрі кедей, әрі өнерпаз әке. Ол адамдар Жамшид деген ат алған сол бала содан аттай 30 жыл өткенде Шәмші Қалдаяқов болып өсіп-жетіліп, «вальстің королі» атанатынын білген жоқ-ау... Бірақ «король» деген аты дардай болғанымен, бұл өмірдегі басқа бақыттан жұрдай болып өтетінін де білген жоқ олар...
Тыныштық қайда?
Соңғы үш жылды біз Шәмші екеуміз бірге өткіздік. Шәмші өскен жерлер – Шымкент, Ташкент, Жамбыл облыстарын түгел араладық. Көп жердің қонағы болдық. Сол кездері дастарқан басында отырсақ та, жиындарда бас қоссақ та, еститініміз – көбіне өсек-аяң, біреудің болғанын көре алмау, сырттарынан балағаттау. Соның бәрінен әбден мезі болып, бір күні Шәмшіге: «Қайда барсақ та, дау-дамай. Адамдардың бір дамыл алатын тыныш жері бар ма? – деп едім. «Бар», – деді еш ойланбастан. «Қайда?» «Молада», – деді. «Апырай?..» «Молада жатсаң, қас та жоқ, дос та жоқ... Билікке таласу не қор болу да жоқ... Ішкілік те, тоқшылық та жоқ», – деді Шәмші. Сөйтті де, күліп жіберіп: «Ол жақта компартия да жоқ. Ешкім саған партияны ән қылмадың деп айып таға алмайды», – деді. «Партияны жырламадың» деп, ат-атақтан құр қалып жүрген Шәмшінің бұл шыны еді.
Айырмашылық
– Әйел мен еркектің мінезіндегі айырмашылықты білесің бе? – деді маған Шәмші.
Өзің-ақ айтшы.
– Еркек әйелін оп-оңай кешіреді де, болған оқиғаны сол сәтте ұмытып кетеді. Ал әйел кешіруін кешіргенімен, ешқашан ұмытпайды... Хе-хе-хе...
«Сен не сөзге болсын, ұтқыр да өткір жауап таба қоясың. Ойлау қалпың неткен жылдам!» – деп, бір күні шынымды айтқан едім. Шәмші оған: «Ешқандай жылдамдығым жоқ. Мен айтарымды айтам да, сосын барып ойланамын», – деді. «Неге?» «Айтқан сөзім тыңдаушыма қалай әсер етті» – соны ойланамын». «Шашың түсіп, қасқа болып қалғаныңа мақтанғандай, үнемі жалаңбас жүресің. Неге?» – дедім мен. «Несіне ұяламын? Ән басымнан емес, жүрегімнен шығады ғой», – деді Шәмші.
Композитор болудың әлегі
Жұрттың бәрі ән шығарып жатқанда мен қаламын ба деп, бір өрт сөндіруші ол да композитор болғысы келіп, музыка мектебіне түсуге арыз береді. Сынақ алушылар әлгінің түрін көріп-ақ күлкілері келеді.
– Сіз мектепке түспестен бұрын рояль мен скрипканың айырмашылығын айтып беріңізші, – дейді оған әлгілер.
– Айырмашылығы жер мен көктей, – дейді өрт сөндіруші. – Өрт болса, скрипка лап етеді де, рояль ұзақ жанады...
