Шәмшісіз өткен 20 жыл...
Төрт жылда бір келетін 29 ақпан – қазақ халқының Шәмшідей аяулы перзентінен айырылған күні. Биыл, міне, халқымыз Шәмшісіз 20 жылды өткерді. Осыдан дәл 20 жыл бұрын Шәмшідей ән арысы өмірден озғанда «Ән аға» немесе «Шәмшімен сырласу» әні туған еді. Халқын шексіз сүйген Шәмші – өз халқына қандай ән керектігін түйсіне білген, қазақ өнеріне жаңа леп алып келген реформатор. Шәкеңнің алғашқы вальс ырғағындағы әндері шыға бастағанда ауыл қариялары композитордың әкесіне «Айналайын, Қалдаяқ-ау, анау сенің балаң Шәмші «бәліс» деген бәлені ойлап тауыпты. Швед дей ме, неміс дей ме, басқа ұлттың өнерін қайтпек, одан да өзіміздің «ахау, сәулем» деп келетін халық әндерінің желісімен неге ән жазбайды» деп ойларын білдірген екен. Араға бес жылдай уақыт салып, сол қариялар той-жиындарда Шәмшінің әндерін елге қосылып қалай шырқап кеткендерін өздері де байқамай қалса керек. Демек, Шәмшінің құдіреті – вальс ырғақты халық әндерімен, Сыр бойының көне әндерімен жымдастыра отырып, халықтың төл шығармасына айналдыра білуінде. Сөйткен Шәмшісін туған халқы бүгінде сағынады. Сағынғанда «Ән-ағаны» әуелетіп шырқасады.
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
Әні ғана емес, өзі де керемет лирик еді
– Үш-төрт жас үлкендігіне қарамастан, мен ол кісіні «Шәмші» деп, атымен атайтынмын. Өзі мені қатты жақсы көрді. Бірақ маған қарағанда жұбайым Майрамен жақсы араласты. Сыйлағаны соншалық – үнемі «Майроша, Майроша» деп жүретін. Майраға арнап тіпті «Қыз сағынышы» деген ән де жазды. Ол кезде біз Алматының «Тастақ» ықшамауданында Шәмшімен бір жатақханада тұрдық. Ән жазылғанда мен ел жақта болатынмын. Ұзағырақ жүріп қалдым ба екен, әйтеуір, Майраның менен хат күтіп, поштаға қайта-қайта барып жүргенін Шәмші байқап қалыпты. Сөйтіп, алғашқы әндерінің бірін Майраға арнағаны бар. Құлаққа жағымды, майда қоңыр әуенді керемет ән!
Жалпы, Шәмші әнді ешқандай қиналыссыз, жеңіл-ақ жазып тастайтын. Өйткені Шәмшінің дарыны – туа біткен табиғи дарын. Әйгілі Моцарт төрт жасында «құлағым шулайды да тұрады» деп, екі құлағын алақанымен басып, шыңғырып жылайды екен. Шәмшінің басында да сондай бір оқиға болыпты. Бір күні түн ішінде жатақханасында бір нәрсе жазып отырса, терезе жақтан құлағына бірдеңенің сылдырлаған даусы естіледі. «Бұл не болды екен?» деп терезені ашса, ешкім жоқ дейді. Қайтып келіп отырса, әлгі дауыс қайта естіледі. Қайтып барып терезені ашып көреді, ештеңе жоқ. Сонда Шәмшінің мазасын алған музыканың құдіреті, Алланың берген дарыны екен ғой! Осыны Шәмші маған өз аузымен айтып беріп еді. Осы оқиғадан кейін Шәмші «Қайықта», «Ақ бантик», «Ақмаңдайлым» сияқты ғажап әндерін жазды. Көктен құйылып түскендей, нәзік лирикаға толы теңдессіз әуендер содан бастап бірінен кейін бірі ағыла жөнелді.
Шындығында, Шәмшінің әні ғана емес, өзі де керемет лирик еді. Оның амандасуы да, қоштасуы да жай ғана басталып, жай ғана аяқталатын. Ешкімнің көңіліне қаяу түсірмейтін, ешкімге қатты сөз айтпайтын, ұяң мінезді, келісімпаз еді, әрдайым елпілдеп тұратын. Көңілінде бір түйір кірбің болмайтын. Бір нәрсеге қатты риза болса, «молодец», «мошный» дегенді көп айтатын. Өзі юморға да жақын еді.
