Сән-салтанаты келіскен Сәкен мұражайына – 25 жыл

Сән-салтанаты келіскен Сәкен мұражайына – 25 жыл

«Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп мақала жазып (1922 жылы), ұлттың атын, елдің атауын қалпына келтіруге ықпал еткен тағдыры талайлы қайраткер, ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллиннің бүгінгі Астанадағы мұражайына биыл 25 жыл толды. Сонау қайта құру заманы құрдымға кетіп бара жатқан, жастарды қанға бөктірген 1986 жылдың ызғары әлі қайтпаған кезде, қазағынан өзгесі өктем болып тұрған тың орталығы – Целиноград қаласында 1988 жылы құрылған бұл мұражай талай қиындықтарды еңсерді. Қазір енді ол Сәкеннің тіршіліктегі болмысын, сырбаз бейнесін, қайраткерлік тұлғасын кейінгі ұрпаққа паш ететін жәдігерлер жиынтығымен көз қуантады.
Бір бойына сымбаттылық пен сыршыл­дықты, кемеңгерлік пен кемелдікті, дарын мен даралықты үйіп бере салғанымен, Сә­кендей тұлғаның өмірінің көп жылы азап пен күреске толы болған. Расы керек, оның ұстанған кеңестік жолына бола кей­де әртүрлі пікірлер де айтылып қалып жа­тады. Қалай болғанымен де, Сәкен – ұлт­қа, қазаққа қызмет еткен қайраткер. (Со­нысы үшін де Алаштың өзге ардақты­ла­ры қатарында сталиндік репрессияның тұза­ғына ілінді). «Күресе жүріп елге, қазақ әде­биетіне адал қызмет етті. Жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалады. Бұл пікірімізге Сәбит Мұқановтың Сәкен ақталғаннан кейін, 1957 жылы Алматыда өткен еске алу кешінде айтқан: «Сендер бұған дейін қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы деп мені атап келдіңдер ғой. Міне, шын иесі қайтып келді, енді бұдан былай қарай Сәкен Сейфуллинді атаңдар», – деген сөзі дәлел, – дейді мұражайдың ширек ғасыр­лық мерейтойына орай жолыққанымызда Сәкен жайында сөз өрбіткен мұражай ди­ректоры Несіпбек Айтұлы. – Сәкеннің «Жас қазақ марсельезасы», «Кел, жігіт­тер», «Советстан» секілді саяси лирикала­ры, жан күйзелісінен сыр білдіретін «Ақсақ киік», «Көкшетау», «Аққудың айырылуы» сынды поэмалары, «Тар жол, тайғақ ке­шу» мемуарлық романы, «Жер қазған­дар», «Біздің тұрмыс» повестері қазақ әде­биетінен ойып орын алған шығармалар».
Олай болса, Сәкеннің жүріп өткен жо­лын, артына қалдырған рухани мұрала­рын ешкім тарихтан сызып тастай алмай­ды. Бүгінгі ұрпақ оны зерттеуге, танып-білу­ге хақылы. Ал тұлғаны ұрпаққа таны­ту­дың көрнекті мысалы – мұражай.
Астананың тарихи тұлғаға арналған, танымдық экспонаттарға бай, қала қонақ­тары мен мектеп оқушыларының, студент­тердің, жалпы, жастардың жиі бас сұғатын бірден-бір беткеұстар мұражайының бірі де қазір осы десек, ақиқаттан алыстай қой­маспыз. Өйткені көршіміз. Көрші отыр­ғандықтан, мұражайдың айналасындағы тіршілікті де көріп жүрміз. Соңғы бір жыл­да мұражайдың екі үйі де (олар да тарихи жәдігер, ХІХ ғасырда салынған ағаш үй) толық жаңғырып, реставрациядан өтті. Күн қақтап қарайып кеткен ағаштары тегіс сүргіленіп, іші-сырты бірдей сыңғырлаған су жаңа үйге айналды. Сырты қоршалып, төңірегі реттелді. Құдды бір мықты шебер, ұқыпты шаруаның, жанашыр жанның қо­лы­на түскендей. Расында да, солай. Өзіне дейін басталған жұмысты іліп әкетіп, мұ­ражайдың бүгінгі көркі мен келбетін, ішкі мазмұнын байыту үшін тынбай еңбектеніп жүрген қазіргі директоры Несіпбек Ай­т­ұлының бұл орайдағы еңбегі зор. Бірақ Не­сіпбек аға өзінен гөрі осы мұражайдың ашы­луына, одан кейінгі қалыптасуына ер­екше қайрат көрсеткен кісілердің қызме­тіне көбірек тоқталды. «Кезінде Целино­град облыстық тарихи және мәдени ес­керт­кіштерді қорғау қоғамы кеңесінің төра­ға орынбасары Молдахмет Досаев деген азамат осы мұражайдың ашылуына мұрындық болып, белсене атсалысқан екен. Сондай-ақ алғашқы директоры Роза Иманғалиқызы Асылбекова деген апа­мыз­дың да сіңірген еңбегі ерен», – дейді.