Әкім Лұқпан әңгімесі
«Әр жақсымен сұхбаттасқан әр күнімді бір жылға есептесем, мен мың жасаған екенмін» деген сөзді Әкім Лұқпан айтқанын білесің ғой» деді Шәмші бір күні. «Білемін. Ол – Иса Пайғамбардың өмірін жазған кісі. Христиандар оны Лука және Лукьян деп те атайды». «Ол кісі әрі дәрігер болған. Барлық емдік шөптердің қасиетін білген. Міне, сол кісі ел кезіп, ауру-сырқауларды емдеп жүріп, басына баспана салуды ойламапты. Шөлде келе жатқанда жел тұрып кетсе, ықтасын жасайды екен де, сол жерді паналайтын болса керек... «Уа, ғұлама, сен неге үй салып алмайсың?» – дейді екен кезбе емшіні аяған жұрт. Сонда Лұқпан: «Мен бұл дүниеге қонақпын. Үстіме зәулім ғимарат орнатсам да, күндердің күнінде о дүниедегі тұрақты үйіме кетем. Сондықтан ол нәрсеге несіне әуре боламын» дейді екен оларға..» – деді Шәмші күрсініп. «Бұл әңгімені неге айтып отырсың?». «Мен де Лұқпан секілді үйді ойластырған адам емеспін. Қонаев бергізген үш бөлмелі пәтер екі балам үйленсе, онда сыймай қалатын түрім бар. Қонаев маған екінші рет үй бергізбейді. Тіршілік болса, күндердің күнінде қайда барамын?.. Жас келген сайын соны ойланып, Әкім Лұқпанның жолын бекер қудым-ау деп өкінем, – деді Шәмші. Мен үндемей қалдым. Шәмшінің фәлсафасына әркім әрқилы жауап беретіндігін білгендіктен үндемедім. Шәмшінің ойы дұрыс па, бұрыс па, оны келешек айтады.
Шәмшінің жылауы
Шәмшінің бұл өмірде тартқан тауқыметі аз емес-тін. Әйтсе де оған «Қазақ ССР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ берілер ме екен?» деп күтіп жүрген күндердің сарсылдырған азабын айтып жеткізуге тіл жетпейді.
Бұл 1989 жылдың жаз айы болатын. Біз Шымкенттің түбіндегі Ленинск деген ауылда Темірбеков Райымқұл деген музыкант жігіттің үйінде қонақ болып отырғанбыз. Таңертеңгілік газетті қарап отырған Шәмшінің дауысы оқыс шықты.
– Мә! –деді ол маған газетті ұсынып, – мына указды оқы.
Мен қарасам, газетте Шәмшіге «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілген указ жарияланыпты. Екеуміз бір-бірімізге жалт қарастық. Сағаттың да тықылы тоқтап қалғандай болды. Жүрегімізде жүретін бір әдемі сарын бар еді, ол да сап тыйылды... Ал, ең бастысы, екеуміздің бар үмітіміз бірден үзілді. Әсіресе, Шәмшінікі. Себебі бар өмірін шығармашылықпен өткізген Шәмшіде не еңбек кітапшасы, не стаж жоқ болатын. Сондықтан да оған зейнетақы тиісті емес-тін. Егер оның композиторлық еңбегі бағаланып, «Өнер қайраткері» деген құрметті атақ алса ғана арнайы зейнетақы алатын. Ал «Үздік мәдениет қызметкеріне» ондай ерекшелік тиіс емес.
– Ие, бәрі бітті... Тынды... – деді Шәмші терең күрсініп. – «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деген екен біреу...
– Апырай, неге бұлай етті? Олардың бұл ісі сізді композитор емес, автоклуб бастығы дегені ғой, – деп қалды Райымқұл.
Ие, кім десе, о десін! Әйтеуір, Шәмшіге зейнетақы жоқ. Бүкіл қазақ халқына отыз бес жыл рухани азық берген Шәмші, енді алпыстан асып, еңкеюге айналған шағында көк тиынсыз қалды деген сөз – бұл.
– Дүниеде не нәрсе терең? Қай көл? – деді Шәмші дауысы әрең шығып.
– Білмеймін. Мүмкін, Байкал шығар..
– Жоқ, көңіл, – деді Шәмші. – Бірақ сол көлдің шөлге айналғаны жаман... Құдайым, Байкал суала көрмесін.
Мен Шәмшіге жалт қараған едім, есіл ер жылап отыр екен. Екеуміз үш жыл бірге жүргенде мен Шәмшінің шын жылағанын көрген емеспін. Жүрегі нәзік, өзі сезімтал Шәмші оп-оңай көңілі босап, көзіне үйірілген қос тамшыны үзіп тастап отырушы еді. Ал бұл жолы шындап жылады. Әлдекімдердің оңдырмай атқан оғына қолынан бар келгені ғой, көз жасымен жауап берді. Шәмші бала сияқты қорғансыз, кейуана секілді дәрменсіз еді. Сондай адамды жылату адам жүрегіне қуаныш егетін әсем әнді жылатқандай болып сезілді маған...