Шәмші кісінің пиғылын көзқарасынан-ақ сезе қоятын өте сезімтал жан еді. Өнері жұрттан озық, соншалықты биік бола тұра, тым қарапайым еді. Сол қарапайымдылығына қарап, «әй, қойшы осыны» дегендер де болды. Соны сезіп тұрса да, ол ешқашан ешкімді жек көрген емес.
Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, композитор:
Шәмші – қаһарман композитор
– Біздің алдыңғы толқын аға-апаларымыздың бәрі Шәмшінің әндерімен өсті. Ал менің замандастарымды бесікте жатқанда аналары халық әндерімен және Шәмшінің әндерімен тербетіп өсірді. Бүгінде Шәкеңді көзі тірі кезінде ешқандай атаққа ие бола алмады, консерваторияны бітіре алмады, Композиторлар одағының мүшесі бола алмады деп жүрміз ғой. Егер «Шәкең өмірде өзінің бақытты екенін сезе алды ма?» дейтін сұрақ қоятын болсақ, мен айтар едім, Шәмші өзінің аса бақытты екенін сезді. Себебі ол шығысқа, мейлі батысқа, қазақ жерінің қай қиырына барса да, оны халық өз әнімен қарсы алды. Ал композитор үшін оны өз әнімен қарсы алудан асқан бақыт жоқ. Шәмші өле-өлгенше қызғаныш дегенді білмей кетті. Ол кез келген қазақтың жақсы әніне өз шығармасындай қуанатын. Шәкеңді танымайтын адам болған жоқ. Әр қазақ Шәкеңді өз жанұясының бір мүшесі ретінде қабылдады.
Осыдан 20 жыл бұрын Шәмші Қалдаяқов дүниеден өткенде Шәкеңе деген сағыныштан, менің ғана сағынышымнан емес, халқының сағынышынан, іштей күйзелістен «Ән-аға» әні туған болатын. Шәмшінің қай жерде қандай кеші өтсе, не осы әнмен ашылады, не жабылады. Әннің сөзін көрнекті ақын Ибрагим Исаев ағамыз жазды. Осы әнді халықтың Шәмші Қалдаяқовқа қойылған ескерткіш деп бағалауы біз үшін үлкен мәртебе. Шәмші – қаһарман композитор. Бұған дәлел – 1956 жылы біздің солтүстіктегі аймақтарымызды біріктіріп, «Целиноградский край» деп атап, Ресейге қосамыз деген мәселе көтерілгенде 26 жасар Шәмші 25 жасар Жұмекенге сөзін жаздырып, қызыл империяға қарсылығын өзінің «Менің Қазақстаным» ұран әнімен білдірді. Сөйтіп, 1956 жылы 25 қазанда дүниеге келген ән араға 50 жыл салып, 2006 жылы Президентіміздің шешімімен мемлекетіміздің Әнұраны болып бекітілді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Мыңжасар МАҢҒЫТАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі:
Өз құпиясын өзі арқалап өткен адам
– Шәкең саясатқа бойсұна қойған жоқ. Бірақ елге, жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен шығармаларды ол кісі өзінің жүрек қалауымен-ақ жазды, қай жерге табан тіресе де сол өңірдің қадір-қасиетін танып-біліп, атын асқақтататындай әдемі әндер туғызды. Мысалы, «Талдықорған», «Теріскей», «Мойынқұмда», «Отырардағы той» деген тәрізді басқа да жігерлі әуендері жетерлік. Осының барлығы – барған жеріндегі табиғатты көріп тебіренгеннен, елдің сүйіспеншілігін көріп толқығаннан келіп шыққан туындылар.
Шәкеңнің қалжыңы үзілмейтін. Қолын рояльдің бетінде әрлі-берлі жүгіртетін де: «Мен бір тамаша ән шығардым», – деп әзілдейтін. «Қандай ән?» десең, Естайдың «Қорланын» айтатын. Сол әнді өте биік санап, жанындай жақсы көретін. Сөйтіп, «Мен өмір бақи Естайдың «Қорланындай» ән шығара алмай кеттім» дейтін.