                   Сырбаз Сәкеннің сынын бұзбаған костюм-шалбары мен туфлиі

Роза АСЫЛБЕКОВА, С.Сейфуллин мұражайының алғашқы директоры:
– 1985 жылы Целиноград қалалық атқару комитеті төрағасының орынбаса­ры болып істейтінмін. Сол жылы осы жер­дің бірқатар ақсақалдары, ішінде Молдахмет Досаев бар, мұражай аша­йық деген мәселе көтерді. Ол кез өзіңіз білесіз, «перестройка» болып жатқан кез. Қала басшылығы тарапынан бұл ұсы­ныс мақұлданғасын, М.Досаев мұ­ра­жайға қажетті ғимарат мәселесімен маған келді. Өйткені менің жауапкершілі­гіме негізінен мәдени-әлеуметтік сала кіретін. Содан ойлана келе сол кездегі Революционный, қазіргі С.Сейфуллин мен М.Әуезов көшелерінің қиылысын­дағы ағаш үйді еске алдым. Себебі қа­сында С.Сейфуллин атындағы кітапхана бар (бұл кітапхана кейін көшіріліп, заң университетінің ғимараты болды, қазір «Жетінші арна» отыр–автор). Ол уақта осы ағаш үй балабақша еді. Сол кезең­дері қалада балабақша мәселесі толық шешімін тапқандықтан, қазіргідей орын тапшылығы деген жоқ болатын. Сондық­тан балаларды ата-анасы қалаған кез келген балабақшаға ауыстыруға мүм­кіндік бар. Екінші жағынан, бұл үй бала­бақшаға қолайсыз, ескірген, ыстық суы жоқ еді. Соны алға тартып, қалалық пар­тия комитетінің рұқсатын алып, сан­эпидтің шешімімен балабақшаны жап­тық та, бір апта ішінде босаттық. Облыс­тық мәдени басқарма 1985 жылдан бас­тап ғимаратты өз қарамағына алды да, жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Осылайша мұражайдың бастапқы ұй­ымдастыру жұмыстарына атсалысқан Роза Иманғалиқызына оның алғашқы дирек­торы болу бақыты да бұйырыпты. 1986 жыл­ғы жағдайдан кейін басшылық қыз­мет­тегі біраз қазақтар шеттетілгенін біле­міз. Бұл үрдіс Целиноградты да шарпып, қалалық атқару комитетіндегі орынбасар­лық қызметінен Роза Асыл­бекова да қыз­метінен кетеді. Сәкен мұражайы ашылатын 1988 жылы жұмыссыз жү­ре­ді. «Маған дейін ұсыныс жасаған біраз ер-азамат бас тартқан екен, мен ұсынысты қабыл алдым. 1988 жылы ақпанда мұражай ашылды, мен сәл кейінірек директор­лығына таға­йын­далып, жұ­мысқа кірісіп кеттім. Жұмыс­тың ең үлкені сол кезде «жоқ­тан бар құ­рау», яғни қор жинау болды. Әйтеуір, көңілге бір демеу – Сәкеннің көзін көрген кісілер бар. Со­лармен жүздесіп, Сәкенге қатысты деректер мен мұра­ғаттарды, жәдігерлерді із­деп, туған жерін, ауылынан бастап, қызмет істеген қалаларға, Мәс­кеу­ге дейін бардық. Қазір айтуға оңай, бірақ ол кезде қыз­меткерлеріміз де аз, қаражат жоқ, қиын­дық өте көп болды. Жалақы ай­лап кешігіп, ақшасы төленбегендіктен, те­ле­фонсыз да отырдық. Соған қарамастан, 1989-1991 жылдар аралығында біз қазір­гі жәдігер­лердің біраз бөлігін жинастырып үл­гердік», – деп еске алады Р.Асылбекова мұ­ражайдың қалыптасу жылдарын еске алып.
Роза Иманғалиқызы Алматыдағы ор­та­лық мұражайда Сәкеннің әлі біраз зат­тары, мәселен, алтын сағаты секілді дү­ние­лері бар екенін айтады. «Оларды да Не­сіпбек Айтұлы Сәкеннің өз мұражайына ал­дыруға талпынып жүр. Жалпы, осы Н.Ай­тұлы мұ­ра­жайға жатпай-тұрмай қызмет етіп, біраз еңбек сіңіріп жатыр. Қазір сол мұ­ра­жай үйіне толық күрделі жөндеу жүр­гізіп, әп-әдемі айшықты, көз тартар үйге айнал­дыр­ды», – деп, өзі бастаған іс­тің игі жалға­сы­на ырзалығын да білдіріп қойды.
Несіпбек АЙТҰЛЫ, мұражай директоры:
– Мұражайға қайта жөндеу жұмыс­тарын жүргізіп, экспонаттарын жаңғырт­тық. Мұражай қоры тың мәліметтермен толықтырылды. Жалпы, біздің мұража­йы­мызда Сәкеннің өміріне қатысты қы­зықты деректер мен түрлі жәдігерлер, құн­ды мұралар мол. Солардың қатарын­да Л. Мирзоян сыйлаған жазу машинка­сы, Сәкеннің үйленер алдында өзі сатып алған кереуеті бар. Бұл кереует туралы жары Гүлбаһрамға жазған хаты да сақ­таулы. 1930 жылдары киген костюмі, өз­бек достары сыйлаған тақиясы мен шапаны, тағы сондай көптеген жеке дүниелері мен бұйымдары тұр. Бұлардан басқа, жазған хаттары мен түрлі құжат­тары, мақалалары, фотосуреттер бар­шы­лық. Осындай құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау үшін алды­мен жайлы орын керек. Жөндеу жұмыс­та­рын жүргізгенде ең алдымен осы жа­ғын ескеріп, заттарды сақтайтын бөл­ме­лерге ерекше көңіл бөлінді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен алаңсыз айналы­суы үшін қызметкерлердің жұмыс орын­дарын да жақсылап жайғастырдық.