Шәкең шығармашылық тұрғыда өзін бақытты сезінгенімен, моральдық жағынан алғанда елеп-ескермеушілікке, немқұрайдылыққа тап болды. Алқалы жиындарда «Шәкең қайда?» деп іздеп-сұрап, құрметтеп жатқан ешкімнің болмауы да, мүмкін, көңіліне қаяу түсірген болар. Әндерінің мұңдылау болып келетін себебі – олардың бәрінің өмірден алынғандығынан ба деп ойлаймын. Сосын, неге екенін білмеймін, әйтеуір, Алматыда онша тұрақтағысы келмеді. Көбінесе туған жерінде болды. Жастайынан бірге өскен Тұйғынбек деген жолдасы Жамбыл облысында II хатшы болып қызмет істеді. Бір жағынан, соған арқа сүйеп, Жамбыл өңірінде де көп жүрді. Тұйғынбек оған дұнғандардың арасынан жер беріп, үй салдыртып та бастаған. Қысқасы, Шәкеңнің өмірінің көбісі елдің ортасында өтті. Адам баласының арманы көп қой. Оны терең зерттеу өте қиын, оған тұтас бір ғұмыр керек. Жалпы, Шәмші – өз құпиясын өзі арқалап өткен адам. Қанша жақын араласып, қатар жүргенімен, сыр ашып ешкімге ештеңе айтпайтын да...
Бір-ақ рет берілетін өмірде қолыңнан келсе ешкімнен ықпай, бұқпай өту керек. Қолыңнан келмесе әркімнен қаймығып, тырысып, бырысып, өмірге құл болып өтесің. Міне, Шәмші ондай болған жоқ, өмір бақи шалқып, өз еркімен өмір сүрді. Кетер-кеткенше елдің алақанында жүрді. Кездесуден кейін бе, әйтеуір, ел-жұрт сыйлап, Шәкеңе костюм кигізіпті. Содан артынша-ақ бұзақылар соқтығысып, үстіндегі киімін шешіп алыпты. Сонда Шәкең қабағын да шытпастан: «Халқым өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді» деген болса керек. Қалай дегенмен де, елдің Шәкеңе деген махаббаты қай кезде де өлшеусіз болды.
(«Алаш айнасы», 15 тамыз, 2009 жыл)
Амалбек ТШАНОВ, қоғам қайраткері:
Шын мәніндегі халықтық фестивальға айналды
– Алғаш Шәмші Қалдаяқов фестивалін қолға алуымызға түрткі болған «Азия дауысы» фестивалі болатын. Себебі ол байқауды көруге соншалық бір ықыласпен келген менің көңілім су сепкендей басылып, қарным ашты. Неге? Өзіміз жаңадан тәуелсіз ел болдық, қазақ болдық деп қуанып жатсақ, мына фестивальде қазақтың тіпті иісі де жоқ. Сондықтан менде бір ой туды, «неге біз өз ұлтымызға тән, ұлттық негізі бар, халық сүйіп тыңдайтын әндерді жазған композиторларымызға арнап фестиваль ұйымдастырмасқа» деген. Бұл ойды сол күйінде қалдырмай, іле-шала жүзеге асыру қамына кірістік. Жігіттермен бас қосып, ақылдастық, сосын сол тұста мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев ағамыз болатын, сол кісіге қоңырау шалып, ойымды айттым. Соншалық бір жақын араласып жүрмеген де едік, тек Жоғарғы Кеңесте депутат болған соң, министр ағамызды жиі көріп тұратын, хабарласа алатын мүмкіндік бар еді. Әңгіме барысында байқауды ұйымдастырудың мән-мақсатын айта келе, министрлік тарапынан қандай көмек бере алатындарын сұрадым. Байқауды екі аталым бойынша ұйымдастыруды көздедік: бірі – Шәмшінің өз әндерін орындайтын әншілер арасында, екіншісі – ол кісіге ән арнаған композиторларға да. Негізгі көмек облыс-облыстардан байқауға қатысуға келгендерді бар жағынан қамтамасыз етуді ұйымдастыруға керек еді. Содан кейін әділқазылыққа кімдер келетінін де ақылдастық. Ал енді қазақта басқа да композиторлар бар ғой, неге Шәмші Қалдаяқовты таңдадық дегенге келсек, бала күннен Шәмші әндерімен туған жер, ауылымызды, ата-анамызды сүйдік, есейе келе Шәмші әнімен қыз сүйдік, Шәмшінің бар тақырыптағы әндері бізді жалпы қазақты сүюге шақырды. Сол бала күннен бергі Шәмшіге деген сүйіспеншілік бар, екінші жағынан, менің Шәмші ағамызды студент кезімде көргенім де бар еді. 1963 жылы Шымкентте «Шалқыма» деген ансамбль құрылып, соған жетекші болып келген. Сол хабарды ести сала, көргенше, кездескенше асықтық. Қалтамызда ақшамыз болмаса да, вагоннан жүк түсіріп ақша тауып, соған ағамызды мейрамханаға шақырған болатынбыз. Міне, сол тұстағы ол кісінің беделі, біздің ол кісіге деген сый-құрметіміз қандай еді! Соның бәрі есімізде, әрі жоғарыда айтқандай жағдай түрткі болды да, кірістік. Бұл 1992 жыл еді. Сенесіз бе, 245-тей болуы керек, ұмытпасам, соншалық ұсыным түсті қатысушылардан. Бұрын-соңды байқау өткізуден тәжірибе жоқ қой, сондықтан шақыра бергенбіз. Ал жеме-жемге келгенде, соншама орындаушының бәрін қалай тыңдаймыз деп басымыз қатты. Сосын не де болса бәріне мүмкіндік берейік деп, үш күндік байқауда қатысушыларға бір шумақтан ғана ән орындатуды шештік. Қиындықтың негізгісі сол болды ғой. Бірақ халықтың ықыласы деген керемет болды. Шәмшінің ағайын-туған жұртының бәрі жиналды, ел-жұрт залға сыймайтын болған соң, Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театры алдында ашық далада өткіздік. Байқаудың ұйымдастырушысы ретінде әділқазылар алқасының төрағалығын маған берсе, құрамында Роза Бағланова, Рахия Қойшыбаева апаларымыз болды. Шын мәніндегі халықтық фестиваль болды, оның себебі Шәмші ағамыздың нағыз халық сүйген композитор, сондай-ақ ел аялайтын азамат болғандығында деп білемін. Фестивальдің дәмі кетіп қалмасын деп оны екі жылда бір өткізіп тұруға шешім қабылдағанбыз. Бірақ сол 1992 жылы мен орнымнан кеттім де, фестиваль ұмытылды. Арадан үш жыл өткенде Жамбыл облысына келдім ғой қызметке, сол кезде Шәмшінің Жамбылда (қазіргі Тараз) жеті жыл тұрғанын, Жамбыл қаласының Құрметті азаматы екенін, қала маңында Дунгановка деген жерде қос қабатты үй бастап, соның әлі күнге бітпей тұрғанын білдім, барып көрдім. Сосын арада үш-төрт жыл өткен соң Шәмші фестивалін осы Жамбылда қайта қолға алдым. Оны халықаралық дәрежеге көтеру үшін елшілік арқылы бүкіл қазақ тұратын мемлекеттерге Шәмші ағамыздың әндерін дискіге, мәтінін қағазға жазып жібердік. Соның арқасында шетелден 70-ке жуық орындаушы келіп, тұңғыш рет халықаралық фестиваль өткіздік. Бұл 1996 жыл еді. Алайда толыққанды халықаралық фестиваль болуы үшін ол да жеткіліксіз, тағы да әділқазылар құрамында кемінде екі адам шетелден болуы керек екен. Келер жылында Полат Бүлбүлоғлы Жамбыл атамыздың 150 жылдығына келгенде келіскенбіз, сол кісіні, сондай-ақ Қырғызстанның мәдениет министрімен келісіп отырғанда, тағы да қызметтен кеттім де, тағы да аяқсыз қалды. Солай-солай жүріп жатыр ғой бүгінде. Шымкентте өткізіліп тұрады. Алматыда да Қалдыбек бауырымыз жыл сайын Шәмші әндерінен кеш өткізеді. Алайда Шәмші фестивалін бүкілхалықтық ету үшін бұлар да аз, Мәдениет министрлігі тарапынан үлкен қолдау қажет, үнемі назарда ұстайтын нақты бағдарламаға арқау ету керек. Әйтеуір, Шәмшіні біреудің еншісіне беріп қоюға жол бермеу керек, себебі ол көзі тірісінде елдің перзенті, халықтың композиторы болды, қайтыс болғаннан кейін халқы оны сол дәрежеде дәріптеуге тиіс.
Ибрагим ИСАЕВ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Шәмшінің әніне сөз жазу бағы маған бұйырмады
– Мен Шәкеңнің көзін көрдім, ол кісімен дастарқандас та болдық, әңгімелестік те. Тұмағаңның қарамағында «Жалын» альманахында істеген кезімде Шәкең одаққа анда-санда келіп тұратын. Ол кезде біз жаспыз. Шәкең көзі тірі кезінде үйінде екі рет болдым. Алғаш ақын ретінде атым шығып, бір-жар композиторлардың әндеріне сөз жазып жүрген кезімде Шәкеңмен кездесіп, ол кісінің әндеріне сөз жазғым келетінін айтқанмын. Сол кезде Шәкеңнің маған айтқаны әлі есімде. «Айналайын, Ибрагимжан, менің жасым болса кеп қалды. Өзіммен қатарлас ақындармен біраз жұмыс істедім, әндер жаздық. Бүгінде болашақтарынан үміт күттіретін композиторлар шығып келеді. Сен де өз қатарластарыңмен жұмыс жасайсың» деген еді. Сөйтіп, маған Шәкеңнің әніне сөз жазу бағы бұйырмады. Ал «Ән-аға, Шәмші аға» әнін алғаш Қалдыбек Құрманәлиев маған алып келгенде «Шәмшіден асырып ән жазу қайда, сондықтан осы әнді ол кісінің өз стиліне салып, вальс ырғағына келтіріп жаз» деп ағалық кеңесімді бердім. Біраз уақыттан кейін Қалдыбек әннің жобасын қайта әзірлеп алып келді. Мен де әнге мәтінді Шәкеңнің әндерін үлгіге ала отырып жаздым. Алғаш бұл әнді белгілі сазгер Бауыржан Тұрғараев өңдеді. Әннің алғашқы орындаушысы әнші-сазгер Қадырғали Көбентаев болды. Кейіннен белгілі әнші Сәкен Қалымовтың орындауында «Ән-аға» халыққа кеңінен танылды.
Төлеген МҰХАМЕТЖАНОВ, композитор:
Шәмші әндерін отбасымызбен жиі шырқаймыз
– Шәмшінің әндері, жалпы, қазақ әндерінің биік шыңы десек, артық айтқандық болмас. Әр қазақтың жүрегінде Шәмшінің әндері өзіне тән ерекше сарынымен, тереңдігімен айрықша орын алады. Мен өзім сазгер болғандықтан, Шәмшінің әндеріндей ән шығарудың жай адамның қолынан келмейтінін білемін. Космостағы әндерді композитор антенна секілді қабылдап, оны жүрегінен өткізіп, халыққа береді. Ағамыздың жүрегінің тазалығы соншалық – оның әндері мәңгілік. Біз отбасымызбен «Арыс жағасында» әнін жиі орындап тұрамыз. Жарым Нұржамал Арыстың қызы ғой. Шәмші ағамыздың әндері – сөнбейтін шырақ. Бұл кісі өмірде өзіне лайық мәртебелерге, дәрежелерге жетпеген шығар, бірақ өмірден өткеннен кейін жылдар өткен сайын Шәмшінің рухани мәртебесі биіктей бермек. Шәмшідей, Мұқағалидай қазақтың біртуар ұлдары өз кезінде қоғамнан да, мемлекеттен де өзінің тиісті орнын ала алмаса да, олардың дарыны, ұлылығы халқының жүрегінде мәңгі қалды. Адамды тірі кезінде бағалай алмау өмірдің кездейсоқ бір заңы секілді. Әр шығармашылық адамы үшін өмірде қалдырған ізі ешқашан өшпесе, соның өзі үлкен бақыт деп ойлаймын.
Бетті дайындағандар Р.РАҚЫМҚЫЗЫ, Мәриям ӘБСАТТАР, А.СЕМБАЕВА, А.ИСӘДІЛ