Дейтұрғанмен Сәкеннің барлық зат­тары қазір жалғыз үйге сыймай тұр. Мұра­жай директорын осы мәселе қынжылтады.
Мұражайды кеңітер күн туса...
«Мұражайда Сәкеннің көптеген зат­тары жиналған. Бірақ соның көпшілігін орын жетіспеушілігінен ел назарына тарта алмай, қоймада сақтауға мәжбүрміз. Сон­дықтан мұражайдың жанынан қызметкер­лерге арнап кеңсе салып, қызметкерлеріміз отырған екінші ағаш үйді де толықтай мұ­ражайға айналдырсақ деген арманымыз бар. Осындай ұсынысымызды Үкімет бас­шы­сына арнайы хатпен жолдадық. Үкімет қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді директор.
Иә, расында да, көп мұражайлар қояр­ға экспонат таппай жатса, Сәкеннің үйін­дегі заттар көрмеге тартар орынның жоқ­ты­ғынан келушілердің назарынан тыс, қа­раңғы бөлмеде қалып тұр. Мұражайды кеңейту үшін қажетті жер телімі де жоқ емес. Қазіргі тұрған екі ағаш үйдің арасы мен Сәкен ескерткішінің арт жағында бір кеңселік орын бар. Тек Үкімет пен Астана әкімдігі қолдап, құрылыс мәселесін шешсе болғаны.

                                                    Саусағының ізі қалған жазу машинкасы (Мирзоян сыйлаған)

Роза Иманғалиқызының айтуынша, Сәкен мұражайының экспонаттарын то­лықтыруға кезінде Өзбекәлі Жәнібеков­тей ардақты азаматтың көмегі тиген екен. Сә­кеннің көптеген дүниелерін сақтаған жары Гүлбаһрам қайтыс болғасын, оның сіңлі­лері бар затты Алматының Орталық мұра­жа­йына өткізіпті. Бірақ көрмеге қойылмай, қоймада жатса да, Орталық мұражай сол зат­тарды сұратқан Целиноградтағы Сәкен үйіне бермейді. Осы жайтты Роза Иман­ға­ли­қызы Өзбекәлі Жәнібековке Сәкен мұ­ражайын келіп көрген кезінде айтады. «Аса ұстамды, мұражай жұмысын жақсы білетін кісі екен. Көп ұзамай министрліктің арнайы шешімін шығартып, Сәкеннің он шақты дүниесін, ішінде әйгілі темір кере­уеті де бар, Орталық мұражайдан бізге алдырып берді. Асыл азаматтың бізге де осындай шапағаты тиді», – деп еске алады Роза Асылбекова апамыз.

Р.S.
Мұндай қайраткерлер қазір де бар ғой, солардың назары түсіп жатса, кім біледі, Сәкеннің мұражай үйі де кеңейіп, келушілерін барша сән-салтанатымен қуантатын күн де туып қалар дейміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста